Қуғын-сүргін құрбандарының ақталмағаны көп
Қазақ азаттыққа қол жеткізгенше талай нәубетті бастан кешірді. Ұлт болып қалыптасу үшін көтерілістерге шықты, одан кейін бодандықтың құрсауында ашаршылықты да көрді, екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысты. Міне, осындай қиын кезеңдерде көптеген қазақ саяси қуғын-сүргін құрбанына айналды, жер аударылды, ату жазасына да кесілді. Нәубетті шақта оларды «халық жауы» деп санап, ұрпақтарына дейін қастандық жасалғаны тағы бар.
Сұрқия саясаттың құрбанына айналған жандар туралы айтуға да болмайтын заман болған. Соның салдарынан олардың кейбірі көмусіз қалып, ізім-ғайым жоғалып кеткен. Тіпті, саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған адамдар жайлы ақпарат та көп емес. Міне, осының орнын толықтыратын уақыт жетті. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осыдан 2 жыл бұрын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Содан бері ел төңірегіндегі, көршілес мемлекеттердегі архивтер ақтарылып, жергілікті халықтармен кездесулер ұйымдастырылып, қуғын-сүргін құрбаны болғандарды іздестіру, ұрпақтарын табу, оларды ақтауға қатысты жұмыстар жүргізілуде.
Осы ретте, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі» облыстық штаб мүшелері ауданға келіп, көшпелі семинар өткізді. Кездесуде ауданның зиялы қауым өкілдерімен, саяси жағдайдың құрбаны болғандардың ұрпақтарымен өзара пікір алмасып, қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты мәселелерді тыңдады.
Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов ашып, жүргізіп отырды. Кездесуге облыстық штаб мүшелері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақов, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы, (PhD) философия докторы Дәулет Омаров қатысты.
Алдымен, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы аудандық штабтың атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Аудандық жұмысшы топ 13 адамнан құралып, жұмыс жасау үшін Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің Сырдария аудандық филиалынан жұмыс орны дайындалған. Осы жерде штаб жұмысы үйлестіріліп, аудан көлемінде іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
– Біз аудан бойынша ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтау мақсатында аудандық «Тіршілік тынысы» газеті мен әлеуметтік желіге хабарландырулар бердік. Сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдіктері арқылы тұрғындардан арнайы сауалнама алынды. Соның нәтижесінде, ақталмаған 4 саяси қуғын-сүргін құрбанының есімі анықталды. Олар: Нұртаза Олжабаев (Шіркейлі ауылы), Ақбергенов (Шіркейлі ауылы), Әнеш Қараманов (Айдарлы ауылы) және Дүйсенбай Рахметов (Айдарлы ауылы). Сонымен қатар жұмысшы топ мүшелерінің іздестіруімен тағы да 7 қуғын-сүргін құрбанының есімі белгілі болды. Атап айтқанда, Қараман Байдосов (Тереңөзек кенті), Ералы Сәрсенов (Тереңөзек кенті), Жанұзақ Мірахметов, Данияр Досжанов, Тәттібай Әбілдаев (А.Тоқмағамбетов ауылы), Әлментай және Өлментай Қауышовтар. Осы аталғандардың кейбірінің ұрпақтары табылса, кейбірі туралы ақпарат жоқ. Одан бөлек, Шаған ауылына жер аударылып, қуғын-сүргін құрбаны болған Хабибат Хаджиеваның да есімі анықталды. Алдағы уақытта жұмысшы топ мүшелерінің қатысуымен осы қуғын-сүргін құрбандарын қайта анықтау қажеттілігі туындап отыр, – деді Бейбіт Есенгелдіұлы.
Көшпелі семинарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих» кафедрасының меңгерушісі Айтжан Оразбақов облыстық штабтың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Тарих ғылымдарының кандидаты барлық архивті ақтарып шығу мүмкін еместігін, соған орай көшпелі семинар ұйымдастырып, аудандардан есімі ақталмай жүрген қуғын-сүргін құрбандарын анықтауды мақсат еткендерін атады.
– Ашаршылық жылдар, халықтың репрессияға ұшырауы салдарынан көптеген ұлт зардап шекті. Біз облыстық штаб мүшелері сол кезеңдердегі елге жер аударылған өзге ұлттар санын анықтадық. Өңірімізге 50 мыңға жуық кәріс ұлты келген екен. Сондай-ақ 20 мыңнан аса шешен ұлты біздің өңірге қоныстанған. Соғыс жылдарында басқа да ұлт өкілдері Сыр өңіріне тұрақтаған. Жалпы, біз құқық қорғау органдарының архивтеріне кіруге мүмкіндік алдық. Сол жақтан мәліметтер табылуда. Мәселен, соғыста тұтқында болып, қан майдан аяқталғаннан кейін елге келген 700 қызылордалық болғаны анықталды. Одан бөлек басқа да қызықты деректер табылып жатыр. Бірақ олардың барлығын қарауға уақыт керек. Сондықтан штаб мүшелері тиісті жұмыстарды атқаруда. Десе де біздің тараптан соғыс кезеңінде тұтқында болған жандарды ақтауға қатысты ұсыныс берілуде. Одан соң репрессияға ұшыраған адамдарды көмген жерлерді анықтау – негізгі мақсатымыз. Өйткені, жазықсыз жапа шеккендерді бір жерге көміп кете берген. Өңір төңірегінде ондай жерлер көп. Сондықтан біздің жұмыстарымыз осы бағытта өрбуде, – деді Айтжан Жұмабайұлы.
