Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарапшы: 30 жылдардағы ашаршылық әлі де зерттеуді қажет етеді

Сарапшы: 30 жылдардағы ашаршылық әлі де зерттеуді қажет етеді

Қазақ халқына үлкен қасірет әкелген нәубеттің ұрпақ денсаулығына да тигізген кесірі, саяси-экономикалық және әлеуметтік салдары анықталуы керек. Америкалық зерттеуші, профессор Сара Камерон осылай дейді.

Қазақ даласындағы нәубетті он жыл зерттеген америкалық профессор Сара Камерон «Ашаршылық жайлаған дала, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату» кітабының авторы. «Ұмытылған Кеңестік ашаршылық» деген мақаласы да АҚШ-тағы белді басылымдарға шыққан. Профессор Украина голодоморын 80-ші жылдары Конгресс зерттеп, 2015 жылы Вашингтонда оның құрбандарына арналған мемориал ашылды. Ал қазақ ұлтына жасалған қастық Батыс елдерінің назарынан неге тыс қалды, деген сауал тастайды. Ол қазақ халқы ашаршылықтан ең көп зардап шеккен ұлт екенін айтады. Әсіресе, нәубеттің салдары бірнеше ұрпаққа да тигенін зерттеу артық етпейді дейді.

Сара Камерон, «Аштық жайлаған дала» кітабының авторы:

– Мұндай зерттеуді бастағысы келетін адамдарды білемін. Оған эпидемиология және денсаулық сақтау саласындағы білікті мамандарды да тарту керек. Мысалы, ғалымдар аштықтан зардап шеккендердің ұрпағы әлсіз, бойлары қалыпты мөлшерден қысқа болатынын дәлелдеген. Мұндай зерттеулер Ленинград қоршауында қалғандар жайлы материалдарда, Голландиядағы кейбір ашаршылықтар туралы демографиялық деректерде бар. Жалпы «Екінші ұрпақ» ұғымы бойынша аштықтан аман қалғандардың ұрпағы аштықты бастан өткермесе де, жүрек ауруларына, әртүрлі қатерлі сырқатқа бейім болуы мүмкін. Бірақ менің білуімше, Қазақстанда мұндай зерттеу іс жүзінде жүргізілмеген. Зерттеу жасау ұлт үшін өте маңызды деп ойлаймын.

Жалпы Қазақстандағы ашаршылық туралы деректер батыста көп емес. Кеңес үкіметінің тарихын зерттеген ғалымдар да жалпылама біледі. Ал Сара Камеронның он жылдық еңбегі Батыс әлемі үшін құнды деректерге толы болды. Дегенмен, әлем ашаршылық туралы Украина голодоморы секілді білуі үшін нақты қадамдар жасау керек. Алдымен Украина мен Грузия сияқты кез келген зерттеушіге архивтерді ашу қажет. Әлі күнге дейін ашаршылықтан қанша адам өлгенін әркім әрқалай айтып жүр. Сондықтан әр өңір, қала, аудан тіпті ауылға дейін зардабы анықталуы тиіс. Кешенді зерттеулер ғана зұлматтың демографиялық ақпараттық картасын жасауға мүмкіндік береді.

Сара Камерон, «Аштық жайлаған дала» кітабының авторы:

– Қазір ашаршылық Қазақстанда және батыста тарихи оқиға ретінде зерттелуде. Егер нақты демографиялық деректер болса, сіз ашаршылық тақырыбына шын мәнінде әлем ғалымдарының оның ішінде әлеуметтік ғылым саласы мамандарының назарын аудара аласыз. Мысалы, мен саясаттанушы және экономисттерден жылына бірнеше рет хат аламын. Олар «Украина жағдайына қатысты жақсы демографиялық деректер бар екенін білеміз, Қазақстан туралы зерттеу жүргізгім келеді, демографиялық деректерін қайдан аламын», деп сұрайды. Өкінішке қарай ондай кешенді жұмыс істелмегенін айтамын. Сондықтан ғылыми жұмыстарға көбірек көңіл бөліп, өлім-жітім туралы қосымша зерттеулер жүргізу өте маңызды.

Украинадағы голодомор жайлы мәліметтердің әлемдік деңгейде кең таралуына АҚШ-тағы жоғары оқу орындарында арнайы зерттеу институттарың ашылуы да тікелей әсер етті. Оны мемлекет қана емес, шетелдегі украин диспорасы да демеп отыр. Бірақ, батыста қазақ жеріндегі ашаршылықты арнайы зерттейтін бірде бір орталық жоқ.

Сондықтан шетелдегі қазақтар да шет қалмай, зұлмат жылдар жайлы тарихи шындықтың ашылуына және кең тарауына ықпал етуі тиіс, – дейді ғалым.

18 желтоқсан 2022 ж. 316 0