Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарих айнасы

Тарих айнасы

Мұражай – сан ғасырлардан жинақталған рухани құндылықтардың орталығы. Музей – мәдени-таным­дық туризмнің ең құнды ресурстарының бірі. Ол әр елдің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін танытатын құндылық. Көне жәді­герлер қоймасына айналған музейлер күні мамыр айының 18 жұлдызында атап өтіледі. Тарих қойнауынан сыр шерткен­ мәдениет ошағын келер ұрпаққа мұра ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар ел-халықпен бірлесе атаулы күнді атап өтеді.

Біз бүгінгі мақаламызда аудан көле­мін­дегі бірнеше музейді зерделеп, оқыр­ман қауым назарына ұсынбақпыз. Олар – Бес­арық ауылындағы ауыл мұражайы мен Нағи Ілиясов ауылында құрылған кү­ріш мұражайы.

Хронологиялық ерекшелігіне сай Бес­арық­­тағы ауыл музейіне бірінші тоқталып өткеніміз орынды. Тарихи-мәдени орта­лық туралы білу үшін мұражайдың қо­ғам­­дық негіздегі жетекшісі Жұмабай Бай­зақовпен сөйлестік.

– Ауыл мұражайы 2011 жылы бере­келі ауылымыздың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып, қолданысқа берілген еді. Содан бері тарихи жәді­гер­лердің мәдени ортасына айналған му­зей жергілікті тұрғындар мен ауыл қонақ­тарының рухани демалыс орталы­ғына айналды. Мұражай қоғамдық негіз­де жұмыс жасайды. Демеушілердің көме­гі­мен жөн­деу, толықтыру жұмыстары жүр­гі­зі­ліп тұ­ра­ды, – дейді мұражай же­тек­шісі.

Жұмабай Байзақовтың есімі аудан халқына жақсы таныс. Білім, мәдениет саласында басшылық қызмет атқарып, ауыл әкімі, аудандық мәслихат депутаты ретінде еңбегін сіңіре жүріп, Бес­арық ауылының тарихи қазіргі атауын қайтаруда елеулі еңбек еткенін де көп­шілік біледі. Өзі ғы­лыми зерттеу жұмыс­тарымен айналысып, бірнеше кітап жазып шыққанын да айта кеткеніміз жөн. Халықтың тарихын зерделеп, келешек ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген елжанды азамат қазіргі ауыл мұ­ра­жайында сонау ғасырлардан бастау ал­ған тарихи жәдігерлердің сақталып тұр­­ғанын айтады.

Бесарық ауыл мұражайында қазіргі таңда 330 экспонат бар. Онда төңірек тарихына қатысты деректер, қорықтар мен Кеңес үкіметі кезеңінен сыр шер­тетін тарихи мұралар жинақталған. Ұйым­дас­тырылып, өз жұмысын жандандырып ке­ле жатқан мұ­ражай 12 жылдан бері то­лықтырылып, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізушілерге негізгі дерек қоры болып қызмет етіп тұр. Мұражай 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында жаңа экспонаттармен толықтырылған.

Ал Нағи Ілиясов ауылындағы Күріш мұражайы 2021 жылы ашылған. Со­­­дан бері ауыл, аудан халқының рухани демала­тын, сырттан келген меймандар­дың ең бірінші бас сұғатын орнына ай­нал­ған. Келген қонақтарды экспонаттармен мұ­ражайдың ұйымдастырушысы Нұрмағанбет Қуандықов өзі таныстыра­­ды. Арнайы үлкен залы бар мұражай бұрынғы мешіт ғима­ратында орналасқан, бес бөлмеден тұ­рады. Әр бөлмеде бел­гілі реттілік бойынша жәдігерлер орна­­­­ластырылған. Оның ішінде мұнда соғыс ардагерлерінің орден, медальдары, куә­ліктері, ауыл халқының бұрыны­рақта қолданған заттары, келі, күбі, ауыл­­­дық округтің негізгі өнімі күріш егу, жинау кезінде қолданылатын құрал-жабдықтар, оның ішінде, кетпен, орақ, белорақ сияқты заттар сақталған. Қазіргі таңда мұражай жәдігерлерін толықтыру мақсатында үздіксіз жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Оның ішінде ауылдан шыққан ғалымдар мен еңбек ерлерінің тұрмыста тұтынған заттары, ресми құжаттар жи­нақталуда.

– Елді мекеннің даму кезеңінің Сыр­дың басты дақылымен байланысты болуына орай ауыл тарихы қамтылған орын «Күріш мұражайы» деп аталды. Н.Ілиясов ауылы үлгілі елді мекендердің көш басында. Ауылда Қазақстанның Ең­бек Ері, жанашыр азамат Абзал Ера­лиевтің демеушілігімен 2015 жылы жаңа мешіт бой көтерген болатын. Содан ке­йін бұрынғы мешіт ғимаратын осындай тарихи орынға айналдыруды жөн деп санадық. Ел азаматтарының қолдауымен жәдігерліктерді жинақтай отырып, мұра­жай өз жұмысын қоғамдық негізде бас­тады. Қазіргі таңда мұражай жұмысы жанданып келеді. Сырттан келген меймандар ең алдымен осы орталыққа бас сұғады. Бұл өңір тарихын тануда орынды. Мұражайымызға облыс әкімі бірнеше рет арнайы қонақ болды. Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, одан соң ауылымызға ат басын тіреген академик Асқар Жұмаділдаев қонақ болып, өңір тарихымен танысты, – дейді мұражай ұйым­дас­тырушысы.

Халық мұрасы жолында елеулі еңбек етіп жүрген Нұрмағанбет аға қазіргі таңда қоғамдық негізде жұмыс жасап тұрған мұ­­ра­жайды аудандық мұражай филиалы етіп құруды арман ететінін де айтып қалды. Ашылғалы үздіксіз толықтырылып келе жатқан мұражай жұмысы бүгінде жақ­сы жолға қойылған, алдыңғы қатарлы тарихи орындардың біріне айналған деуге негіз бар.

– Тарихты тұлғалар жасайды. Ал сол ел перзенттерінің ерен еңбегі мен өне­ге­­лі өмірін келер ұрпаққа насихаттау, жадында сақтау маңызды. Тарих пен елдің өткені жас ұрпаққа насихатталуы керек. Осы ретте музей халыққа қалт­қысыз қыз­мет көрсетеді. Сырттан келген мейман кез келген аймақтың тарихын, өткені мен бүгінін музейіне бас сұғу арқы­­­лы біле алады. Қазіргі таңда аудан көле­мінде алты қоғамдық негіздегі музей жұмыс жүргізуде. Оған аудандық тари­хи-өлкетану музейінің қызметкерлері әдіс­­­­­­те­­­­­мелік көмек көрсетіп, ұдайы бір­лесе жұ­мыс жасап келеді. Осы ретте тарихи орталықтың тек бір адамның жұмы­сымен, бір адамның еңбегімен құ­рыл­май­тынын айта кету жөн. Ол рухани мұра, көне­нің көзі. Сондықтан тұрғын­дар бұл игі мақсатқа атсалысып, үйінде тұрған, ата-бабаларынан қалған жәдігер­лерді сенім­­ді орын – музейге тапсырып, тарих­ты тағылымдауға үлес қосуы керек дегім келеді, – дейді аудандық тарихи-өлке­тану музейінің директоры Салтанат Қуандықова.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
20 мамыр 2023 ж. 282 0