2020 жыл: ауданға көгілдір отын берілді
Тәуелсіздіктің жиырма тоғызыншы жылында еліміз бен аудан көлемінде айтулы оқиғалар орын алды. Өткен жылы мерейлі мерекені атап өту жоспары құрылды. Әлем елдеріне егемендіктің айшықты көрінісін кеңінен насихаттау мақсатында ауқымды іс-шаралар өткізу қолға алынды. Рухани құндылық, ұлттық идеология, мемлекеттік стратегия, саяси реформаларға басымдық берілді. Ал ауданда көпшілік елеулі жаңалықтарға куә болды.
Қаңтардың қытымыр қысына қарамастан аудан халқы қым-қуыт тіршілікке кіріскен. Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын, тұрмысын саралау, жағдайын білу мақсатында Сол кездегі ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева Жетікөл және Аманкелді ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Балайым Туғанбайқызы маңызды мәселелерді талқылауда халықтың ұсыныс-пікірі маңызды екенін жеткізді. Өз кезегінде ауданға Парламент Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлы да арнайы іссапармен келді.
Жылдың басты жаңалығы – Парламент отырысында «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Бірнеше бағыттан тұратын Заң аясында ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеру, мәртебесін айқындау қарастырылған.
Өткен жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбында көлемді мақала жариялады. Мақалада ұлттық болмыстың үлгісі, мемлекет ісінің мүддесі, жаңа қоғамның жанашыры, әлемдік мәдениеттің тұлғасы, торқалы тойдың тағылымды секілді келелі дүниелер қамтылған. Жыл көлемінде әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы республикада аталып өтілді. Ауданда алғашқы қарлығаштарын ұшырған №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 100 жылдығы тойланды. Қазақстан халқы Асамблеясының 25 жылдығы да күнтізбе тізбегінен табылды. 1995 жылы Қазақстан Республиксының Ата Заңы дүниеге келген болатын. Былтыр еліміздің басты құжатына 25 жыл толды.
2020 жылы ауданның дамуына серпін беретін кәсіпкерлік саласын жандандыруға едәуір жұмыстар жасалды. Мәселен, 2020 жылдың 10 айының көрсеткіші бойынша ауданда кәсіпкерлер саны 2314 субъектіге жеткен. Бұл көрсеткіш 2019 жылға қарағанда 17 пайызға өскен. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 6 жоба қаржыландырылған. Сонымен бірге, жас кәсіпкерлердің 5 жобасы қомақты қаржыға ие болған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде бірнеше кәсіпкер қомақты қаржыға ие болды. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында жеңілдетілген несие алған аудан тұрғындары жаңадан кәсібін бастады.
Жылдың айтулы оқиғаларының бірі – Қазақстан Ұлттық банкі жаңа монетаны шығаруы. 200 теңгелік монета нарықта қолданысқа енді. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты республикалық фронт-офисінің ашылу салтанатына қатысты. Айтулы жылдың ашылуы Сырдария ауданында да өткізілді. Сол жылы ауданға іссапармен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев келіп, аудан жастарымен кездесті. Кездесуде жастарды жұмыспен қамту, белсенді өмірге бейімдеу, жаңашыл, заманауи тұлға қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сол кездегі аудан әкімі Руслан Рүстемов мұнай компанияларының басшыларымен кездесіп, жер қойнауын дұрыс бағытта пайдалану мақсатында жиын өткізді.
2020 жылы ауданда аудиоантология құрастырылды. Жинақта айтыс және жазба ақындарының, әншілердің, сазгерлердің шығармалары топтастырылды.
Елімізде коронавирус індеті өршіген уақыт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға телевизиялық Үндеу жасады. Үндеуде әлемде пандемиямен күрес қарқыны тоқталмайтындығы, коронавирус инфекциясының таралуын тежеу керектігі айтылған. Сонымен бірге, дүрбелең уақытта індеттен бойымызды аулақ ұстау үшін санитарлық талаптарды сақтау керектігі толықтай қамтылған. Індетпен күресте осалдық танытпау жөнінде бірнеше рет көпшілікке Үндеу жолданды.
