Қызмет көрсету пункттерінде қарқынды жұмыс жүргізілуде
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жалағаш және Сырдария аудандарындағы теміржол қызмет көрсету пункттерінің құрылыс барысымен танысты.Жалағаш станциясы арқылы тәулігіне 5 жұп, яғни 10 жолаушылар пойызы өтеді. Аудан аумағындағы 47 шақырым теміржол бойында 2 станция және 1 разъезд орналасқан. Нысан құрылысына 708 млн теңге бөлінген.
Бүгінге дейін ғимараттың іргетасы құйылды, цемент-бетон блоктары монтаждалып, кірпіші қаланды. Ішкі қабырғаларды сылау және электр желісін монтаждау жұмыстары да аяқталған.
Қазір сыртқы қабырғалары қапталып, бөлмелері әрленуде. Еденге керамикалық тақтайша төсеу, аспалы төбе орнату, перронның тіреу қабырғаларын дайындау және монтаждау қатар жүріп жатыр. Жалпы жоспарланған жұмыстың 65 пайызы орындалды.
Құрылыс аяқталғаннан кейін аумақты абаттандыру «Р и А Сервис ЛТД» серіктестігінің демеушілігі есебінен жүргізіледі. Осы кезде жолаушыларға қолайлы болу үшін күту залы және кассалар теміржол пункті жанындағы ғимаратқа уақытша орналастырылған.
Тереңөзекте де жаңа теміржол қызмет көрсету пункті бой көтеріп келеді. Оған 669,5 млн теңге қаралған. Қазір нысанда гранитпен қаптау, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Вентиляция жүйесі, перронның тіреу қабырғаларының негізі тегістеліп дайындалуда, арматура тоқу, опалубка орнату және бетон құю да қарқын алған.
Қызылорда облысы аумағынан 1051 шақырым теміржол желісі өтеді. «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясына қарасты Қызылорда, Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі, Сексеуіл вокзалдары, Тереңөзек және Жалағаш қызмет көрсету пункттері жұмыс істейді.
Өткен жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика көлеміндегі 124 вокзалды, олардың аумақтарын күрделі жөндеу және абаттандыру қолға алынды. Бұл тізімге Қызылорда облысындағы 7 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі платформа енгізілді.
Бүгінде Арал теңізі, Сексеуіл, Қазалы, Төретам, Жосалы, Шиелі, Жаңақорған теміржол вокзалдары мен Талап бекетіндегі платформа халық игілігіне табысталды. Құрылыс, күрделі жөндеу және қайта жаңғыртуға 10,2 млрд. теңге қаржы бөлінді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










