Зер қадірін зергер білер
Қолөнер халық құндылығы саналады. Небір шеберлердің қолынан шыққан туынды, қолөнер бұйымдары адам қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Десе де қазіргідей барлық сала автоматтандырылған кезеңде жастардың қолөнерге деген бетбұрысы төмен. Осыған орай, біз қолөнер шебері, өлкетанушы Жәнібек Маханбеттің қолөнерге қатысты материалдарын кезектілігімен беруді жөн санадық.
Зергерлік – өте ерте заманнан келе жатқан өнер түрі. Зергерлікті барлық халық жоғары бағалайды. Сондықтан халық өз ортасынан осындай озық өнер иесі зергерлерді шығарып отырған. Тарихи этнографиялық музейлердегі археологиялық сәнді бұйымдар мен қарулар, ыдыс-аяқтар, теңге-моншақтар, алтын мен күмістен және асыл тастардан жасалған бұйымдар он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан.
Темір ұсталығы мен зергерлік өнері атадан балаға мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Зергерлік өнермен әйелдер де, көбінесе зергердің әйелдері айналысатын болған. Егер зергер кісі дүниеден қайтып, оның жолын қуар балалары болмаса, кейбір кезде оның қызметін әрі қарай әйелі атқаратын.
Зергерлер негізінен бұйымды жасатушының өз материалынан жасайтын болған. Бұрындары шеберлердің жұмыс істеуге тиісті қолайлы жағдайлары болмаған. Сондықтан шебер көбіне қол жұмысты өзінің үйінің бір бұрышында не болмаса тапсырыс берушінің үйінде жасап шығарған.
Зергер құрал-саймандары темір ұстасының құрал-жабдығынан әлдеқайда жеңілдеу болады. «Зергер төсі», «зергер көрігі» деген құрал-саймандарымен қатар балғалардың да өзінің қолдану мақсатына қарай көлемі жағынан түрлі атаулары бар.
Шет мемлекеттермен сауданың дамуына байланысты қазақ зергерлерінің де халық арасында мәртебесі жоғары болған. Қазақ даласына сол кезде кеңінен жайыла бастаған Ресейдің күміс және алтын ақшасын, қытайдың қой тұяқ, тай тұяқ жамбылары, поляк күмісі зергерлердің қолына түсісімен олардан сан түрлі сәндік бұйымдар жасалатын. Күмісті, әсіресе айбынды асыл тастарды, көбінесе сәндік бұйымдар жасатушылардың өздері тауып әкеліп отырған.
Қазақта алтын, күміс, жез, мыс сияқты түсті металдардан жіңішкелеп суырылған жіпті «зер» деп атайды. Мысалы, «зерлі тон», «зерлі шапан», «зерлі кимешек» және т.б. сөздер бар. «Зер», «зерделі» деген «асыл», «таза», «жігер», «намыс» деген мағыналарды білдіреді. «Зер қадірін зер соққан зергер білер» деп бекер айтылмаса керек.
Ел арасындағы халық шеберлері түрлі көркем, нәзік істерді көбінесе қарапайым әдістермен орындайды. Зергерге аса қажетті қасиет – суретшілік, дәлдік, шыдамдылық. Осыған қарағанда халық арасындағы «Зергердің көзі өткір, қолы ұсынақты, ойы жүйрік», «Ерінбейтіндігі ерге күйіс шабушыдай» деген сияқты теңеулер зергерлікті әрі құрметтеу, әрі зергерге жоғары талап қою негізінде болар.
Зергерлер қыз-келіншектердің бүкіл әшекей бұйымдарымен қатар кемер белдік, кісе белдік, насыбай шақша, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, музыка аспаптарын әшекейлеумен қатар, ер-тұрман әбзелдерін, тағы басқа тұрмыста қыз-келіншектер тұтынатын бұйымдарды әшекейлеумен айналысқан. Осы шеберлердің орындаған жұмыстары ұлттық әдет-ғұрыптың, салт-сәндіктерге лайықталған. Ұлтымыз жазу-сызусыз-ақ көшпелі өмір жағдайында тәрбие, тәртіп, адамгершілік, мейірімділік, әдептілік деген ұғымдарды жастар бойына осындай әсем бұйымдар арқылы сіңірген. Алқа қыз баланы сыпайы, жай қалқып жүруге үйреткен.
