Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Қызыл қырғынның» құрбаны

«Қызыл қырғынның» құрбаны

Өткен ғасырда ста­линдік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қа­уымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қа­­малып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бо­йынша отарланған ұлт­тың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін көзі ашық, ­саналы азаматтары­ның барлығы да қуғынға түскен.

Президентіміздің Жарлығы бойынша елімізде 31 мамыр – саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек.

Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ашар­­шылық қазақ даласында бірінші 1929 жылы болып, кейін 1932 жылы қай­та­ланған. Алғашқы ашаршылықта бір­неше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштық­тан көз жұмды. Ал қырылғаннан аман қал­ған­дары жан сақтау мақсатында басқа елдерге босып, тозып кетті. Мұның бар­лы­ғы қазақ даласына жасалған аса ауыр қиянат болатын.

1930-1937 жылдары ел басына түс­кен ауыртпалықтан талай шаңырақ шай­қалды. Мұндай ауыртпалық біздің Ажар әулетінің басына да төнді. Қоралы елдің бетке ұстаған басшысы Ажар жас күнінен әділдігімен, сөзтапқыш шешен­дігімен дүйім ел арасында зор беделге ие болған еді. Қиын кезеңде өмір кеш­кен қарттың артында Әбіш, Ыбыраш, Әбділдә, Бәйділда, Әбдірамандар қалды. Енді ғана ат арқасына мінген Әбіш қайтыс болды да, шеттей бала­ларды бытыратпай бас-көз болып өсіру тауқыметі 17 жасар Ыбырашқа түсті. Атадан қалған жалғыз қотыр тай кімге жетсін? Қиындық басына түскен отбасының басшысы Ыбыраш күн көрістің әрекетін жасады. Ауылға жақын жердегі Паской деген Ноғайға жалданып, інілері талғажау ететін күн­көрісті тапты.

Ол кезде егін егіп, оты­рықшылыққа үйрене қоймаған елдің не­гізгі тіршілігі мал өсіру ғана болған. Жылдар өткен сайын Ажаровтар әулетінің бірсыпырасы ер жетіп, еңбекке араласа бастады. Алдына бірді-екілі мал бітіп, тұрмыс таршылығы аулақтай түсті. Отбасының басы Ыбыраш та үйленіп, үбірлі-шүбірлі ұл-қызды болды. Ата жолын қуып, ол да ауыл аймақтың сыйлы азаматы атанды. Ел арасында қара қылды қақ жарып, әділдікті айтатын төреші болды. Әрине, ел екінің бірін мойындап, мақтан тұтпайтыны белгілі. Олай болса, Ыбыраш сияқты азаматтардың ауыл құрметіне бөленуі – ақылдылығы, көр­генділігі болар. Оның отбасында Тө­леген, Жақып, Бібіжан, Сансызбай, Әжі­кен, Сапар, Бекзадалар ер жетті. Әсі­ресе, Жақып пен Сапар алғыр бо­лып, зе­йін­ділігімен көзге түсті. Бірақ олардың қай жердегі мектепте оқығаны жайлы де­рек жоқ.

Бір күні облыс орталығынан еліміздің жоғары оқу орнына түсуге балаларды іріктеуге келген комиссияның назарына ілікті. Комиссия Тереңөзек ауданының орталығынан Асқар Тоқмағамбетов, Есен­бай Арысбаев пен Жақып Ажаров­қа Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түсуге, ал Сапар Ыбырашевке Архангельск ауыл ша­руа­шылығы институтына жолдама береді. Бірақ 1-2 жылдан кейін А.Тоқ­мағамбетов пен Е.Арысбаевтар оқуды тастап кетеді де, Жақып Ажаров САКУ-ды бітіріп, елге оралады. Білімді азамат 1928 жылдан бастап Қазалы ауданында совет органдарында жұмыс істеп жүріп, Арал аудандық халық ағарту бөлімінің инспекторлығына ауысады. Көп ұзамай ол жиырма жастағы Бибізада әжемізге үйленеді. Сөйтіп, отбасылы болып, одан әрі қарай елдегі сауатсыздықты жою жолында тынымсыз еңбек етеді. Бұл кезде інісі Сапар Ыбрашев та Архангельскіден инс­титутты бітіріп, Арал аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына экономист болып орналасады.

Отыз жетінші жылдың алғашқы күнінен бастап-ақ, Арал, Қазалы аудандарында аласапыран басталғаны белгілі. «Халық жауы» деп кінә тағылғандар қатары көбейе түскен кез еді бұл. Әр отбасының ер-азаматтары жазықсыз өлім жазасына кесіліп, он жылға сотталып жатты. Жүрек етінен жаралған бауырларынан айырылғандардың күңіреніп, әуре-сарсаңға түскенін айтып жеткізу де мүмкін емес. Талай абзал азаматтар, партия, совет қызметкерлері опат болды. Мұндай қаралы хабарлар Тереңөзектегі Ыбыраш қарттың да отбасын айналып өтпеді. Ажал тырнағына ілінгелі тұрған балаларының ауылға қайтуын өтініп Арал мен Қазалыға хабар жіберді. Әке өтінішін балалары құптап, жолға жиналады.

Сол кезде Жақып аяғы ауыр әйелі Бибізада мен інісі Сапарды пойызға мінгізіп тұрып: «Мен де бір-екі күнде жетемін» депті. Ыбыраш қарт балаларының келгеніне қуанғанымен Жақыптың болмағанына іштей қауіптеніпті. Бірақ Бибізада мен Сапар әке көңілін аулап: «Көп уайымдай бермеңіз, Жақып Ленин, Сталин, Карл Маркс және Энгельстердің томдарын ауылға өзіммен бірге қалай жеткіземін деп уайымдап жүрген шығар» деп жұбатыпты. Сонда Ыбыраш бабамыз көмекке Құрманғали атамызды жіберу жөнінде шешім қабылдап, бұл ұсынысты отбасы мүшелері түгел қолдап­ты. Бірақ ертеңіне «Жақып халық жауы болып ұсталды» деген хабар келіпті. Мұны естіген сәтте Ыбыраш бабамыз есінен танып қалыпты.

Жақып Ажаровқа «Алашорда ұйымына қатысып, халық жаулары Бақтыбергенов, Тә­жі­­баев­тармен байланыс жасадың, Қызылқұм көтері­лісіне қатыстың, Совет үкіметіне және жаңа Сталиндік конституцияға қарсы өсек-аян таратып, насихат жұмысын жүргіздің» деп айып тағылады. Мұндай жалаларға ол: «Еш­­қандай ұйымға қатысқаным жоқ, еш­кіммен байланыс жасаған емеспін, өсек -аян тарат­қаным жоқ» деп жауап береді. Тергеудің соңында тергеуші: «1934 жылы ұсталып, сот­тал­­ғаныңыз рас па?» дейді. Оған Ж.Ажаров: «Сол жылы НКВД органдары пара алдың, ас­тық­ты талан-таражға салдың деп кінәләп 42-43 күндей қамағаны рас. Бірақ ондай қылмыс анық­­­талмағандықтан босатылдым» деген екен. Бұл деректерді мен Құрманғали атаның «Мен елі­­мді бағаладым, елім мені бағалады» кітабынан алдым.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, тергеу­ші­лер куәларды іздестіргенін аңғарамыз. Біздің қолымызда 1937 жылы 5 қазанда Арал ауданындағы №6 ауылдық советтің мұғалімі Есболсын Байғараев тергеуші Полиенкоға берген жауабы бар. Ол жауапты Есболсын Байғараев: «Мен мұғалім ретінде Ж.Ажаровты 1930 жылдан білемін. Ол конфескеленген байдың баласы. 1931-1932 жылдар шамасында алып-сатарлықпен айналысты. Мен оны совет адамы емес, біздің партия мен үкіметімізге қарсы дұшпандық жасаған контрреволюциялық топтың мүшесі ретінде білемін. Онымен мұғалімдік жұмысты бірге атқарып жүрдік. Ол коммунистік партия мен совет өкіметінің басшыларына риза еместігін жиі айтатын. 1937 жылдың қай айы екені есімде жоқ ол бір кездесуде: «Міне көрдің бе, жаңа конституция шықты, оның тек коммунис­терге арналғаны көрініп тұр. Ал халыққа оның ішінде қазақ халқына ештеңе де бермейді» деп ұлттықшылдық, контрреволюциялық көзқарас танытып, Қазақстанның Ресейден бөлінуін армандады» делінген екен. Бұдан біз Жақып бабамыздың ұлтжандылығын, азаттықты армандағанын байқаймыз.

