Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерекше болмысты ер тұлға

Ерекше болмысты ер тұлға

Дана халқымызда: «Ғалымнан хат қалады, жақсыдан ат қалады» деген даналық сөз бар. Күні кеше еліміздің болашағы үшін аянбай тер төккен, Кеңестік дәуірде де өзіндік бет-бейнесін жоғалтпай, арының алдында азаматтық тазалығын сақтай білген жасы үлкен ер тұлғалы ағаларымыз баршылық еді. Солардың бірі Нұрқасым аға Бердіқұлов туралы мұрағаттық деректерді ақтарып көргенде, сарғайған қолжазбалар мен газет беттеріне үңілгенде талай жайларға қанығасыз. Ең алдымен, ол кісінің бойындағы ел басқарушылық қабілетінің туа біткен ерекшелігі екенін мойындайсыз. Ол кісі өзінің дарындылығын, сұңғылалығын, байқампаздығын, адам тәрбие­леудегі тәлімгерлігін, елін, ұлтын сүюдің нағыз үлгісін көрсете алған тұлға. Ол кісінің ойлаған ойы діттеген мақсатына жетпей орта жолда қалған емес.

Нұрқасым Бердіқұлов өзінің балалық шағы небір қиындықтарға толы болғандығын есіне ала отырып, өзі туралы былай деп жазады:

«1913 жылы әке-шешем бірдей қайтыс болып, жетім қалдым. 9 жасымнан еңбекке араластым. Алматы қаласында Әжуа Ахун деген қытай азаматынан қашқарлыққа жалдандым. 1916-1924 жылға дейін байлардың қойын бақтым».

Сөйтіп, тоң мойын өмірдің тауқыметін көріп жүргенде татар байының үйіне қонақ болып, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ болысы Сәт деген кісі келеді. Болыс Сәттің көзі қой бағып жүрген қазақ балаларының ішінен Нұрқасымды байқап, татар байынан сұрап алып, өзімен бірген алып кетеді де, қазақ жастарының көсемі Ғани Мұратбаевқа «Осы баладан бірдеңе шығады. Қамқорлығыңа ал» деп табыстайды.

Міне, кездейсоқ кездескен Сәт болыстың шапағатымен, Ғанидың қамқорлығымен 1927 жылы Алматыдағы батырактардың 6 айлық курсын бітіріп, комсомол жұмысына араласады.

Енді өткен күндердің тағы бір мысалына жүгініп көрелік. 1924 жылы Ботпай болысында Тойбай деген бидің қызының үйлену тойы болады. Сол тойда жас Нұрқасым Құсайын байдың қызы Зәуремен танысады:
«Тойшы бала дегенде, тойшы бала,
Келе қапсын қасыма көрші бала.
Өзің тойда жүргенде, қойды қасқыр,
Қырып кетіп жүрмесін, қойшы бала», деп оның қойшылығын бетіне басып сүріндірмек болады. Сонда бала Нұрқасым аспай-саспай:
«Қой бағу қорлық па екен, түсінгенге,
Басқадан ісім кем бе, түсім кем бе?
Әкеңде қой бағатын мендей ұл жоқ,
Мақтағанның несі артық ішіп-жемге» деген екен.
Сөзге тоқтаған заман ғой. Зәуре қыз сөзден тосылып, «мен жеңілдім» деп орнынан тұрып кетеді. Міне, жас Нұрқасымның ой шеберлігі, білімділігі, батыр өткірлігі бала күнінен байқалғаны көрініп тұр.

Нұрқасым Бердіқұлов өзінің қабілетінің, белсенділігі мен пысықтылығының арқасында жұртшылық назарына бірден ілінді. 1926-1934 жылдары Жетісу комсомол ұйымы қатарына қабылданып, қоғамдық жұмыстарға білек түріп араласты. 1934-1936 жылдары Павлодар қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1938-1945 жылдар аралығында осы облыстың Баянауыл, Үрлітөбе, Михайлов, 1945-1955 жылдарында Ақтөбе облысының Ырғыз, Ойыл, Қарабұтақ аудандарында, ал 1956-1963 жылдары Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында бірінші хатшы болып жемісті еңбек етті.

Ертеде өзіміз естіген естеліктің тағы бір тұсына көз жүгіртіп көрелік:

«Соғыс кезіндегі тапсырма – тапсырма емес, әскери бұйрық. Айтылды ма, сөзсіз орындалуы керек. Осындай бір қауырт тапсырмамен жаңа басталған облыстық партия комитеті пленумының үстіне Нұрекең келеді. Солтүстіктің қытымыр қатал қысы. Құлақшынға қатқан мұз еріп болмаған, шанаға жабысқан мұзды балақ сирағы икемге келер емес.

– Қанат байлап жеттің бе? Шешін. Отыр мұнда, – деген обком хатшысының қатал үні. Бұрынғы «Здравствуйтенің» орнына «жеттік» дегенді әрең айтқан Нұрқасым шеткері келіп отырды.

– Берірек, ортаға кел! Саған Москвадан, Кремльден, жоғары қолбасшымыз Сталин жолдастан телеграмма бар.

Баянауыл аудандық партия комитетінің хатшысы Бердіқұлов жолдасқа: Баянауыл ауданының бір миллион екі жүз он бес мың сом жинап, танк колоннасын құруға жіберген колхозшылары мен колхозшы әйелдеріне менің туысқандық сәлемімді жеткізіңіз. Сталин».

Міне, соғыс жылдарында осы тәріздес ерлік мысалдарын, Нұрқасым атаның да қосқан үлестерін тарих жадынан шығармақ емес.

1945 жылы Н.Бердіқұлов Ақтөбе облысының Ырғыз ауданын басқаруға жіберілді. Ырғызда атқарған қызметтерінің жөні бөлек. Өйткені мұнда бақ жұлдызы жарқырады, Еңбек Ері атанды. Арада 60 жылдан астам уақыт өтті, талай толқын келді, талай толқын кетті. Соған қарамастан, ырғыздықтар Н.Бердіқұлов есімін әлі күнге дейін өз әңгімелерінің өзегіне айналдырады екен. 2005 жылғы Ырғыз ауданының әкімі Кенжеғали Толықбаев «Ақиқат» журналының тілшісіне берген сұхбатында ол кісі туралы былай деп толғанады:

– 1950 жылы ұсақ колхоздарды ірілендіру саясаты кезінде Ырғыздың 64 колхозы 21 колхозға біріктірілді.
– 1956 жылғы алғашқы қазақстандық миллиардқа Ырғыз өлкесі 5 миллион пұт астық құйды.
– 1945-1950 жылдар арасында 25 ырғыздық азаматқа Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, кеуделеріне «Алтын жұлдыз» тағылды.
Ырғыз елінде тумаса да, туғаннан артық болған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов еді. Ол кісі атаның баласы ғана емес, Алаштың баласы болғандығын ісімен де, күшімен де көрсете алды.
1956-1963 жылдары Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында бірінші хатшы болып жемісті еңбек атқарды. Тереңөзек ауданының негізгі шаруашылығы – ауылшаруашылығы. Ауданның жер, су жағдайы, ауа райы, бағалы дақыл күріш егісінің көлемін едәуір ұлғайтып, оның өнімділігін арттыруға мол мүмкіншіліктер мен резервтердің бар екендігіне аудан басшысы үлкен назар аударды.

Келешек күріш шаруашылығын дамыту бағытында Нұрекеңнің ұсынысымен алғаш рет 1961 жылы Тереңөзек күріш кеңшары ұйымдастырылды. Кейін бұл кеңшар облыстағы күріш фабрикасы аталып, облыс күрішшілерінің жетекші локомативі болды.

Бір кезде тарап кету қаупі туған Қызылорда облысының аман қалуына да Нұрағаңның игі ықпалы тигені белгілі. Бұл оқиға 1957 жылы болған еді. Қазақстан Коммунистік партия­­сы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып жаңадан сайланған Беляев «Талдықорған және Қызылорда облыс­тарын болашағы жоқ» деп есептеп, таратып жіберу керек деген шешімге келеді. Осы мәселеге байланысты Беляев Қызылордаға келеді. Облыстың бетке ұстар басшыларын жинап, келген шаруасын айтады.