2020 жылдың 28 наурызында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.
Ауданда көктемгі егіс жұмыстары қызу жүргізілді. 2020 жылы аудан бойынша бекітілген сызбаға сәйкес, 33110 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленген. Сыр салысын сырдариялық диқандар 21126 жерге екті. 1150 гектар жаздық бидай, 2852 гектар жаңа жоңышка, 54 гектар мақсары, 92 гектар арпа, 6815 ескі жоңышқа жерге орналастырылды. Осы жылы шаруалар қамбаға 134158 тонна Сыр салысын құйды.
Ауыл шаруашылығын дамытуды жолға қойған ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, тұрғын үй кезегінде тұрған жергілікті халыққа арналған көп қабатты пәтер салу қолға алынды. Сонымен бірге, бірқатар елді мекенде білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарға енгізілді. Көшелердің жөнделуі, ауыз сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауданға іссапармен келіп, коронавирус инфекциясымен күрес бойынша сақтық шараларына қанықты. Айта кетейік, коронавирус инфекциясынан қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін 2020 жылдың 13 шілде Жалпы аза тұту күні болды.
Өткен жылы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 1980 жылғы түлектері орталық алаңға алып сағат орнатты. Арнайы комиссияның шешімімен «Алтын сағат» атауы берілді. Ал, «Сыр сұлуы» әуені шырқалатын болды. Жылдың тағы бір жаңалығы – «Nur Otan» партиясы өз ішінде праймериз жобасын жүзеге асырды. Еліміз бойынша Парламент Сенатының депутаттарының сайлауы өткізілді. Өңірімізден Парламент Сенатының депутаты ретінде Ақмарал Әлназарова сайланды.
Былтыр аудандық газет редакциясының ұсынысына сәйкес, ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтаповқа «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілді. Өлең құдіретін сезініп, түрлі тақырыпта қалам тербеген басылым ардагері үшін 85 жылдық мерейтойына ерекше тосын сый болды. Бұл ретте, аудан өнерпаздары жыл көлемінде жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. Аудан абыройын асырды. Ал, ҰБТ-дан №129 Ә.Жәмішов атындағы орта мектептің жас түлегі Ұлман Оңғарбаева 130 балл иеленді. Нағи Ілиясов ауылының әкімі Сағдат Нұрмағанбетов «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының өңірлік деңгейде жеңімпаз атанды.
2020 жылы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы «Ауыл» жобасын қолға алды. Жоба аясында елді мекендерде болып, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды, шаруашылық, мектеп, мәдениет жаңалықтарын көпшілікке жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ауданға сапары барысында әлеуметтік нысандармен танысты. Ардагерлер және жастармен кездесіп, түрлі мәселелер бойынша дидарласты.
Аудан орталығында «Ansar» дәріханасының қосымша бөлімшесі ашылды. «Әйтек» су торабы қалпына келтірілді. Сәкен Сейфуллин ауылының 45 жылдығына арналған жинақ жарыққа шықты. Ауданның бірқатар азаматтары «Қазақстан Республикасы Констуциясының 25 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.
2020 жылдың қыркүйек айында Сырдария ауданының әкімі болып Талғат Дүйсебаев тағайындалды. Жаңадан тағайындалған аудан басшысы елдімекендерді аралап көрді. Құрылыс сапасын үнемі бақылауда ұстап, сапалы жүргізілуін назарға алды. Үкіметтік емес ұйымдардың төрағаларымен кездесіп, азаматтық қоғамның дамуына көңіл бөлді. Жол құрылыстарының уақытылы аяқталуы назардан тыс қалмады. Сырдариялықтар жыл соңында көгілдір отынның игілігін көрді. Тұрғындар жаңа баспанаға қол жеткізді. Жыл бойына белсенділігімен танылған түрлі салада қызмет ететін жастар аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері атанды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