Сөз кезегінде облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Дәулет Омаров та тың ақпаратпен бөлісті. Бөлім басшысы ХХ ғасырдың басы мен орта тұсына дейінгі аралық халық үшір қасіретті кезең болғанын айтты. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азаматтық соғыс, ашаршылық, бай-манаптарды тәркілеу, дін адамдарын қудалау, Ұлы Отан соғысы халықты қажытты, қалжыратты. Осының салдарынан халқымыз мәжбүрлі түрде бас сауғалап, жан-жаққа кеткен, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Міне, осындай жағдайдың құрбаны болғандарды ақтау үшін бүгінде өңір халқымен арнайы кездесулер ұйымдастырылып жатқанын айтқан (PhD) философия докторы аудандарда бірқатар орындар анықталғанын жеткізді.
Мұнан соң кездесуге қатысқан аудандық штаб мүшелері мен саяси жағдай құрбандарының ұрпақтары ұсыныстарын жеткізді. Алдымен, Қараман Байдосовтың ұрпағы Айту Байдосов өзінің атасы туралы мәліметтер таба алмағанын жеткізді. Тек бай, би болғаны анық. Бай-манапты тәркілеуде Орынборда тұтқында болған. Одан кейінгі деректер жоқ. Бір анығы, қазір аудан төңірегінде «Қараман ағашы» деген жер бар. Сондай-ақ соғыс кезінде тұтқынға алынған әкесі Әнеш Байдосов туралы да ақпаратқа қанық болмай отырғанын жеткізді. Одан кейінгі кезекте Рақымжан қажы Бәйменов те өзінің ағайыны туралы мәліметтерге қол жеткізе алмай отырғанын атады. Ал аудандық штаб мүшесі Жәнібек Маханбет ақталуы тиіс бірқатар азаматтың тізімін атап көрсетті.
– Халықтарды жер аудару кезінде пойызбен алып келе жатып әрбір станцияға тастап кете берген. Мәселен, қазіргі Қалжан ахун мешіт-медресесінің жанында кәрістердің белгілі тәртіппен көше салып мекен еткен тұрағы бар. Одан кейін Тереңөзекте, А.Тоқмағамбетов ауылында да кәрістер тұрған. №8, №9 және Қараөзек станцияларында да кәріс ұлтының өкілдері мекен еткен. Кейіннен өз жерлеріне көшіп кеткен. Бұл сол кездегі қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың қандай қиыншылықтарды бастан өткергенін білдіреді. Тағы бір мәселе бар. Қараөзек дариясының жағасында «Психколония» мекемесі болған. Оны бала кезімізден білеміз. Оның тарихы 1930 жылдан әрі кетеді. Бұл мекеме тікелей СССР-ге бағынышты болған. Олай дейтінім, бұл туралы ел архивтерінде материал болмауы мүмкін. Осының сырын ашып, анық-қанығына жететін уақыт келді, – деді өлкетанушы.
Ж.Маханбет облыстық штаб мүшелеріне ақталған-ақталмағанын анықтап беруге бірқатар азаматты, атап айтқанда, Әли және Қалымбет Рахымұлы, Мұхаммар Қалжанұлы, Әбіш Мейірманов, Момын Қуандықов, Қауыш Бәйментайұлы, Жақып Ыбырашұлын ұсынды.
Өз кезегінде ардагер журналист Шаһарбек Нұрсейітов «Психколония» туралы білетіндерімен бөлісті. Сонымен бірге бесарықтық өлкетанушы Жұмабай Байзақ Сырдың белгілі тұлғалары Әлиасқар Лапин мен Сейдалі Лапин, Лапин Мұңайтпас, Баймахан Әлішеровті ақтау жөніндегі құжат пен мәліметін сұрады.
Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандарды толық ақтау жұмыстары жүріп жатыр. Олардың деректері архивтерден кездесіп қалуы мүмкін. Ал олар жайлы білетін көнекөз қариялардың да қатары сиреп қалған. Сондықтан осы шақта қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары іздеу салып, ақтау жөнінде ұсыныс беріп, жұмыс жасағаны жөн. Әйтпесе, кейін кеш болмақ. Ал қазіргі таңда еліміздегі құқық қорғау органдарының архивінен мәлімет алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Мұның да септігі мол. Бір айта кететіні, аудан көлемінде саяси қуғын-сүргін құрбанына айналғандар тізімі жасақталса, оларға арнайы ескерткіш-бюст орнатылса құба-құп. Облыстық штаб мүшелері өңірдегі кейбір аудандарда бұған аса мән берілгенін тілге тиек етті. Бұл – жазықсыз жапа шеккендерге деген кейінгі толқынның құрметі.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