Билігі күшті бастыққа ешкім қарсы сөз айта алмайды, тіпті кейбіреуі мақұлдаған сыңай танытады. Сол сәтте Нұрағаң суырылып ортаға шығады. Нұрағаңның басшылық қабілеті мен біліктілігі басым болғанымен сауаты мен орысшасы орталау болатын. «Жолдас Беляев, біз естіп жатырмыз, сіз Қызылордаға осы облысты таратамын, жерін Шымкентпен Ақтөбе облыстарына бөліп беремін деген ниетпен келген көрінесіз, – дейді де:

«Товарищ Беляев Кызылорду ликвидировать нельзя. Тогда вы историю Казахстана ликвидируете. Вот хлеб, вот мой башка, здес мой партбилет! Рубай, отрубай, но Кызыл Орду не трогай. Ты тогда будешь в Казахстане второй Голощекин. Обком, Райком розгоняй, меня снимай, но область оставляй. А то будет беда. Казахстан капут. Казаха не обежай, уважай. Снимай бездельника, взяточника, линтяй, сожай тюрму, область не трогай», – деп орнына отырады. Оның сөзін жұртшылық қол шапалақтап қуаттайды. Ол кездері республиканың бірінші басшысының алдында былай сөйлеу үлкен ерлік еді. Не керек, Бердіқұловтың осы сөзінің арқасында Қызылорда облысы тарамайтын болып, аман қалды. Қызылордалықтар Нұрағаңды осы ерлігі үшін төбесіне көтеріп, ерекше сыйлаушы еді...

1967 жылы Қызылорда облысына «Ленин ордені» берілді. Осы оқиғаға байланысты үлкен мерекелік жиынға осы өңірге ерекше еңбегі сіңген басқа облыстарда еңбектеніп жүрген ардагерлер де шақырылды. Сол кезде Алматы іргесіндегі Калинин колхозының төрағасы болып жүрген ағамызға шақыру барғанда, Нұраға облыс басшылығының мақұлдауын құптап, жеделхат жіберуге ақыл-кеңес берген екен. Міне, Нұрағаңның тұла бойы тұнған тәртіп, үлгі екендігінің тағы бір куәсі. Н.Бердіқұлов Калинин колхозына алпыстан асқаннан кейін бастық болып тағайындалды. Онда да жасы келіп отырса да өз қабілетіне сенген Нұрағаң сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың алдына барып: «Зейнеткерлік деп бос қарап жата алмайды екенмін, мені тіршілігі ауыр бір шаруашылыққа жұмысқа жіберсеңіз» деп өтініш жасаған екен.

Сол жылдары Калинин колхозы тәжірибелі, іскер басшысының арқасында құрдымға кетіп тұрған жерінен экономикасы күрт көтеріліп колхозшылардың жағдайы жақсарған үстіне жақсарып шыға келеді.

Нұрқасым Бердіқұлов ағамыздың қызмет атқарған тұстарында қайрат-жігерін керемет танытқаны, істеген істері, айтқан өнегелі сөздері ел аузынан әлі түспей келеді. Тіпті, қай жерде жүрсе де «Асар» тәсілімен әр сенбі, жексенбі сайын кеңсе қызметкерлері мен мамандарын құрылысқа жұмылдыратын болған. «Қашарды бітіретін асар» деген ел арасындағы аңыз Нұрағаңның кезінен қалған сөз. Калинин колхозында малшылар бұрын қарүйде қыстап шықса, Нұрекең «Тасты қалайсың, шиферді жабасың үй болады» деген сөзбен асарлатып, барлығын тас үй, мал қорасымен қамтамасыз еткен. Сол асарлатып жасалған үлкен-үлкен құрылыстары арқылы ол қай жерде де өз ізін қалдырған еді. Мысалы, Ырғыз ауданында Ақши плотинасында, суландыру жүйелері, тұрғын үйлер, мекемелер, Калинин ауы­лында еңсесі биік мәдениет үйі, ортаңғы түзу көшелер, Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында «Ақжарма», «А.Тоқмағамбетов» ауылдарындағы үлкен 10 жылдық мектептер, «Қызылдиқан» мен «А.Тоқмағамбетов», «Аққұм» ауылдарындағы мал қоралар, «Қызылдиқандағы» клуб, «Тереңөзек» қыстағындағы емхана, кітапхана, клуб, Шағандағы Шіркейлі көпірі, электростанция, осы Нұрағаңның бастамасымен асарлатып салынып, кейбірі әлі күнге халыққа қызмет етіп келеді. Сол асардың бір кірпіші болып, комсомол жастар, біздер тереңөзектік Алмат Пірімбетов, Ахат Жанаев, Жақай Бодықбаев, Нұрпейіс Сағиев, Сейтбек Досаев, Рахымжан Бәйменов, Абызбай Маханбетов, Яхия Тасыров, Ширек Ысқақов, Замаддин Ибадуллаев, Зейнулла Нұғманов т.б. азаматтар жүргенбіз. Қазір сол асармен салынған құрылыстарды көрсек, жастық жалын уақытымыздың Нұрағаңмен біте қайнағаны есімізге еріксіз түседі.

