Соғыс жылдарында Сырдарияға қоныс аударғандар
Соғыс жылдарында шаруашылықтарда жаңадан 11 канал қазылды. 4300 гектар жер игерілді. 1941-1942 жылдары 170 механизатор даярланды, оның 90-ы әйелдер еді. Шағаннан Қ.Мықанова, Шандайкөлден Шайымова, Көкпаядан Қаржаубаева, Ақарықтан Сәтенова трактор руліне отырды.
Уақыт өткен сайын ұлы Жеңістің тарихтағы алар орнын таразылай түсесің. Күн озған сайын сұрапыл соғысқа қатысып, қан майданнан елге оралып, бейбіт өмірдің құрылысына қатысқан қарттарымыздың да қарасы азайып барады. Ұлы Отан соғысына қатысты барша дерек құнды. Оның ішінде, әрине өз ауданымыздың, оның қарапайым халқының немен айналысқаны да тартымды. Бұл ретте, әрине архив материалдарына жүгінсек, әңгіме әлдеқайда мазмұнды болмақ. Соғыс өрті шарпыған облыстардан қоныс аударушылар жайлы еміс-еміс естігендеріміз болмаса, тереңдеп тарих шаңын қақпайтынымыз да шындық. Сонымен, 1940 жылдың қаңтарында басталып, 1941 жылдың желтоқсан күні соңғы жазба түскен еңбекшілер депутаттары Тереңөзек аудандық атқару комитетінің жеке құрамы туралы бұйрық кітабы (фонд №97, 54-бет) не сыр бүгіп жатыр?
Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Асқаров деген кісі кітапты орыс тілінде толтырған. Екі-ақ бұйрық қазақша жазылыпты. Сондықтан кейбір абзацтарды сол күйінде қалдыруды жөн көрдік. 27 маусымдағы екі бұйрық, оның бірінде мекеменің шофері Канабетов Шаймағанбеттің әскерге шақырылғаны жазылады. Ал №30 бұйрықта Асқаров жолдастың бүкіл ашу-ызасын, кегін аңғарамыз. «Зазнавшейся Гитлер и все его кровавая клыка убедятся на деле, что двухсот миллионный советский народ под руководством партии и правительства даст сокрушительный удар и разгромить их» депті. Сөйтіп, барлық буындағы басшыларды барынша жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырады. Осында жекелеген сала басшыларының (маслопром, жол бөлімі, райздрав, МТС, т.б.) жауапсыздығы көрсетілген.
МТС астық жинау машиналарын жөндемеген. Доротделкөпір құрылысына қатысты жұмыстарды атқармаған. Маслопром мемлекетік жоспарды ай сайын орындамаған. Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындар денсаулығын қорғау ісінде медпункттерді дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз етпеген.
Тамызға қарай ауданға қоныс аударушылар келе бастайды. Өйткені осы кездегі бұйрықтарда басқа жақтан келгендерді стансада күтіп алып, орналастыру, киім-кешек, тамақпен жабдықтау жөнінде нұсқаулар берілген. Әсіресе, монша құрылысына көп көңіл бөлініпті. Осы кезде Берсүгірдегі ФЗО мектебіне, 23,24-ші ауылдардан комиссиядан өткен 8 адам оқуға жіберілді. 3 қарашадағы бұйрықпен атқару комитетінің есепшісі Пак жолдасқа эвакуациядан келгендерге берілетін біржолғы өтемақы 1000 сомды банкіден алуды және сол адамдарға таратуды жүктейді.
Осыдан екі күн кейінгі №70 бұйрық «Облыстық советтің №65 санды өкіміне сәйкес эвакуированный халықтардың эвапунктінде, жаңа тұрған жерінде соларға сауда жасау керектігі, заттармен қамтамасыз ету туралы бұйырамын.
Тереңөзек аудандық сауда бөліміне, тұтыну қоғамына эвапунктінде және эвакуированный халықтардың арасына нан және басқа өнімдерді сататын ларектер ашатын болып, нан эвапункттің қағазымен болмаса 400 граммнан беріліп отырсын. Колхозда нанмен қамтамасыз етілмеген күнде, нанды пісіріп ларектерге сататын болсын, керекті заттармен қамтамасыз ету үшін олардың арасында сауда жасап отыратын болсын. Ауылсовет председательдеріне келген халықтарға нақты қысқы отынын жинап алуға, жылы киім, үйіне керекті заттармен қамтамасыз етуге жергілікті халықтың жәрдем беруін ұйымдастыратын болсын», – деп жазылған. Қысқаша жазылған бұйрықтың бірі осы.
Шамасы, алдымен басқа жақтан келушілер көп болып, аудан орталығында тығыз қоныстанушылық болған сыңайлы. Сондықтан 7 қарашадан бастап аудан халқы, оның атқару комитеті жетім қалған балаларды қабылдап алудың қам-қарекетіне кіріседі. 8 қараша күні Харьковтен келген 400 баланы Аламесекке орналастыру үшін ауылсовет төрағасы Ержановқа екі күн ішінде балаларды нанмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін наубайхана ашуды тапсырады. №74 бұйрық «О размещении детей прибывших из прифронтовой полосы» деп жазылыпты. 11 қараша күні аудандық халық ағарту бөлімінің бастығы Қорғамбаевқа сол балаларды орналастыру, балалар үйінің сметасын жасау, қараша-желтоқсан айларында келген балаларға 177216 сом қаржы бөлуді, облисполкомнан балалар үйін құруға қосымша қаржы қарастыруды сұрастырады.
