Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таусылмас қазына

Таусылмас қазына

Сырдың күрең топырағында дүниеге келіп, дүйім елдің діңгегіне айналған діни қайраткерлер қаншама десеңші?! Олар өз заманының темірқазығы секілді жол нұсқаушысына айналды. Сыр бойындағы ислам ағартушыларының көрнекті өкілдерінің бірі – елге Тапал ахун деген лақап атпен танымал болған Нұрмұхаммед Қадырұлы. Ол қазақ даласындағы исламның дәруіштік-сопылық бағыттағы өзіндік орны бар тұлғалардың бірінен саналады.

Құлболды ишан, Сайыпназар және Тапал ахун – ислам ағартушыларының көрнекті ғұламасы Мәдіқожаның ұрпақтары. Діни қайраткер шамамен 1848 жылы қазіргі Сырдария ауданы Шіркейлі ауылы аумағында дүниеге келіп, 74 жыл ғұмыр кешкен. Әкесі Қадыр ишан – Құлболды ишанның шәкірті. Осы Қадыр ишанның тоғыз ұлының бірі Нұрмұхаммед жасынан зерек болып өсіпті. Әкесі баласының сауатын өзі ашып, 13 жасқа толғанда Бұқара қаласындағы «Мір Араб» медресесіне берген.

Нұрмұхаммед сол медресенің теология бөлімін 18 жасында үздік бітіріп, «ахун» деген атақ алып шығады. Елге келгеннен кейін мешіт ашып, бала оқытады. Ел арасында әділ билік айтып, ағайын-туманың татулығы мен елдің ауызбірлігін сақтауға айтарлықтай үлес қосқан.

Тапал ахуннан атақты шайыр Тұрмағамбет, Мұхамеджан ақын (Қалтай Мұхамеджановтың әкесі), Садық ахун, А.Тоқмағамбетов, халық ақыны Қ.Баймағанбетов, қоғам қайраткері Т.Дәуітбаевтар дәріс алған.

Тапал ахун деп аталу себебі, ол кісінің бойы аласа болса керек. Содан медреседе оқып жүргенде ұстазы қойған қандай сұрақ болмасын Нұрмұхаммед дереу дәлме-дәл жедел жауап беріп отырады екен. Мұнысына риза болған ұстазы: «Ә,Тапалым, жарайсың!» деп арқасынан қағатын көрінеді. Содан бастап Нұрмұхаммед аты аталмай Тапал болып, кейіндері дуалы ауыз ұстазының арқасында Тапал ахун аталып, халық ішінде осы атаумен танымал болады.

Тапал ахун медресені бітірген соң сонда қалып  біраз жыл дәріс беріп, тәжірибе жинайды. Ұстазының ризалығын алып, елге оралып қазіргі Шіркейлі кеңшары жерінде мешіт салдырып, бала оқытады. Бірте-бірте шариғатқа сүйеніп әділ билік айтып халыққа сыйлы, елге өте беделді болады. Пірлік етіп көптің көңілін табады, тақуалығы мен әділдігінің арқасында атағы жайылады. Өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеумен, диқаншылықпен айналысқан.

Сыр бойындағы ғұлама оқымысты ахундардың дүниеден ең соңғы озғаны – осы Тапал ахун. Ел ішінде сақталған әңгімелердің бірінде 1916 жылы Амангелді Иманов бастаған ақ патшаға қарсы көтеріліс кезінде соғыстың әділдігін дәлелдеп, пәтуа бекітуге батыр өзінің сенімді сарбаздарымен Омар Шипинді Торғайдан Сыр бойындағы Тапал ахунға жіберіпті. Тапал ахун: «Бұл соғыс – әділ соғыс» деп пәтуа шығарып беріпті деген әңгіме бар. Осының өзі оның өз заманында қандай ірі тұлға болғанын білдіреді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы А.Сайлаудың айтуынша, ахуннан сирек кездесетін 43 кітап қалған. Қазір осы құнды жәдігерлер Шіркейлі ауылындағы ұрпақтарының қолында сақтаулы. Нақтырақ айтсақ, осы ауылдың кітапханасында тұр. Шағатай, парсы, араб тілдеріндегі сирек дүниелер осыдан бірнеше ғасыр бұрын Үндістан, Сирия, Түркия елдерінде жарық көрген екен. Мысалы, «Ахтари Кабир» сөздігі Ыстанбұлдағы баспаханада 1826 жылы басылып шыққан. Ахуннан мұраға қалған кітап 1899 жылы Қазандағы императорлық университеттің типо-литографиясында жарық көріпті.

Тапал ахуннан қалған сирек кітаптар мен қолжазбаларын зерттеу бүгінгі күннің міндеті болып қала береді. Ғұлама ғалымның сүйегі Шіркейлі ауылынан оңтүстікке қарай 10 шақырым жердегі бейітке жерленген. 


Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»
15 ақпан 2023 ж. 354 0