Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұхамедияр жырау мұрасы зерделенді

Мұхамедияр жырау мұрасы зерделенді

Қараөзек ауы­лында Сыр бо­йына белгілі жырау Мұхамедияр Жабағыұлына оның өз атын­дағы көшеде ескерткіш тақта орнатылып, «Мұхамедияр жырау» кіта­бының тұсау­кесері болып, қазақ ауыз әде­биетінің көрнекті өкілінің әруағына арнап ас берілді.

Мұхамедияр жырауды ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі дегенде біз қателесіп отырған жоқпыз. Жыраулық жалғаса береді, бірақ өмір құбылысы сияқты өнер де өзгеріп отырады. Ол жаңарады, жаңғырады. Бүгінгі күні мәдени мұра бір ұлттың меншігі болып қала алмайды, елден елге көшіп, кемелденіп отырады.Өнердегі осы құбылысты бағамдау үшін қоғам тарихына, сол өнердің өзінің өсу жолына үңілу керек. Оның үстіне жыраулық өнер адамды, заманды бейнелеуші ғана емес, өзі де заманның жемісі, адамның шығармашылық еңбегі.

Сыр бойына белгілі жырау Мұхамедияр Жабағыұлы 1908 жылы шамамен тамыз айының аяғында Қармақшы ауданының Қызылтам елдімекенінің Қайыршақты өңірінде өмірге келген. Әкесі Еспайұлы Жабағы ескіше хат таныған, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған. Өлең, қиссаларды жатқа айтып, жұртын қуақы әзіл-қалжыңға бөлеген. Ақтық демі таусылғанша ел-халқын ән-жырымен әлдилеп өткен. Мұхамедияр текті жерден, киелі ортадан шыққан кісі. Атақ-даңқы тек Сыр өңіріне ғана емес, алты Алашқа кеңінен мәлім атақты Марал ишанның баласы Қалқай Ишанның Зылиха есімді қызы мен Еспайдан Жабағы туады. Мұхамедияр сол Зылиха әжесінің бауырында болып, ән-жыр, қисса-дастандарды кішкентай кезінен құлағына сіңіріп өседі. Ол 15-16 жасынан бастап ән айтып, жыр жырлай бастаған. Ел арасында «жырау бала» атанады. Әрқайсысы бір түндік «Алтын балық», «Айша қыз», «Шаһзада», «Мағауия», «Жалаңаш бала», «Әбу Шаһнама» қиссаларын таңды таңға ұрып жырлайды. Мұхамедияр жыраудың орындауында Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Даңмұрын, Шораяқтың Омары, Сейітжан ақын, соқыр Тоғжан ақын, Молдабай сынды өнер дүлдүлдерінің мұралары мен жақұт жырлары аз емес. Әсіресе Тұрмағамбет ақынның, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Даңмұрын, солардың айтыстарын, алтын Сейітжан ақын, соқыр Тоқжан ақын өлеңдерін толғап, соларды ерекше бір екпінмен, өзгеше бір сезіммен орындаған. Басқа да өз жүрегінен шыққан туындылары, ағайын, дос-құрдастарға арнаған әзіл-қалжың, наз өлеңдері де көптеп саналады.

Мұхамедияр Жабағыұлы атындағы көшедегі Ұлы Отан соғысына қатысқандар аллеясындағы жыраудың ескерткіш тақтасының ашылу салтанатында өнер саңлағын көзімен көрген қариялар Рысбай Мырзатаев, Зұлқарнай Бодықов естеліктерін айтса, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиа­лының төрағасы Қаршыға Есімсейітова, Қорқыт ата атындағы университет тарих кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Ахметов жыраудың қалдырған мұрасын, өнердегі ерекшеліктерін, орындау шеберлігін зерделеді. Осы жерде бір айта кететін жағдай Мұхамедиярдың қызы Қыдыркүл әкесінің магнитафон лентасына жазылған жырларын сақтап, оны қағаз бетіне түсірген.

Сыр сүлейлерінің көпшілігінің көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған, тіптен табақтас, сырлас болған Мұхаң тек керемет орындаушы ғана емес, өз жанынан да өлең-жыр шығаратын арқалы ақын болатын. Солардың ішінде өзінің соғысқа кеткен жолдасы тоқа Домбайұлы Жақсыбайға арнаған поэмасы бар. Жырау Сейітжан ақынның «Қиямет нама», «Қасірет нама» дастандарын шебер орындаумен қатар бұларды толықтырып, жаңғыртып отырған. Сейітжан ақынның осы шығармасындағы әйелдер туралы туындысындағы 5 түрлі әйелге мінездеме берген. Мұхамедияр жырау 1934 жылы облыстық мәдени ағарту бөлімінің ұйымдастыруымен Қармақшыда өткен үш күндік ақындар айтысында екінші орын алған. Бірақ Сталиннің қанды қылышы қаһарланып тұрған кезіне тап келіп, «Марал Ишанның жиені, әкесі молда, байдың құйыршығы болып, ұсталып кеткен» деп сол кездің шолақ белсенділері, өз туыстары астыртын хабар беріп, Алматыға іріктеліп, алынып тұрған жерінен қалдыртып, тиесілі жүлдесін бергізбейді.

«Кенесары-Наурызбай» дастанын, Ахмет Байтұрсыновты сол кезде елге таратып, Мирзоянды мақтадың» деп түрмеге де отырғызған. Ескерткіш тақта ашылумен қатар «Мұхамедияр жырау» кітабының тұсаукесері болды. 400 беттен тұратын еңбекте жыраудың өз туындылары, орындаған шығармалары, естелік-әңгімелер және зерттеу жұмыстары топтастырылған.

Мұхамедияр Жабағиевтың өз тұстастарынан, өзінен бұрынғы және кейінгі жыраулардан көп өзгешелігі болған. Біз осы күнге дейін жырау мен жыршының аражігін толық ажырата алмай келеміз. Мұхамедияр әкеміз өз жанынан жыр шығарған, демек ол – жырау. Сондай-ақ хисса-жырларды таңға дейін жырлайтын жады мықты болған. Өнер адамының тағдыры оңай болмайды, жыраудың репертуарларында діни хиссалар көп болғандықтан, атеистік, оның үстіне ислам дініне қас саясат бұл кісіні кезінде де қудалады, кейін де қалдырған мұраларына шектеу жасады. 1962-1963 жылдары Алматыдан белгілі өнер жанашыры, қазақ фольклорының майталман ғалымдарының бірі Мардан Байділдаев, Зәуре Киреева, Жармұхамедевтер келіп, Мұхамедиярдың көптеген ән-жырларын, қиссаларын үнтаспаға түсіріп, республика фонотекасына, Қазақ ғылым академиясына табыс еткен. Сол кездегі республикалық радионың облысымыздағы тілшісі Ахат Жанаев Мұхамедияр жырау жайлы музыкалық хабалар әзірлеп, облыстық, республикалық эфирге таратқан, газеттерде насихаттаған. Жыраудың қызы Қыдыркүл әкесінің орындауындағы қиссаларды магнитафон лентасына жазып алып, сақтаған. Мұхамедиярдың өз дауысынан естігеніміздей, бұл жырлардың өзгермеген, редакцияланбаған нұсқасы құнды дүние.

Мұхамедияр жыраудың мұрасын зерттеуді Қорқыт ата университетінің деканы болған профессор, танымал жырау Алмас Алматов ілгері жалғастырып, шәкірттері Мұхамедияр жырау жайлы дипломдық жұмыс қорғады. Алмас Алматовтың жетекшілік етуімен Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты, атасы Нұрабай Мұхамедияр жыраумен жерлес, жолдас болған жас жырау, әнші Дана Нұрабаева ғылыми трактат жазып, «Сыр бойы» газетінде жарық көрді. Берік Жүсіпов те Мұхамедияр шығармаларын насихаттап, «Телқоңыр» шағармашылық кештерінде терең баға беріп отырды. Қуаныш Нұрабайұлы Жүністегі өзінің «Домбыра – дастан» шығармашылық кітабында Мұхамедияр жырауға керемет мінездеме берген. «Қайталанбас дауыстар антологиялық кітабында» Мұхамедияр жыраудың өз орындауындағы шығармалары және шәкірттерінің орындауындағы шағармалары енгізілген. Жырау тұрған Қаракөл елдімекенінде мектепте музей ашылып, кейбір заттары қойылып, атына көше беріліп, «Мұхамедияр жырау» көшесі деп ескерткіш тақта орнатылды. Көне мұра осылайша жасарып, жаңғыра бермек.

Жиында белгілі жыраулар Дина Нұрабаева, Руслан Ахметов, Оразалы Әлішбеков, Абылай Дәнекеров Сыр сүлейлерінің жырларын орындап, соңында Мұхамедияр Жабағыұлының әруағына арнап ас берілді.

Шаһарбек Нұрсейітов,
«Мұхамедияр жырау»
кітабының авторы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

27 тамыз 2022 ж. 678 0