Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи тұлға – Құнанбай

Тарихи тұлға – Құнанбай

Атағы жер-жерге жайылып, көпшілік мадағына ие болған Абай жұрттың мақтанына елітіп әкесі Құнанбайға «Әке, мен сенен асып түстім. Сен жетпегенге жетіп, болыс сұлтаны да болдым» десе керек. Сонда өзінің ақылдылығымен талай дауды әділ шешкен Құнанбай «Мықты болсаң, өзіңнен асқан ұл туғыз, сонда мықтымын десең болады» деген екен. Расында да, Абайдың Абай болуына Құдайдан кейін себепкер әкесі қажы мен анасы Ұлжан болса керек. Ендеше 10 тамыз – Абай күні қарсаңында Абай Құнанбайұлын асыра мақтамас бұрын, Құнанбай Өскенбайұлы туралы бірер ауыз сөз айтпақпыз.

Құнанбай кім? «...Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған» деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы. «Қарадан шыққан хан» атанып, қылыштай өткірлігімен, қатал талапшылдығымен, әділ төрелігімен даңқы шыққан ол Өскенбай бидің бәйбішесі Зереден ту­ған Құттымұхамбет, Тайбала есімді ұл балалардың және бір қыз баланың ортасындағы екінші ұл. Көп деректе 1804 жылы туған деген ақпарат кездескенімен, нақты күні, айы еш жерде жазылмаған. Тарих беттерінде Зере анамыз аяғы ауырлап, ай-күні жақындағанда ерекше түс көргені, түсінде Өскенбай бидің алтын сақаны иіріп отырғаны айтылады. Мұны естіген үлкендер жағы түсті жақсылыққа жорып «Өскенбай иірген алтын сақадай аймаңдайлы ер бала дүниеге келеді» деп топшыласады. Айтса, айтқандай сәт сағаты туғанда дүниеге Құнанбай Өскенбайұлы келіп, ол тарихи тұлғаға айналады.

Жастайынан зерек болған ұл әкесі Өскенбай сапарға кеткенде әділдік іздеп келген адамдардың да­уын тыңдап, әділ төрелігін айтатын болған. Оған екі жақ та риза болып қайтатыны да тарих беттерінде жазылған. Осылай жастайынан әке көріп, оқ жонған, әділ төрелігін айтқан Құнанбайды халық та лайықты бағалап қажылыққа барғанша «мырза» деп атаған. Оның мәні біріншіден, ақыл сұрағанға адал билігін айтқан туралығы болса, екінші жағынан, бастапқыда өзі қарапайым тұрмыста болғанымен, кедей-кепшіктен мал мен киім-кешегін аямайтын жомарттығы, мырзалығы өз алдына болған.

Десек те, Құнанбай Өскенбайұлын сөз еткенде «қазақтың өткен тарихы мен әдебиетінде өзінің лайықты бағасын ала алмаған тұлға» деген көзқарас пен дәлелді пікір ғалымдар арасында кеңінен талданған. Тіпті кей ғалымдар шын өмірдегі Құнанбай мен Құнанбай образы мүлде екі бөлек деген ойды қуаттайды.

Оқырман қауымға белгілі, «Абай жолы» эпопея­сында Құнанбай бейнесі зорлықшыл, жуан, бай, жағымсыз образда бейнеленеді. Бұл туралы көп ғалымдар өз нұсқаларын ұсынады. Олай жазылуы­­на бірден бір себеп Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» жазған уақыттағы идеология, саясат, цензурадан «бай манапты мақтады» деп өткізбей қалу қаупі туғаны үшін солай бейнелеген деген де дәлелдер кездеседі. Десек те, қолда бар, ғылыми айналымға енген көп дерек Құнанбай қажының өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған ақылды да зерек, шешен адам, аға сұлтан болып ел билеп, халқының қошеметіне бөленген тарихи әрі ірі тұлға екенін айтады. Біз де осы пікірді қуаттай түскіміз келеді. Не десек те, әуелі старшын, одан соң аға сұлтан, тіршілігінің соңында «қажы» атанған, патшалық самодержавиенің хорунжийі, ерекше еңбегі мен сенімділігі үшін бірнеше алтын-күміс медаль таққан Құнанбай Өскенбайұлының бейнесі бір ғана мақаламен яки әңгіме, тіпті бір кітаппен тәмам болатын әңгіме емес. Құнанбайдың оқырман көкейінде қалған әсері бөлек, ал оны өшірмейтін бір құдірет бар. Ол – Әуезовтің құдіреті, таланты, ерекше қабілеті. «Абайды Абай қылған – «Абай жолы» деген пікір де бар екені әдебиет әлеміне жақын жандар үшін белгілі.
Құнанбай қажы туралы аңыз-әңгімелер, тарихи деректер көптеп кездеседі. Оның әділдігімен, туралығымен, тапқырлығымен айтқан сөздері мен ел-елдің арасын бітістіргені туралы деректер жетерлік. Соның бірінде Құнанбай қажының атақты Қалжан ахуннан бата алғаны туралы айтылады. Сыр өңірі – тарихи тұлғалардың, баһадүр батырлардың, дүлдүл ақындар мен қараңғы қазақ көгін дінмен тазартқан молда-ишандардың туған елі. Осындай қайраткер, тарихи тұлға Қалжан ахун Бөлекбайұлынан әйгілі Құнанбай Өскенбайұлының өзі арнайы іздеп келіп, дуалы ауыз ахуннан бата сұрағанын бірі білсе, бірі білмес. Оқиға желісі былай өрбіген.

Шыңғыстау халқының алдынан өтіп, батасын алып Меккеге екінші сапарына жолға шыққан Құнанбай қажыға Жібек жолы бойын жағалап, Сыр елінің тұсынан өте бергенде қасындағылар бұл елде бірнеше ғылымды қатар меңгерген, аузы дуалы Қалжан есімді азамат барын айтады. Оны естіген Құнанбай ат басын бұрады. Келе Қалжан ахунға «Менің сүйегім Меккеде қалса, Пайғамбар жатқан жерде өліп кетсем, арманым жоқ. Осыған бата бер» деп қолқалайды. Құнанбай қолқасының ыңғайсыздығынан бұған дейін сөзден қысылмаған Қалжан ахун іркіліп қалса керек. Сонда мән-жайға куә болып, бұлардың қасында тұрған Қалжанның ағасы Бозжан рұқсат сұрап, «Ер тілегі болса, қалсын. Ел тілегі болса, келсін» деп бата берген екен. Содан елі тілеуін тілеген Құнанбай екінші қажылықтан аман-есен оралған екен.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Абай ақын тағ­дыры да, Құнанбай қажы тағылымы да бір мақала түгел, бір кітаппен қорытып беретін дүние емес. Дегенмен, Құнанбайдың қаталдығы, талап­шыл­дығы, қара қылды қақ жарған әділдігі болмаса, ұрпаққа есімі тек болып қалмас па еді деген ой ке­леді кейде. Ғылыми деректерге сүйенсек те, солай.

Айтпақшы, сөз басында айтып өткен оқиғадан соң Абайдың қос ұлы құрт ауруына ұшырап қайтыс болған. Сол сәтте құса болған Абай әкесіне артық айтқанын түсініп, өкінген екен деседі. Әке баласын қарғамас болса керек, «Абайдан асқан ұл туғызсын» дегені әкенің бір жағынан сыны, бір жағынан әлі де шала, жас баласын қамшылауы секілді. «Әкеден ұл туса, әке жолын қуса» деп тілек етеді бұндайда дана халқымыз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
08 тамыз 2023 ж. 378 0