Сауда бөлімінің бастығы Көшекбаев пен тұтыну қоғамының бастығы Тәжбеновтерге азық-түлік, ыдыс-аяқ, киім-кешекпен тұрақты қамтамасыз ету, Қорғамбаевқа балалар үйіне жақсы тәрбиешілерді жіберу, «Көкпая» колхозының төрағасына бүкіл қыс маусымында балалар үйіне отын жеткізу. «Аққұм» сельпо бастығы Әбуовке көкөніспен қамту, Тәжбеновке балықшылар бригадасының аулаған балығын балалар үйіне өткізу міндеттелген. Промартель бастығы Сим жолдасқа үш күн ішінде балалар керуетін жасауды тапсырған. Тұтыну қоғамына балалар үйін қажетті керосин лампаларымен жабдықтауды жүктейді. Бір сөзбен айтқанда, «Аламесектегі» балалар үйіне барлық жағдай жасалған. Харьковтік балалардың қиын-қыстау кезеңде қазақтар арасынан тек баспана тауып қана қоймай, олардың қысылмай, қымтырылмай, ешнәрседен мұқтаж болмай өмір сүруіне толыққанды жағдай жасалған, әкелік қамқорлық көрсетілген.
Архив материалдарында қоныс аударушылардың, соның ішінде жасы асып кеткен детдом балаларының колхоз жұмысына қатысып, оларға 50 пайыз аванс төленуіне дейін шешім қабылданған. 1942-1943 жылғы ведомостарда өңшең өзге халықтардың, басқа ұлт балаларының аты-жөнін кездестірдік.
Иә, соғыс кімге, қай жағынан болса да таныс. Ауданның тепсе темір үзер азаматтары Еуропаның алыс қалаларында қару асынып, Отан қорғауға аттанды. Ал қазақ жерінің бір түкпіріндегі ауыл болса, майдан жүріп жатқан ұрыс далаларынан келгендерді бауырына басып, бауырсағын бөліп жеп, тіршілік кешкен. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, соғыс жылдарындағы ауданның қауырт та, ауыр жағдайында қоныс аударып келгендерге айрықша көңіл бөліп, жағдай жасалғаны аңғарылады.
Әрине, соғыс тақырыбын айтқанда, сол кездегі еңбекақы жөнінде бір-екі ауыз айтпай кетпеске болмас. Айталық, 1943 жылғы ведомостан айлықтың уақытылы берілгендігін көреміз.
1941 жылдың 18 қараша күні теміржол арқылы келіп жатқан адамдар арасында кісі өлімі және түрлі жұқпалы аурулармен науқастанушылардың кездескендігі айтылады. Соған сәйкес Қорғамбаев, Данияров, дәрігерлер Фраткова мен Куриловаға балалардың денсаулығын шұғыл түрде тексеріп, шешім қабылдау тапсырылады. Осы ретте қалыптасқан қиын жағдайда, «Аламесектегі» балалар үйіне Маслопромның телефонын орнатып, жағдайды мезгіл-мезгіл хабарлап тұру жүктелген.
Аудан мен колхоздарға алыс жолдан жаңадан келушілер өте кірлеп, биттеп жеткендіктен және жуынбай жүріп, сүзек т.б. ауруларға шалдығып, оны жергілкті жалпы халыққа тарату қаупіне алаңдаушылық білдіреді. Ол үшін әрбір колхоздың ортасынан бір үй босатып, оған екіден үлкен қазан орнатып, күнделікті ыстық су әкеліп, жаңадан келушілерді міндетті түрде шомылдырған. Жол жүріп келгендердің киім-кешегін Қызылту, Жаңа ауыл, Тереңөзек, Ақбойдақ, Шолақарық ауылсовет қарауындағы колхоз төрағалары отындарын әкеліп, аудан орталығында дезинфекция жасатуды жүзеге асырған.
Детдомның жасынан асқан 30 шақты баланы Ворошилов, Кантон Коммуна, Қызыл жалау, Майлықұм, ХVIII партсъезд және 1 Май колхоздарына бестен бөлген. Оларға ай сайын аванс төленген. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұранның осындай өмірлік мәселемен де ұштасқанын аңғарамыз.
Иә, Ұлы Отан соғысы тек қана қан майданда, ұрыс даласында болған жоқ. Ол қарапайым қазақ ауылына да өз салқынын тигізді. Қан майданда қанша боздақ қыршын кетті, қанша ана баладан айрылды, қанша әйел жесір, мыңдаған бала жетім қалды. Бірақ, сынбады, мұқалмады, тістеніп жүріп, тірлік етті. Өзі аш отырып, өзгенің өзегін талдырмады. Міне, біздің халық осындай. «Аламесектен» балалар үйін ашып, ондағы көзі жәудіреген, жас өрімдерге пана болған азаматтарды бұл күнде еске алсақ, тағзым етсек артық емес. Қаншама қажыр-қайрат жұмсаған Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасы М.Асқаровтың өзі 1941 жылдың аяғында соғысқа алынған. Оның орнына Нұрекешов болған. Алайда, ол кісінің кезіндегі жазбалары сақталмапты. Десе де, соғыстың алғашқы жылдарының өзінде біздің ауданымызда қандай жұмыстардың атқарылғанына сарғайған парақтар куә. Осы мұрағат материалдарын қайта сөйлетуге мүмкіндік бергені үшін аудандық архивтің меңгерушісі Дәрікүл Смағұлова апайға ризашылығымды білдіремін.
Бір атақты адамның «Соғыста ұсақ-түйек деген болмайды, ұрыста бәрі де ұлы» деген сөзі бар екен. Сол сияқты ұлы іске ұлтарақтай үлес қосқан жерлестерімнің ұлағатты тірлігіне басымды иемін.
Дәметкүл Құмақбай,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
(2000 жыл)