Жыр алыбы – Жамбыл
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жоғалғанымыз табылып, тарихымыз түгенделе бастады. Сол негізде ұлт руханияты ұлықталып, қазақ елінің өркендеуіне үлес қосқан тұлғаларды дәріптеу бүгінде жолға қойылды. Өткен жылы қазақ жұрты бас ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтіп, даналықтары дәріптелді. Ал биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы жыл көлемінде аталып өтілмек. Осыған орай мерейтойды ресми түрде мерекелеу басталды.
Өлең сөздің дүлділі саналатын Ж.Жабаевтың мерейтойын атап өтуге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырмалар жүктеді. Ел Президенті Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жыршының өнегелі өмірі мен артында қалған мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттаудың маңызы зор екенін атап көрсетті. Осы орайда, арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, жалпы республикалық жоспар бекітілді. Сол бойынша биылғы Жамбыл жылы аясында республика көлемінде 500-ден аса әлеуметтік-мәдени, ағартушылық, ғылыми және білім беру жобасы іске асырылмақ. Сондай-ақ ақын өмірі жайлы фильмдер түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу жұмыстары жоспарланған. Бұл іс-шаралар республика және шетелдерде жыл бойы өткізіледі.
Ақын мерейтойы жылының ашылу салтанаты өткен аптада бас қаладағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мерейтойдың мемлекеттік комиссиясының төрағасы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, зиялы қауым өкілдері және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, салтанатты жиында ақын тойын ресми түрде ашып берді.
«Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған концерттік бағдарламада ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Министр мәртебелі жылдың межесіне тоқталып, Абай мен Жалбыл ақындардың үндестігін атап айтты.
– Қазақ елінің тарихында тағылымды тұстар жетерлік. Дәстүрімізді дәріптей отырып, жақсымызды жарқыратып ұстауды, оны ұлықтап, Тәуелсіздік күнін күткелі бері мемлекет саясатының бір арнасына айналдыра алдық. Егемендік алғаннан кейін Елбасының халықаралық аренадағы беделінің арқасында ЮНЕСКО аясында ұлы ақын Абайдың 150 жылдығын атап өтуге қол жеткіздік. Енді тағы бір ұлы тойдың кезегі келіп тұр. Биыл ұлтымыздың ұлы жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығын атап өткелі отырмыз. ХІХ ғасырдың ортасында өмірге келген екі ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде атап өтілуде. Ұлтымыздың осындай ұлы тұлғаларынсыз ғасыр сырын, ғасыр мұңын түсіну бізге әлдеқайда қиын болар еді. Абай мен Жамбыл – бір заманның, бір дәуірдің біртуар тұлғалары, – деді А.Райымқұлова.
Сондай-ақ министр Жамбыл жылын атап өтудің маңыздылығын да жеткізді.
– Жамбыл Жабаевтың биылғы мерейтойында айтулы ақынның өмірі мен шығармашылығын жалпы ұлт мақтанышы ретінде ғана қарастырмай, жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, патриотизм мен отансүйгіштікке тәрбиелеудің ықпалды құралына айналдыру межеленіп отыр. Жамбыл құдіреті, оның дүние дидарына жайылған даңқы дала төсіндегі дара дәстүрді паш етті. Тек өз тіліндегі тұма жырмен сусындап өскен ақынның табиғи таланты халық әдебиетін әлемдік деңгейге аспандатты. Бұл ерекшелікті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбылдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде: «Жамбыл сан ғасырлық ақпа-төкпе суырыпсалма ақындық өнердің, жыраулық дәстүрдің көшін ілгері апарып, осы заманға жеткізген және небір тарихи өзгерістерді сол үрдістен алшақ кетпей-ақ жырлай білген заңғар құбылыс» деп айшықты да анық айтқан. Демек, Жамбыл жыры бізді далалық дәстүрлеріміздің жаңа замандарға да жақсы жарасатын қымбат қасиеттерін қадірлеуге, қастерлеуге үйрететін үлгі. Жамбыл поэзиясы өткен ғасырда да, жаңа ғасырда да небір сындардан өтіп, еркіндік сүйген өршіл халқының рухын көтеруде, ұлтымызбен бірге жасап келеді және мәңгілік жасай береді, – деді Ақтоты Рахметоллақызы.
Салтанатты іс-шара барысында көрермендерге «Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған қойылымы ұсынылды. Сонымен қатар ақынның атақты айтыстары мен әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және тағы да басқа тағылымды туындылары орындалды.
Жүз жыл жасаған ақынның өлмес мұрасын өнеге ету – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы мағыналы, мазмұнға толы іс-шаралармен өрнектелуі тиіс. Жыл көлемінде сырдариялықтар да ғибратты ғұмыр иесінің мерейтойына арналған ауқымды іс-шараларды жүзеге асырады. Сол арқылы Жамбыл жылы тойланып, Жамбыл жыры насихатталады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