Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2001: Елбасы сапарымен есте қалған жыл

2001: Елбасы сапарымен есте қалған жыл

Жаңа ғасырға аяқ басқан мемлекетіміз егемендіктің оныншы жылын «Тәуелсіздік және достық жылы» деп жариялаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл Жарлық Тә­уелсіздіктің 10 жылдығына жасалған құрмет екендігін айтып, айтулы мерекені мәнді де сәнді етіп өткізу үшін арнайы комиссия құрған. Он жылдық мерейтойды атап өту мақсатында республикалық комиссиясыны сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағанбетов басқаратын болып бекітілген.

2000 жылды қорытындылап, жаңа күнге қадам басқан аудандық газеттің жаңа жылдағы алғашқы санында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Б.Шағырұлының «Әкім шыршасының шырайы» мақаласы жарық көріпті. Онда жаңа жыл қарсаңындағы аудандық сауықтыру кешенінде өткен аудан әкімінің жаңа жылға арнаған мерекелік шарасы өткендігі мә­лімденген. Мерекелік шыршада аудан әкімі Әріп Хожбанов балаларды жаңа жылан жылымен құттықтағаны айтылып, сөз соңында автор «ұйым­дастырушылар мына жайтты ескерсе» деген талап тілегін де жазыпты. Онда бағдарлама барысында үнді, түрік, өзбек билері нақышына келтіріліп орындалғанымен, Тәуел­сіздіктің 10 жылдығы қарсаңында қазақ биінің сахна төрінде көрініс бермегенін сынға алған екен. Сондай-ақ, аудандық газетте «Құлаққағыс», «Бір ауыз сөзім бар» айдарлары жарық көріп отырған. Онда поселке тұрғындарының ауданда тұралап тұрған тұрмыс-тіршілікке қатысты ой-пікірлері, ұсыныстары берілген. Біз мұнан аудандық газет намыс қамшысы болғанын аңғарамыз.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығын аудан көлемінде өткізуге қатысты арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Ол бойынша аудандық ұйым­дастыру комиссиясы құрылып, құрамы бекі­тілген. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Тағы­баев ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып бекітілсе, аудан әкімі аппа­ратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің жетекші маманы Ж.Төралиев комиссия хатшысы болып сайланған. Аталған ұйымдастыру комиссиясына Р.Бексейітова, С.Ерімбетова, Н.Алматұлы, Ж.Айсин, Ә.Мерей, Ш.Қиықбаев, Б.Әбуталипов, П.Әлай­даровтар мүше болып, егемендіктің онжылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге белсене атсалысқан.

Ауданның тыныс-тіршілігімен халықты құлағдар етіп, ақпараттандырып отырған «Тіршілік тынысы» газеті елдегі, облыс пен аудандағы маңызды мәселелерді жазып, кент тұрғындарының «көзі, құлағы, һәм тіліне» айналған. Дегенмен 2001 жылы баспасөзге жазылу айрықша қиын жағдайда өтіпті. Баспасөзге жазылу мерзімі бітуге таяғанда өткен жылғы мен сол жылғы көрсеткіштің арасы жер мен көктей болған. Дегенмен көзі ашық, көкірегі ояу қалың оқырман аудандық газетке қолдау көрсетіп, жедел жазылуды бастаған. Әсіресе жекелеген шаруашылықтар мен мекемелер жылы лебіздерін білдірген. Шаған агрофирмасы 200, ауыл мектебі 43 дана газетке жазылса, поселке орталығындағы аудандық ішкі істер бөлімі, туберкулезге қарсы күрес диспансері, өртке қарсы күрес бөлімшесі, №210, №36, №132 мектеп ұжымдары газетке айрықша жанашырлық танытқан. Нәтижесінде 2001 жылғы газет таралымы 2160-қа жетіп, рекордтық көрсеткіш орнатқан. Айта кетейік, сол кездегі бағам бойынша газетке жазылу құны жекелер үшін – 400 теңге, мекемелер үшін – 800 теңгені құраған.
Сол жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен облысымыздың көп балалы аналарына құрмет көрсетіліп, «Күміс алқа» белгісі табысталған. Солардың ішінде Сырдария ауданының ардақты аналары да марапатталып, 16 кісінің тізімі аудан­дық газет бетінде жарияланған.