Нұрекең жеке басына байлық жинап, дүние қуған адам емес. Өмірінің соңғы күніне дейін тұрған үйі – Калинин колхозынын тозығы жеткен ескі кеңсесі болатын. Социалистік Еңбек Ері, қаншама орден-медальдардың иегері осы бір құлағалы тұрған ескі үйде тұрып, өмірден өтті.

«Жақсының аты өлмейді» деген сөз рас қой. Қазір Калинин ауылында – бір көше, «Қызылту-4» ауылында – бір мектеп Нұрағанның атында. Ол кісіге сол мектепте үлкен мұражай ашылды.

Бірнеше жыл бұрын Сырдария ауданының орталығы Тереңөзектегі орталық бір көше Нұрағаның атына берді. Арада бір ғасыр өтіп, уақыт алыстап кетсе де, ол кісіге жасалған осы құрмет ағамыздың жақсы істерін жарқырата түскендей. Тәуелсіз еліміздің егемендік алуына үлкен еңбегі бар Нұрағаны еске алу абзал іс деп есептеймін. Өзі көрмесе де, қызметте болмаса да өзі басқарып отырған ауданның тарихына үңіліп, уақытында үлкен абырой алған, елімен етене араласқан сұңғыла ойлы тұлға, ел басқарудың бүге-шүгесін түгел меңгерген Нұрқасым Бердіқұловтың атына көше беру сол кездегі Сырдария ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевтың бастамасын ел өте жақсы қуаттады. Көз көрген, Нұрағаңмен етене араласқан көзі тірі ардагерлер алғыстарын айтып жатты. «Өткенді бағаласаң, өткелің нығаяды» дегендей, аудан басшысының бұл ісі келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Мен үлкен тұлға Нұрқасым аға туралы естелік жазуды өзіме парыз деп санадым. Ең алғаш қызмет дегеннің есігін ашып, адами тағдырға жолдама алуымның бастамасы, тұсаукесері осы Нұрағаңның көз алдыңда болды. Мені өз баласындай қамқорлыққа алып, өмір легінің көшіне ілестірген, шыңдап шынықтырып, қатарға қосқан, берілген тапсырмаларды жауапкершілікпен атқарудың мектебінен өткізген Нұрағаң болатын. Уақытында дүрілдеп тұрған бірінші хатшы баласынбай отбасымда болып, әке-шешемнің қолынан дәм-тұз татып, маған батасын беріп, үлкен ықыласпен қарайтын.

Нұрқасым ағаның өмірлік жары Көпен апамыздың қолынан талай рет дәм татып, баласындай болғанымның куәсі, Тереңөзек ауданынан көше беру салтанатына Алматыдан келген, Ырғызбай деген баласы тікелей мені іздеп келіп, менің отымның басында болып, әкесінің өмір жолы мен еңбеккерлігін, халықтың қолдауын есіне түсіріп, біздің облыстың жасап жатқан құрметіне риза болып аттанып кеткен еді. Міне, ұрпақтар жалғастығы, жақсы әке балаға қырық жыл азық деген осы болса керек.

Тереңөзек кентіне кіреберісте Еңбек Ерлерінің билбордтары қатар тізіліп тұр. Онда Нұрекеңнің бейнесі көрінбейді. Аудан орталығынан ашылған «Парасат алаңында» да Социалистік Еңбек Ері Нұрағаңның бюстінің алдыңғы қатарға орналасуы орынды-ақ еді. Әлі де болса бұл кемшілік жөнделіп, қалпына келтірілсе құба-құп болар еді. Бұл ұсынысты Нұрқасым Бердіқұловты білетін азаматтар толық қолдайды деп сенемін.




Жақай Бодықбаев,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»


25 қараша 2022 ж. 463 0