Осы орайда тағы да бір тарихи мәліметке назар аударсақ. Аралтұз тресінің жұмысшысы Сағындық Ералиев өзінің жауабында Ж.Ажаровтың бай молданың (Ыбыраш оқы­маған адам) баласы екенін, оны 1930 жылдан білетінін, оның ауданның бұрынғы басшылары Бақтыбергенов, Айтөкеновтермен тығыз байланыс жасап, Қызылқұм көтерілісіне қатысқанын, сондай-ақ Қазалы ауданындағы №14 ауылдық советтің председателі болып тұрғанда (1931-32 жылдары) совет үкіметіне қарсы үгіт жұмысын жүргізіп, пара алғаны үшін сотталғанын айта келіп, ол Ж.Ажаровты ұлтшыл және халық жауы ретінде білемін деп қорытындылайды.

Жоғарыдағы тергеуде берілген жауаптардан жаланың негізсіз жабылғанын аңғару қиын емес. Жақып Ажаров тағылған кінәнің ешбірін мойындамайды. Ал тергеуші қылмысты дәлелдейтін еш айғақты көрсете алмайды. Сондай-ақ куәлар Байғазиев пен Ералиевтің жауаптары да қолдан ұйымдастырылып жасал­ғаны белгілі болып тұр. Өйткені жауаптары шындыққа сәйкес келмейді. Бірақ жазықсыз адамды жазалауға барлық күш жұмылдырылды. Одан-бұдан жинастырылған куәлардың айтуы бойынша төмендегідей айыптау қорытындысы шығарылған.

«Алашорда және де басқа дұшпандық элементтердің қол астына біріккендер бірнеше топтар мен ячейкелерге бөлініп, астыртын контрреволюциялық ұлтшылдық әрекеттер жасады. Бұл ұйымның Қызылордадағы филиалын «Жаманмұрынов, Мереев, Қожахметов, Кариндер басқарып, олар Қазақстандағы контре­волюяциялық орталықтың мүшелері Құлымбетов, Рысқұлов, Нұрмановтардан тапсырма алып, советтерге қарсы қызметінің өрісін кеңейте түсті. Сондай-ақ олар Троцкий, Каменев, Томский, Рыковтармен саяси байланыс жасаған».

Ал Ж.Ажаров өзінің контрреволюциялық ұлтшылдық қызметін мойындайды. Дегенмен, оның тергеуде анықталған материалдарына байланысты контрреволюциялық қызметі толық дәлелді деп есептелді. Міне, болмаған істі, жасалмаған қылмысты жасадыға санап, Жақып Ажаровтың ісі үштіктің қарауына берілді. Бабамыздың ісі қаралған сол сот мәжілісінің хаттамасы біздің қолымызда бар. Ол 1937 жылғы 15 қарашада өткен. Онда контрреволюяциялық, ұлтшылдық ұйым филиалының белсенді мүшесі болып, контрреволюциялық насихат жұмыстарымен айналысты деген негізсіз жаламен Жақып Ажаровты 10 жыл мерзімге еңбек түзеу лагеріне қамау жөнінде шешім қабылданған. Осылайша, Жақып Ажаров жазықсыздан-жасықсыз сотталып кетеді. Оның артында әкесі, інілері және әйелі қалады. Ұзақ мерзімге жасықсыз сотталып кетіп бара жатқан адамның бойын қандай қайғы-қасірет биледі десеңізші. Болашағынан көп үміт күттіретін жас негізсіз тұтқын атанғанын білетін ел-халық және артында қалған әкесі, інілері және әйелі жоғары орындардан көмек күтіп, сұрау салып, өтініш жаза береді. Алайда, ол өтініштер өкінішке орай орындалмайды.

1940 жылы 17 ақпанда алғашқы арыз об­лыстық НКВД-ға түсті. Оны оқыған облыстық УНКВД-ның бастығы Смирнов пен тергеу бө­лімінің бастығы Новиковтер Арал аудандық НКВД-сына хат жазыпты.

«Ажаровтан бізге арыз түсті, ол қылмысын мойындамайды. Бұрынғы куәлардың жауаптарында айғақ деректер жоқ, сондықтан тағы екі-үш куәдан жауап алып, салып жіберіңдер» делінген екен әлгі хатта. Содан тергеуші Бәйімбетов куә іздеп, Тереңөзек поселкесін шарлайды. Алғашқы кездескені Жамбыл кө­шесіндегі №2 үйдің тұрғыны Дүйсен Есқараев болады. Ол «Жақыптың әкесі Ыбыраштың иелігінде революциядан кейін 40-50 бас мал болды. Оны етке өткізді» десе, тағы бір куә Сыздық Шалбаев Ыбыраштың революциядан бұрын, одан кейін де малының болғанын айтады. Ал Мырзабай Тоқсейітов «Ыбыраштың малы көп болған, қазір ол №5 ауылдық советте үлкен баласы Төлегеннің қолында тұрады, Ыбыраштың інісі Әбділдә сол ауылдық советте секретарь болып істейді» деп жауап берген.