Анасы қызы он жасқа келген соң екі алқа сыйлап, он жасын тойлайды. Екі алқаны (қос алқаны) қызына таға отырып, «Сен енді үлкейдің, секірме, тентіректеме, жүгірме, ерсі болады, бұдан былай жаймен қалқып, сыпайы жүр. Сыпайы жүрсең, алқаңдағы күміс қоңырауларың ән салады, сен сол әнді тыңда, судағы аққудай қалқып жүрсең, қоңырауларың да жақсы әндетеді» дейді. Анасының сөзін санасына сіңіре өскен қыз бала айналасын нәзік сылдырларымен қалқытып, толқытып, әндетіп өз жүрісін өзі түзеген.
Ұшпалы бұлттай жеңіл қалқып, иін ағашы мен шелегіндегі суын шайқалтып, төгіп-шашпай, күміс қоңыраулары сылдыр қағып көлден қайтқан сұлу бойжеткенді суреттеген Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйі қазақ қызының бейнесін осылай берген. Ал жас жігіт өзі ұнатқан бойжеткенге сыңар білезік сыйлайтын болған. Егер қыз жігіттің ұсынысын қабыл алса, сол қолына тағып алады. Қыз білезікті той, айт секілді жиын-тойда ғана тағып жүрген. Бұл қызға көзі түскен өзге жігіттер қыз әдемі екен, бірақ басы бос емес екен деп әурелемеген. Сырға, алқа секілді бұйымдар қыз бейнесін көркемдей түссе, оның сыңғырлаған дыбысы өзгенің назарын өзіне аударып отырған. Ақындардың «Сырғаңның сыңғыры ұйқымнан оятты» деген теңеуінің өзі неге тұрады?!
Ата-ана бойжеткен қызына шамасына қарай зергер шеберге арнайы сәукеле дайындатқан. Небір ауқаттылар бір сәукелені бірнеше үйір жылқы беріп тіккізгені тарихтан белгілі. Сәукеле бойжеткеннің үлбіреген бейнесіне тойдағы жұрттың назары түспесін деп, биік ұшты етіп жасап, оған неше түрлі құбылған жарқырақтар тағып, «жұрт назары бас киімге ауыссын» деген оймен небір алтын, күмістен безендіріп тіккізген.
Сәукеле деп аталуының да өзіндік мәні бар. Ертеректе жол торушы, тонаушылар осындай қымбат киімдерге құштар болған. Олар сәукелесін киіп келе жатқан жастар керуеніне жиі шабуыл жасайтын. Қыздың қайын жұрты келіні қашан аман-есен келгенше үрей құшағында болып, жастарды жол қарауға жіберіп отырған. Сол жастар келін керуенін көре салысымен елден «Сүйінші! Сау келеді! Сау келеді» деп сүйінші сұраған. Сәукеле сөзінің негізгі мәні осыдан қалса керек.
Екі жас үйлену тойларын өткізіп, қосылғаннан кейін «Сыңар білезік – махаббатымыздың куәсі» деп, оны сандықшаға салып қояды. Жігіт келіншегіне шебер, ұқыпты бол деп қос білезік сыйлайды.
Кыз-келіншектердің әсемдік жиһаздарының ішінде бойжеткен қыздар мен жас келіншектер киетін шашқап болады. Шашқапты қыз-келіншектер жүн сабау, киіз басу, ши тарту, жүк арту, үй тігу, мал сауу жұмыстарына араласқан кезде пайдаланады. Шашқап шолпы, шашбау, алқа өңірлері сияқты бой түзеу бұйымдары болуымен қатар, шашты күнге күйіп сынудан, шаң-тозаңнан, шөп-шалаңнан сақтау үшін де өте қолайлы. Шашқап көк, жігер рең, жасыл, қызыл түсті мақпалдың айнала шеті екі жақ басы алтын күміспен зерделенеді.
Қыз анасы біршама уақыттан кейін қызының артынан барғанда, қызының жағдайы жақсы, шат-шадыман өмір сүріп жатқанына көзі жетсе, құдағайының қолына қос дөңгелекті құдағи жүзік салатын болған. Кезінде қолында құдағай жүзігі болған үлкен кісілерге қай жерде болса да жоғары құрмет көрсеткен. Бұл кісі мейірімді, әділетті адам деп төрден орын берген.
Міне, зергерлердің қолынан шыққан туындылардың құндылғы осындай. Сондықтан бүгінгі жас буын қолөнерге бет бұрып, зергерлікпен айналысса, біріншіден, ұлттық құндылығымыз жаңғырады, екіншіден, бұл кәсіп көзі болып, нәпәқа табады.
Жәнібек Маханбет, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі