ШАМШЫРАҚ ШАМЫН ЖАҚҚАН ШАМШАТ ЖЫРАУ
Қазақ қоғамында аналар есімі қашанда бірінші орында тұрады. Сонау сақ заманындағы Томирис (Тұмар) патшайым мен Зарина, Нұрила, одан кейін де өмір сүрген ақылды әрі батыр аналарымыздың өмірі қазақ ұрпағы үшін өнеге.
Міне, сондай туған халқының жарқын болашағы үшін өздерінің өнегелі өмір жолымен, оның ішінде дарындылығымен есте қалған өнерлі аналарымыздың бірі – жырау Шамшат Төлепова.
Ш.Төлепованың әкесі Сыр шайырлары арасында шоқтығы биік Кете Жүсіптің жиені, әншілігімен бірге күйшілігімен танылған Төлеп болса, анасы Қарақалпақстанның ақыны Камал Жүсіпұлының қызы Тұрсын.
Елімізде өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық, ұжымдастыру сынды дүрбелең кезеңде өмірге келген Шамшаттың балалық шағы көптеген дарын иелерін өмірге әкелген киелі Тұрмағамбет ауылында өтті.
Бала кезінен ауылдағы жыр жампоздарының шығармаларын жаттап өскен ол кейін келе ел ауызына жыраулық өнерімен іліне бастады. Өзіндік мақамы бөлек Шамшат елге ерте танылды. Бойжеткен жыраудың жыр-термеге деген ықыласына Сыр сүлейлері Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет шығармалары мен шиелілік Нартай Бекежанов пен жерлесі Рүстембек жыраудың ақыл, көмегі әсер етті. Міне, сондай жыр жүйріктерінен сабақ ала жүріп, өнерін шыңдаған Шамшат көп ұзамай жыраулар қатарынан нақтап орын сайлап алды.
Ағалары Тәуекел Төлеп (1916) пен Әбіләкім Төлепов (1924) екеуі де 1942 жылы Отан соғысына алынып, 1944 жылы ұрыс даласында хабарсыз кеткен. Көзкөргендердің айтуынша, Әбіләкім Төлепов те жырау әрі әнші болған екен.
Соғыс та бітіп, елде жаңа заманның лебі есе бастады. Шамшат бала кезгі арманын орындау мақсатында облыс орталығы Қызылорда қаласына аттанды. Өзі мақсаттаған арман асуына жол салды.
Өнерлі жастың қабілетін мойындаған мамандардың көмегімен ол 1948 жылдан 1951 жылға дейін облыс орталығындағы филармонияда Нартай Бекежанов құрған ән-жыр бригадасына мүше болып, аймақтағы барлық елді мекендерде өнер көрсетті.
Тіпті, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстанның басым бөлігінде өнерін паш етті. Кейіннен туған жерге оралған Шамшат жырау шаңырақ көтеріп, біраз жыл жыраулық өнерін отбасылық өмірге ауыстырды. Ұрпақ тәрбиелеп, ата-ене қабағын бақты. Бірақ, ол халық адамы болған соң, көп ұзамай ел-жұрттың қалауымен керегеге іліп қойған домбырасын қолына қайта алып, жыраулық әлемге оралды.
Талай рет облыстық, республикалық, халықаралық жыр додаларында өзі сияқты мәдениет майталмандарымен бірге өнерін паш етіп, ел-жұртына үлкен мереке сыйлады. 1990 жылдардың басында облыс орталығында Шамшат жыраудың 60 жылдығына арналған әсерлі кеш өткені есімде.
Атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнерді өскелең ұрпаққа аманаттау мақсатында ол көптеген шәкірт те тәрбиеледі. Шамшат жыраудың мектебінен өткен Ерхан Кәрібозов, Жарқынбек Тұрымбетов, Мариям Кетебаева, Ақерке Өтепбергенова, Әйгерім Ешбаева және басқа да өнер тарландары бүгін жырсүйер Сыр халқының сүйіктісіне айналды.
«Еңбек етте, зейнетін көр» деп қазақ даналығында айтылғандай, туған елі мәдениетінің өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосқан жезтаңдай жырау Шамшат Төлепова елімізде бірінші рет өткен жыршы-термешілердің байқауына, Ленинград қаласында сол уақыттағы 15 одақтың шығармашыл өкілдерінің қатысуымен өткен лекция-концертте, Алматы қаласында өткізілген Лорд конференциясында өнер көрсетті. Еселі еңбегінің арқасында көптеген марапатқа ие болды.
Сыр өңірі дүлдүлдері арасында шоқтығы биік болған Шамшат жырау бірнеше рет облыс басшылығы мен Қаз КСР министрлігінің мадақтамалары мен құрмет гармоталарына, алғыстарына ие болды.
Ресейде өткен І және ІІ Бүкілодақтық көркемөнерпаздар шығармашылығы байқауының жүлдегері атанды. Сонымен қатар, ұлт мәдениетіне қосқан сүбелі үлесі үшін «ҚазКСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» және 1999 жылы Қармақшы ауданы әкімінің шешімімен «Ғасыр өнер адамы» атағына ие болды.
Талайды таңдай қақтырған жырау Шамшат Төлепова тек аудан жұртшылығының ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналды.
Қайталанбас өнер иесі, дарынды жыршы Шәмшат Төлепқызы жыршылық, орындаушылық өнерде, жалпы аудан даласындағы жыраулар дәстүрге тән үрдістің барлығында көрініс тапқан талант иесі.
Ол өзінің саналы өмірінде жақсылыққа баулу, жамандықтан сақ болу, ел-халқын имандылыққа шақыру қасиеттеріне ие болған парасат иесі.
Айта кетейік, Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі аудандық Мәдени Үйіне өткен 2017 жылдың соңында танымал жыршы-жырау Шәмшат Төлепованың есімі берілді.
Қармақшы ауданы