Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2002 жыл: Инвестиция үш есеге артқан

2002 жыл: Инвестиция үш есеге артқан

«Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жай­ласам, Сырдың бойын қыс­тасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен...». Бұл – Асан қайғының ырыс қонған, құт мекен Сыр еліне қарата айтқаны.

Осындай киелі өлкенің іргетасы 1928 жылы қаланып, сол ке­зеңнен бері қарай небір заманды бастан өткерген. Тәуелсіздік ал­ғалы даму мен жаңарудың даңғыл жолына түскен кент келбеті жыл өткен сайын айшықталып келеді. Өткенге көз жүгіртіп, 1991 жылдан бергі ауданның маңызды оқиғаларына құрылған сараптама «Тәуелсіздік шежіресі» айдарымен тұрақты шығып отыратынын газет оқырмандары біледі.

2002 жылдың 12 наурызында Астанада Қазақстан журналистерінің бірінші конгресі өткен. Еліміздің барлық аймағынан келген 400-ден аса делегат пен меймандардың алдында Елбасы Н.Назарбаев сөз сөйлеп, БАҚ өкілдерінің бүгіні мен алдағы міндеттерін саралаған.

Маңызды конгресте сөйлеген Тұңғыш Пре­зи­дент­тің сөзі аудандық газет бетінде талқы­ланып, көлемді мақала басылған.

Наурыздың соңына қарай ҚР Премьер-министрі И.Тасмағанбетов жұмыс сапарымен Қызылордаға келіп, 600 мыңнан астам халқы бар аймақтың жетістігі мен жетпей жатқан тұстарына қатысты қайшылықтарды сараптаған. Премьер-министрдің алдына су желісі, көпір құрылысы, күріш өндіру­шілер тағдыры, денсаулық сақтау саласына қа­тысты мәселелер қойылып, талқыланған.

2002 жыл «Денсаулық жылы» деп жариялануы-на байланысты ауданда мемлекеттік мекемелер арасында қысқы спартакиада ойындары өткізілген. Қыс айларынан басталған спартакиада наурызда өз мәресіне жетіп, жалпы командалық есеп бойынша, білім бөлімі І орын иеленген. Келесі орындарды №10 кәсіптік мектеп, №5 өрттен қорғау бөлімдері қанжығаларына байлап, қатысушылар туризм және спорт комитеті төрағасы Ш.Қиықбаевтың арнайы алғыс хат және бағалы сыйлықтарымен ма­рапатталған.

Наурыздың 28-і күні аудан әкімі Ә.Хожбанов қыстақ тұрғындарымен кездескен. Көктемгі егіс алдындағы бұл кездесуде аудан басшысы алда атқарылуға тиіс жұмыстар жайлы айтқан. Халықтың көкейіндегі мәселелерді тыңдап, мәселені шешу жолын қарастырған. Жиынға сол кездегі қыстақ әкімі Т.Рахметов қатысып, тұрғындар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берген.

Сол жылы аудандық ономастикалық комиссия шешімімен, ауданның су шаруашылығы тарихында есімі ерекше аталатын С.Бедебеков пен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарған Қ.Қазантаев есімдеріне көше беру жөн деп табылған. Ал Ақжарма ауылының орталығындағы бір көшеге сол ауылдағы соғыс және еңбек ардагері М.Томпалақов есімі берілген.

Аудандық газет кентке қатысты ақпармен ғана шектелмей, республика көлеміндегі жаңалықтармен бөлісіп отырған. Соған сай, 2002 жылы наурыз айынан бастап «Ел арна» арнасының көгілдір экранға шыққанын жазыпты.

Етек жиып, еңсе түзеп келе жатқан ауданның экономикалық хал-ахуалын жақсартуға аудан бас­шылығы көп күш салған. 2002 жылы аудандағы негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 73,9 миллион теңгені құрап, 2001 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге өскен. Жергілікті бюджет есебінен бірнеше әлеуметтік сала нысандары іске қосылған. Жалпы алаңы 2499 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, аудан орталығында ұзындығы 920 метр жаңадан ауыз су құбыры тартылған. Аудан бойынша жолдарды жөндеу мен оларды қалпында ұстауға қажетті қаражат уақытылы бөлініп отырған. Осы жылғы аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің мәліметі бойынша, жұмыссыздықпен тіркелген 454 адам жұмысқа орналастырылған.

Аудандағы ауыл шаруашылық саласы да жоғары деңгейде дамып, сәуір айының басында 2200 гектар жерге бидай егілген. Оның 1000 гектары «Шаған» агрофирмасының үлесінде болса, 300 гектары Ақжармалықтарда.

Сол жылы аудан әкімі аппаратының конкурстық комиссиясының ұсынысына сәй­кес Б.Лекеров аудандық ауылшарушылығы басқар­масының бастығы болып, ҚР Ішкі Істер Министрінің бұйрығымен С.Елемесұлы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалған.

2002 жылы Арал ауданының жүз жылдық мерейтойы тойланған. Соған сәйкес «Тіршілік тынысы» газетінде Арал ауданының әкімі Б.Қодамановтың жерлестеріне өтініш-тілегі жарияланған. Онда арнайы қор құрылғандығы, жиналған ақшаға Арал қаласын көркейту жұмыстары жүргізілетіні мәлімделген.

Сәуір айында аудан әкімінің ұйымдастыруымен 65-80 жас аралығындағы 30-дан астам соғыс және еңбек ардагері Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне барып, зиярат етіп қайтқан. Бұл қайырымдылық шарасына «Шапағат» ЖШС (төрағасы Б.Еламанов) демеушілік жасаған.

Аудан әкімдігі аумақтық бөлініске кіретін мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың мәдени-тұрмыстық және әлеуметтік жағдайларын анықтау мақсатында қоғамдық комиссия құрған. Арнайы комиссия мекемелерді аралап, қажетті шараларды атқарған.

«Қазақстан-2030» бағдарламасы аясында ақпараттандыру, компьютерлендіру бойынша шаралар атқарылған. Соған орай, аудан әкімдігінде арнайы семинар-кеңес болып өткен. Онда техниканың тиімділігі, оны пайдалануға қатысты түсіндірулер болған. Семинарда сөз алған аудан басшысы Ә.Хожбанов мемлекеттік мекемелерде компьютерлік жүйемен жұмыс істеу тәжірибесі туралы баяндама жасаған. Сол жылы республикалық бюджеттен 15 мектеп, жергілікті бюджеттен 6 мектеп жаңа буындағы компьютермен жабдықталған. Бас қосу соңына таяу облыс басшысы С.Нұрғисаев Сырдария ауданындағы ауыл округ әкімдеріне салтанатты түрде компьютерлер табыс еткен.

2002 жылдың 13 желтоқсан күні Астанада Үкімет басшылары мен әкімдердің қатысуымен Республикалық кеңес болып өткен. Елордаға жиналған Үкімет мүшелері мен әкімдердің алдында Сырдария ауданы әкімі Әріп Хожбанов облыс атынан сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін мәселелер жайлы айтқан.

Ауданның айнасына айналған «Тіршілік тынысы» газетінде сол жылдары «Ойтүрткі», «Хабар-2002», «Дерек пен дәйек» айдарлары бойынша ақпараттар беріліп тұрған. Сондай-ақ, мереке күндеріне орайластырылған арнайы мақалалар жарияланып отырған.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 маусым 2021 ж. 497 0