2008 жыл: Дағдарыс және іс-қимыл
Жаһандық дағдарыстың екінші қуатты толқынын сәтті еңсерген Қазақстан Тәуелсіздіктің 17-жылына үлкен жетістікпен, зор міндетпен аяқ басты. Егемен ел еңсесін тіктеп, Тәуелсіз мемлекет ұлы өркениетке қадам жасады. Оған Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданының да қосқан үлесі зор болды.
Бұл жылы негізінен, аграрлы аудан ауылшаруашылық саласын дамытуға басымдық берді. Облыс көлемінде егілетін жалпы егіс көлемінің 25 пайызы сырдариялықтардың үлесінде болғанын ескерсек, 2007 жылмен салыстырғанда егін егілген аймақ көлемі 176 гектарға артқанын аңғарамыз. Өндірілген күріштің 95 пайызы ауданда өңделіп, өзге мемлекеттер мен Қазақстанның барлық облыстарында сатылған. Осы жылдың қорытындысы бойынша «Мәді Қажы» ЖШС-нің төрағасы А.Камаладдин «Құрмет» орденімен марапатталса, «Алуан-Ас» ЖШС облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін «Озат кәсіпорын» аталымына ие болған. 2008 жылға дейінгі үш жыл көлемінде аудан шаруашылықтарының техника паркі 60 пайызға жаңартылып, 400-ге жуық ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған.
2008 жыл қорытындысы бойынша ауданда белсенді жұмыс жасаған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1934 бірлікті құраған. Барлық тіркелген кәсіпкерліктің 92 пайызы нақты жұмыс жүргізіп отырғандығы айқындалған. Олар өз кезегінде 4140 млн теңгенің өнімін өндіріп, жергілікті бюджетке 222 млн теңге пайда әкелген. Тіркелген шағын бизнес субъектілерінің құрылымында сауда-саттық, автокөлік, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында құрылған заңды тұлғалардың үлесі зор болған. Осы жылы «СМ Пласт сервис» ЖШС аудан орталығында өз жұмысын бастаса, жобалық қуаты күніне 100-120 адамды қабылдайтын монша кешені қайта жабдықталған.
Халықты әлемдік деңгейдегі білім сатысына көтеру – қай күннің болмасын өзекті мәселесі. 2008 жылы 100 мектеп құрылысын салу жобасын жүзеге асыру мақсатында Тереңөзек кентінде жобалық құны 1,4 млрд теңге республикалық бюджет қаржысын құрайтын 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің желісін кеңейту, мектепке дейінгі оқытумен қамту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 10 балабақша, республикалық бюджеттен 3 балабақша салынып, жаңадан іске қосылған.
2004-2008 жылдар аралығында Сырдария ауданын Ибрагим Әбибуллаев басқарған. Ол ауданның ауылшаруашылығы өндірісін жақсартуға айрықша басымдық берді. 2008 жылдың екінші жартыжылдығынан ауданға жаңа басшы келген. 11 маусымда Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалған Сұлтанбек Тәуіпбаев ауылшаруашылығы мен өндіріс, кәсіпкерлік саласының дамуына тың серпіліс әкелген. Аудан әкімдігінің бастамасымен ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында егін шаруашылығын әртараптандыру, элитикалық тұқым қорын молайту және мал тұқымдарын асылдандырудағы кешенді шаралар жүйесі жоспарланып, «Ауыл» бағдарламасы іске асырылған. Атқарылған шаруалардың барлығы егемен елдің әлемдегі экономикалық қаржы дағдарысынан сүрінбей өтуіне ықпал етті.
Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын өз деңгейінде жаңғыртқан аудан мәдениет саласын да назардан тыс қалдырмады. Халыққа мәдени қызмет көрсету ісі үздіксіз жалғастырылып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Соның ішіндегі сол жылғы басты оқиғалардың бірі аудан көлемінде Сырдарияның төл перзенттері, қазақ әдебиетінің алыптары Қ.Мұхамеджанв пен Ә.Жәмішевтің 80 жылдық мерейтойының атап өтілуі болған.
Қоғалыкөл ауылында пошта жұмысын дұрыс ұйымдастыру мақсатында жаңа пошта үйі және ауылдық округ әкімшілігінің ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ 2008 жылы Сырдария аудандық архивінің құрылғанына 20 жыл толған.
Қазан айында ғана іргетасы қаланған халыққа қызмет көрсету орталығы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қолданысқа берілген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Жүсіпов жұмыс сапарымен ауданда болып, орталықтың ашылу салтанатына қатысқан. Ғимарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Бір терезе» қағидаты бойынша салынып, мұнда түрлі құжаттарды тіркеу, сан-салалы қызмет түрлерін бір мезетте пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Ауданда оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтар болғанымен, дәл сол жылы дарияның қауіпті тұстарындағы бөгеттерді бақылап жүрген тікұшақ апатқа ұшырап, оқыс жағдай жарияланған. Бортта 18 адам болған. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Сағитжан Бермағанбетов оқиға орнында қайтыс болса, қалған төртеуі ауыр дене жарақатынан ауруханада көз жұмған. Тағы 5 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Қауіпті қызмет барысында азаматтар жанын құрбан еткенімен, «Судың – тілсіз жау» екені анық. Дариядағы жағдай күрделеніп, сақтық шаралары жалғасқан. Табиғи апаттан сақтауын тілеп, Жаратқаннан жәрдем сұраған халық жиналып тасаттық та берген.
Көктем басында өткен селекторлық кеңеске төрағалық еткен облыс әкімі М.Құл-Мұхаммед мұз көшкінінің Қызылорда, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы тұсынан аман-есен өткенін атап өтті. Осылайша сындарлы сәтте күш жұмылдырған халық сеңнен сау өтіп, көктемгі қарекетке кіріскен.
Осындай бір қуаныш, бір «әттеген-айы» қатар өмірдің тағы бір көктемін артқа қалдырған сырдариялықтармен кездесуге Елбасы Н.Назарбаев келген. Маңызды сала қызметтерімен танысқан Нұрсұлтан Әбішұлы Қызылорда қаласындағы Тұңғыш Президент паркінің ашылу салтанатына қатысқан.
2008 жылы аудан халқы еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздіктің 17 жыл толуын зор ықыласпен атап өткен. Еліміз үшін аталған мерзім тарихи жаңару кезеңі болғаны белгілі. Бұл уақыт аралығында Қазақстан әлемдік сахнада қуатты да кемелді, беделді де ықпалды, көршілес мемлекеттер арасында үлкен беделге ие елге айналып үлгерді. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар 50 мемлекет қатарынан лайықты орын алуға ұмтылған Қазақстан егемендіктің 18-жылына нық сеніммен қадам басқан.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