Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашаршылық жылдарының ақтаңдағы

Ашаршылық жылдарының ақтаңдағы

Ашаршылық қасіреті адамзат дамуын бірнеше ғасырға тежеп, миллиондаған адамның өмірін жалмады. Біз бүгінде бұл тақырыпта ізденіс жұмыстарын жүргізсек, архивтік құжаттар мен тарихи деректерден ата-бабаларымыз жантүршігерлік оқиғаларды бастан өткергенін сезінеміз. Адам адамның етін жеуін немесе жан сақтау үшін құрт-құмырсқаны талғажау етуін көзбен көрмек түгілі, ойлаудың өзі қорқынышты.

Ашаршылық нәубеті қасиетті Сыр даласын да айналып өтпеді. Шіркейлінің киелі топырағын атақоныс еткен Сармолда бабамыз сол қиын-қыстау кезеңде өмір сүрген екен. Жоқшылық. Таршылық. Ішерге ас, киерге киім жоқ ауыр кезең. Сол Сармолдадан Метиірбат пен Зейірбат деген екі бала тарайды. Жақында редакцияға осы әулеттің ұрпағы, бүгінде өзі де зейнеткерлік жасқа жеткен Жұматай есімді кісі келді. Айтуынша, аудандық газетті үзбей оқиды екен. Жақында өлкетанушы Жәнібек Маханбеттің жергілікті басылымда жарияланған «Ашаршылық бізге не жегізбеді?» тақырыбындағы мақаласын оқыпты. Сөйтіп ашаршылықтың ауыртпашылығын қатты сезінген аталары туралы деректерді жинақтап, бізге алып келіпті.

– Әкемнің аты – Үбіхожа. Зейірбат ағасы болғанымен бізге өте қамқор болды. Ол кісілер сол 1885-1809 жылдардың тумасы. Қазір нақты дерек те қалмады. Бірақ көзкөргендер әкелеріміздің ашаршылық жылдарында халыққа көп шапағатын тигізгенін біледі, айтып отырады, – деп бастады Жұматай аға әңгімесін.

Біз де қолындағы бір жапырақ қағазға үңіліп, әулет тарихымен таныса бастадық. Әңгімені әріден бастаған ардагер сөзін сабақтай түсті.

– Үлкен кісілер әкемізге ол кезде ашаршылықтан ер-азаматтар өмірден ерте өткенін, аналарымыздың байға жалданып жұмысшы болып, бала-шағаны асырап адам қылғанын айтатын. Біздің де арғы аталарымыз басынан осындай ауыр тағдырды өткерген. Мұны жақында Райымбек Шоқатаев есімді қариядан жазып алдым. Сол естелікті сіздерге әкелдім. Мүмкін жарияларсыздар, – деді Жұматай Үбіхожаұлы.

Естелікке зер салсақ, расында да күрделі кезеңнің қиындығы баяндалыпты. Райымбек Нұғманұлы Шіркейлі ауылының ашаршылық жылдарындағы тарихын зерделей келе, Зейірбат Сармолдаұлының елді аштықтан аман сақтау жолындағы атқарған жұмысын жазыпты.

«Ашаршылық еңсесін езіп жіберген ата-бабаларымыздың рухы мықты болғанына таңғаламын. «Оны айта берудің енді қажеті бар ма?» дейді біреулер. Бұл – тарих. Оны жастар білген сайын, бейбіт күннің, бардың қадірін түсінеді деп ойлаймын. «Ер жеткен соң байдың малын бақтық, егінін егіп, алған жалақымызға өлместің күнін кешіп тіршілік еттік» деген әңгімелерді біздің замандастарымыз аталарынан, әкелерінен естіді деп ойлаймын. Иә ол кезде іске жарамдының барлығы қоғамдық еңбекке белсене аралас­ты. Мысалы мен «Шіркейлі» каналын қазғанда басынан аяғына дейін болдым. Кейіннен «Қожаарық» каналын қазғанда да басынан бастап араластым. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Бидай, күріш, тары егу үшін жерді қолмен ашып, оны кетпенмен тегістеу, дәнді себу, суару, ору жұмыстарын атқардық. Қыста малдың күтімі де мойынымыздағы міндет еді. Осы істің бәріне Зейірбат ақсақал ұйытқы болып, үлкенге демеу, кішіге қамқор болды. 1932-1933 жылғы ашаршылықта біздің ағайындардан ешкім ешқайда кеткен жоқ. Себебі Сармолда баласы Зейірбат аң-құс аулап, балық ұстап, ағайындарды аштықтан аман алып қалды» – деп жазады Райымбек Шоқатаев.

Отан соғысы басталған жылы жұртшылық өкіметке астық, май, ет, жүн салығын өткізуге міндеттеледі. «Қызыл керуенді» жүргізу де күн тәртібінен түспейді. Осындай сындарлы сәтте, қысылтаяң шақта Қожаарықтың көпірін су шайып кетіпті. Енді не істеу керек? Салық мезгілінде өткізілмесе, арты жақсы болмайды. Ол кезде тәртіп өте қатал. Сол жағдайды түсініп Зейірбат ақсақал қасына біраз адамды ертіп алып, үйіндегі ағаштарды тиетіп, түнде айдың жарығымен жұмыс істеп, азанда көпір дайын болыпты. Бесөзек ауылдық советтің төрағасы Тұңғышбаев азаматтардың қажырлы еңбегіне риза болып, елдің атынан ризашылығын білдіріпті. Сол көпір қазір «Зейірбат көпірі» деп аталады. Көпірді халық көп жыл пайдаланды. Орны әлі бар екен.

Ашаршылық жылдарының ақтаңдағын терең сезінген азамат соғыс жылдары да уақытпен санаспай, күні-түні жұмыс істеп, кемпір-шал мен әйел, бала-шағаға бас-көз болыпты.

– Менің есімде 1947-1948 жылдары болуы керек, «Қумола» деген жерге бидай егетін болып, біраз адам жиналды. Бәрін Зейірбат бастап жүрді. Соның ішінде естиярлау балалардан Қайрақбай Абпазов  екеуміз болдық. Дәмеш, Ұлболған шешеміз төртеуміз Зейірбат әкеміздің шапқан шеңгелін сыртқа шығарып үлгере алмадық. Өте епті, қарулы кісі еді. Шаршауды білмейтін. Кейде ойлаймын Алла Тағала өзі осындай азаматтарды сындарлы кезеңде жаратады-ау. Өйткені Зейірбаттай азаматтар болмаса, ашаршылықтың да ауыртпашылығы арта түсер еді. Оны Шіркейлінің байырғы тұрғындарының «Зейірбатжүрген жерде аш болмаймыз» деп айтып отыратыны дәлел. Иығынан кетпенін, қосауызды мылтығын тастамайтын еңбексүйгіш жан 1951 жылы қайтыс болды, – деп түйіндейді Райымбек Шоқатаев өз естелігін.

Ашаршылық кімге де болса оңайға соққан жоқ. Талай отбасының отын сөндіріп, жалғызынан айырды. «Ашаршылық жылдары өмір сүрудің өзі – ерлік» депті бір мақаласында көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев. Осы ретте қиын кезеңде елге пана болған Зейірбаттай тұлғаның ұрпақтары жақсы адамның халыққа тигізген шарапаты, еңбегі еленіп, Шіркейлі елді мекенінен бір көшенің аты берілсе деп ойлайды.

А.Ибрагимұлы
Фото: ашық дереккөзден
18 қараша 2023 ж. 141 0