Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Томирис

Көкіректе арман көп, қайсыбірін айтып тауысасыз. Әуелден белгілі әке біткен перзентінен жақсылық күтіп, дүниеге сәби көзімен қарайтын әдеті. Бұл – шынында даналыққа бастайтын дәстүр. Мәселен, ұлы сақ патшайымының есімі қазақ үшін ерліктің һәм парасаттың аккумуляторы секілді. Ата-ананың жаны езілгенде содан қуат алады.

Кенептегі кейіпкер – су­ретші Тоққожа Қожағұ­ловтың қызы Томирис. Кар­тина да солай аталады. Пор­трет жанрында жазылған шығарма натюрмортқа тән детальдармен толыққан. Автордың композицияны түрлендіру үшін түрлі амалға барып, мұқият зерттеу-зерделеу жүргізгені байқалады. Жарық пен көлеңкенің өзара байланысы да көзге оттай басылады.

Қылқалам шебері То­мирис образының көп­қыр­лы екенін, оның жан дү­ниесі тазалығын нақты ашып көрсете алған. Яғни кескіндемені жазу барысында суретші оны жақын адамы ретінде елестетіп қана қоймай, шығармасының бас­ты кейіпкері ретінде де тамаша сомдайды. Бойжеткен нәзік саусақтарымен күзгі алмаларға қол созып, өзіне ал­мақшы болғанын бай­қаймыз. Үстел үстінде тіз­бек­телген өзге де алмалар бір-бірімен байланысқан тұтас­тай натюрморт сияқты, өзара ажырамайтын компонент құрған. Демек картина жанрлық жағынан да өзгеше.

Композицияның негізгі мазмұны – он жеті жасар қыздың өмірге деген көзқарасы жайында. Қыз басындағы әдемі гүлдермен безендірілген сары телпек, яки гүлдесте оның ар­ма­ны­ның асқақтығынан хабар беріп тұрғандай. Сырт келбетіне үйлескен жарасымды киімі, батыс үлгісіндегі ою-өрнекпен безендірілген ұзын көйлегі тұла бойына үйлесіп тұр. Онысы арудың шынайы әрі мөп-мөлдір көңілінің лайланбағанын аңғартады.

Картинаның сол жақ төменгі бөлігінде бір-бірі­мен шиеленіскен тамырлары «Өмір ағашы» десек болатындай. Бас-аяғы жоқ ұзын-сонар күре тамыр­лар шексіздіктің және жас­тық шақтың символы іспет­тес бір-бірімен тығыз бай­ланысқан. Мұнда албырт сезімнің бояуы да бар. Ару­дың алдағы тағдырының сан тараулы болатынын болжап тұрғандай. Суретші эмоция­лы сезім құбылысын рухани әлеміне енгізіп, шебер шығарма жазған.

Мұхтар КҮМІСБЕК,
02 ақпан 2022 ж. 450 0