Осылайша Жақып бабамыз басқа түскен ауыртпалықтан қалай құтылудың жолын із­деп, жоғары органдарға өтініш, арыз жазуын тоқтатпайды. Ол 1940 жылы 13 желтоқ­сандағы СССР-дің ішкі істер Халық Комиссариатына жазған хатында былай дейді: «Мен 1903 жылы кедей малшының семьясында тудым. Совет үкіметінің тұсында оқыдым. 1928 жылы Ташкенттегі коммунистік универ­ситетті бітірдім. Мамандығым педагог. Мені 1937 жылы 5 октябрьде тұтқындап, әр түрлі контр­революяциялық ұйымға, Қызылқұм көте­рілісіне қатысып, 1934 жылы Қазалы ауданында жұмыс істеп жүргенде пара алды, ұрлық жасады деп, айып тақты. Олардың бар­лығы да ойдан шығарылған. Мен ондай қылмыстарды істеген жоқпын. Оны мойынға қоярлықтай дәлел жоқ».

Бұл арыз 1941 жылы қайтадан қаралып, Қазалы ауданының тұрғындары Төлеу Көкі­нов, Хамит Болатов, Өтеген Сатаев, Сергей Ко­ше­ловтерден жауап алынады. Барлығы да біртектес жауап береді. Куәлардың саны бұрын­ғыдан да көбейе түседі. Мұны ескерген облыс­тық прокурор Борожеев істі бұрынғы күйін­ше қалдыруға ше­шім қабылдайды. Бұл жағ­дайлар туралы Жақып бабамның інісі Әжі­кен атам былай деп есіне алып отырады екен.

«...Мен жастайымнан туған-туысқаннан жырақ өстім. Шетте жүрсем де ауыл арасындағы аласапыранды көзбен көріп жүрдім. Жақып жайында айтатын болсам, ол жанып тұрған жан еді. Жазықсыз ұсталып, арманда кетті. Мен ол кезде жас едім. Кейін Жақып сотталғаннан кейін әр жерде арыздарды көшіріп жазған мен едім. Одан ештеңе өнбеді. 1944 жылы Жақып ағамнан хат келді. Хатында «Мен босадым, бұл күндері лазаретте жатырмын. Аяқ басып жүруге дәрмен жоқ. Біреуің алып кетіңдер» депті. Ол кезде түрмеге бару үшін НКВД-ден рұқсат керек екені белгілі. Әкеміз Ыбыраш ауданға, облысқа шауып, ештеңе өндіре алмапты. Сексеннен асқан кісіде тағат болмайды, күнделікті уайымы Жақыбы болады. Күз айы болатын. Әкем Тереңөзек ауданы НКВД-сына тағы барса, ондағылар қарияны кеңседен қуып шығады, әбден ашуланған ақсақал аудан мен ауылдың арасындағы каналдың суына түсіп, тұла-бойын қармаған суықтан көп ұзамай қайтыс болады. Сөйтіп түрмеден босап шыққан Жақыптың артынан ешкім бара алмайды. Одан хабар-ошар болмады. Көп жыл күткен менің ойыма келіп қалар деген үміт қайта ұялады. 1948 жылы Жақыпты түрмеде қайтыс болды деген қағаз келді» деп айтып отырады екен Әжікен атамыз.

Жақып бабамыз 1927-1931 жылдар арасында Орта Азия Коммунистік университетінде Міржақып Дулатовпен бірге оқыған. Бұдан біз Жақып бабамыздың өте білімді кісі болғанын байқаймыз. Ол кісі партияның жолдамасымен Арал аудандық білім бөлімін басқарған. 1938 жылы «Халық жауы» деген жалған жаламен атылып кетті. Бірақ бертінде ақталды. Ұсталған кезін көргендер ол кісіні кең кеуделі болғанын, қасқыр ішік киген бейнесін айтады. Ертең қайтып босанатындай болып, алғашқыда қатты абыржи қоймаған. Дегенмен күндер, айлар өткенмен жылы хабар жетпеді. «Үш әріп» үмітті үзгені белгілі болды. Бірақ оның адалдығы, ешбір кінәсіздігі айдан анық еді. Алайда әлдекімдердің жалған жаласына ұшырап, мезгілінен ерте сөнді.

Әкімжан Әжікенов,
Ж.Ыбырашовтың
інісі Әжікеннің шөбересі,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

30 мамыр 2023 ж. 260 0