Жылан жылы басталысымен Астанада өткен республикалық кеңесте Елбасы сөз сөйлеп, сындарлы сәтте экономиканы өркендету, халықтың тұрмысын жақсарту тұрғысында барлық деңгейдегі әкімдердің алдына қойылатын міндеттерін саралаған. Осы жиын барысы аудандық газетте талқыланып, «Президенттің он тапсырмасы» деген тақырыппен әкім­дерге міндеттелген басты тапсырмалар тізбектелген. Бірінші кезекте жұмыс­сыздықпен және кедейшілікпен күресті жедел қарқында жандандыру, осы мақсатта шағын және орта бизнес үшін жағдай жасап, қоғамдық жұмыстар мен шағын несие беру тәжірибесін кеңейту керек делінсе, одан кейін тазалық пен реттілік орнатылуына, денсаулық сақтау саласын, білім, қаржы салаларын жетілдіруге баса мән берілген. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай кедейшілік пен жұмыссыздықты жою басты мақсатқа айналған. Облыс және аудан көлемінде «2000-2002 жылдарға ар­нал­­ған кедейшілік пен жұмыссыздықты жеңу» бағдарламасы құрылып, ол бойынша біршама жұмыстар атқарылған. Атал­ған бағдарламаға сәйкес 2001 жылы қоғамдық жұмыспен 350 жұмыссызды қам­ту белгіленген.

Бұл жылы да қытымыр қыс аудан халқын әбден титықтатса керек. 8 қаңтар күні Сырдария өзеніндегі понтон көпірі сең күшімен бұзылып істен шыққан. Нәти­жесінде ауданның арғы бетіндегі елді мекендермен қатынас тоқтап, қаңтардың қатты аязы көпірді жөндеуге мүмкіндік бермеген. 26 қаңтар күні төтенше жағдайлар комиссиясының екінші мәжілісі болып, онда аудан әкімінің бірінші орынбасары К.Сәрсенбаев іс-шаралар жоспарын таныстырған. Мәселені шешіп, зардап шеккен құрылысты қалпына келтіру жұмыстарын аудандағы «Сәулет» кәсіпорны қолға алған. Барлық мүмкіндіктерді есепке алған жауапты тұлғалар ақпан айының 2-3 күндері Сырдария арқылы жол қатынасы орнығады деп жоспарлаған.

Сол жылдары қыстың қаттылығы сонша, қойға қасқыр шауып, бұл туралы суыт хабар «Бөрілер «бөркін» аспанға атып тұр» тақырыбымен мал дәрігері С.Бекниязұлының мақаласында берілген. Қыстың қаһарына мінген соңғы күндері мал ауылдан ұзап шыға алмай, қораны паналағанда қасқырлар қораға шабуыл жасай бастаған. Аштықтан әбден көр болған бөрілер «ұятты ысырып қойып» адамға да шабуыл жасаған. А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны осындай бір қауіптен Құдай сақтап, аман қалыпты. Ауыл арасында «қасқыр қашарды бүйірінен тартып, жаралап кетіпті» «сиырды жарып кетіпті» дегенге құлақ үйреніп, күнделікті үйреншікті жағдайға айналып бара жатқан соң, А.Тоқмағамбетов ауы­лының мал дәрігері газет бетіне мақала жазып, құзырлы орындардан көмек сұраған.

Халық тұрмысының аяққа енді тұрып келе жатқаны бар, сол жылдары жағдай мәз болмаса керек. Қасқыр қасқыр ма, адамдар арасында да ұрлық-қарлық көбейіпті. Оны сол жылы газет беттерінде «Сот іс қарады» айдарымен жиі ақпарат басылғанынан аңғардық. Наурызда аудандық прокуратура ғимаратында облыстық жаңа прокурор Қабдолла Төлегенов аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, мал ұрлығы мен жастар арасындағы қылмыс мәселелерін талқылаған.

2001 жыл аудандық басшылық құрамда жаңа өзгерістер орын алып, тағайындаулар газет арқылы халыққа хабарланған. Аудан әкімінің шешімімен Бақытжан Лекеров аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалса, «Тіршілік тынысы» газетінің директор-редакторы қызметіне Сәуле Ерімбетова бекітілген.

Сол жылы Ұлы Отан соғысының аяқ­талғанына 56 жыл толса, Чернобыль апатына 15 жыл болып, аудан орталығында Чернобыльдік жауынгерлермен бас қосу өткізілген. Чернобыль апатын жоюға қаты­сып, аман-есен ауданға оралған азаматтар 23 сәуір күні орталық саябақта өз қолдарымен жас шыбықтар отырғызған.

2001 жылы аудан үшін табысты бол­ғанымен, «әттеген-айды» айтқызған тұстар да болыпты. Қазақ әдебиеті, қазақ драматургиясы қара жамылып, 73 жасқа қара­ған шағында Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановты келмес сапарға аттандырған. Қызылорда облысы, Тереңөзек кенті, Шіркейлі ауылында дүниеге келіп, төл мәдениетіміз бен ұлттық өнеріміздің дамуына үлкен үлес қосқан драматургтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құ­дағи келіпті», «Жат елде» туындылары сахналанып, көрерменнен бағасын алған.

Маусым айында сол кездегі облыс әкімі С.Нұрғисаев ауданда жұмыс сапарымен болып, шаруашылықты аралап, халықпен кездескен. Облыс басшысы ең алдымен аудандағы жөндеуден өтіп жатқан жол құрылысына ат басын бұрып, одан соң Қалжан ахун шаруа қожалығындағы мектептің ашылу рәсіміне қатысқан. Кейін өзге ауылдарды аралаған облыс әкімімен бірге облыстық қаржы басқармасының бастығы Әжібеков, аудан әкімі Ә.Хожбанов тиісті мекемелерге барып, шаруаның мән-жайымен таныстырған.

5 қыркүйекте «Тереңөзек астық» акцио­нерлік қоғамы сол жылдың алғашқы асты­ғын қабылдаған. Диқандар мол өнім алып, халық молшылыққа кенелген. 2001 жылы егілген 2300 гектар жаздық бидай толық жиналып, әр гектардан 11,5 центнерден өнім жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 центнер артық астық алынған.

2001 жылдың айтулы жаңалықтарының бірі – қазан айының аяғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыр еліне жұмыс сапарымен келуі болды. Президент Еңбек Ері Б.Мұстапаевамен, аудан әкімі Ә.Хожбановпен, поселке ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Маханбетовпен, Б.Боранқұлова, С.Ембергенов, А.Бақтия­рова­лармен сұхбат құрып, жағдай сұрас­қан. Бұл сәттер Сыр тарихында алтын әріптермен жазылып қалары анық.

2001 жылы баспа бетінде «Тәуелсіздік жылнамасы» айдары ашылып, газеттің әр санында 1991 жылдан 2001 жылға дейінгі аудандағы маңызды оқиғалар мен атқарылған істер беріліп отырған.

Түйін. Егемендік алып, еңсесін тіктеген ел тарихының ауданға қатысты бір бөлігін еске түсіріп, өткенге көз жүгірттік. Осыдан жиырма жыл бұрынғы кент келбетімен салыстырғанда бұл күнде үлкен даму мен қарыштап алға қадам басушылық анық аңғарылады. Сол жылдары «Тәуелсіздік жылнамасы» айдары 10 жылдықтың есебін жазып, оқырманды көзайым етсе, бүгінгі тарихты, 30 жылдық «Тәуелсіздік шежіресі» айдарын ақпараттандыру бақыты бізге бұйырыпты. Ендеше ел егемендігі мен тәуелсіздігі берідегі жүз жылдық пен әрідегі мың жылдықтарда жасай берсін деп тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
29 мамыр 2021 ж. 399 0