Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдіктің асқақ өлеңі

Елдіктің асқақ өлеңі

Бала кезімізде отбасымызбен олимпиадалық ойындарды жі-бермей көретін едік. Экранның бергі жағында отырып, сынға түскен спортшыдан бетер сезімге беріліп, тақым қысып отыратынбыз. Өзімізше жанкүйерміз. Өзге елден басып озып, қазақстандықтар үш мінбердің ең биігінде тұрса екен деп шуылдайтынбыз. Сайыс аяқталған соң шымыр денелі ағалар мінберге шығатын да, әр елдің Туы жоғары көтерілетін. Ол кезде кішкентаймыз, спорт не, олимпиада не, мәніне жете бермейміз. Әйтеуір, көк Туымыз желбіреп көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалғанда әлгі мінберде өзіміз тұрғандай бойымызды ерекше сезім билейтін. Сөйтсек, ол – патриоттық сезім екен ғой...

Көк тудың желбірегені,
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен Ту
Жан емес маған керегі.
Рухқа толы осы әнді білмейтін қазақ жоқ шығар. Құлағымыз шалып қалса, ыңылдап, қосылып шырқай жөнелеміз. 2011 жылдан бастап Ибрагим Ескендірдің орында-уында халыққа жетіп, 2012 жылғы Лондон олимпиадасы кезінде тіпті танымалдыққа ие болған әннің алғашқы орындаушысы – опера әншісі Майра Мұхамедқызы екенін, әннің тарихы тереңде екенін біреу білсе, біреу білмес.

Ән авторы Алмас Ахметбекұлы – өзіндік үні, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Оның қай шығармасын алып қарасақ та, туған елге деген ерекше сезім мен ыстық ықылас сезіліп тұрады. «Дауыс», «Ширығу» сынды бірнеше жинақтың авторы 2015 жылы «Көк тудың желбірегені» деген айдар тағып, өлеңдер жинағын басып шығарған. Оның телевизиялық сұхбатын тыңдап, жүрегі нәзік, сезімтал ақын екенін айқын аңғардық. Әр сөзінен шынайылық пен туған елге деген махаббат иісі аңқып тұрады. Халық туралы сөз айтқанда көзіне жас алып қалуы да – асқақ рухты ақынның шынайы келбеті. Осындай сыршылдық пен нәзік сезімнің әсері шығар, Алмас Ахметбекұлы самал желмен әуелеп тұрған көк Туға қарап, бойын ерекше сезім билеп, бүгінде баршаға танымал «Көк тудың желбірегені» әнін дүниеге әкелген.

Алаш арыстары ашқан мектепте білім алған әкелері арда азаматтарды ел ішіне сыйдырмаған сұрапыл сәт – 30-жылдары қуғын-сүргін құрбанына айналып, жат елге қоныс аударған. Іле аймағындағы Қазақ автономиясында беделді қызмет жасаған Ахметбектің шаңырағында Алмас есімді ұл дүниеге келген. Тілімен от көсеп, жырымен алмас қылыштай жанып түсер ақын осылайша 1961 жылы ҚХР, Тарбағатай аймағында туған. Ол 80-жылдардан бастап өлең өлкесіне ден қоя бастаған. «Ел тәуелсіздігін алған соң, жат топырақта бір сәт те табан тіреп тұрмаспын» деген дара талант иесі «Туған жерге тағзым» деп Атамекенін аңсап, Тәуелсіздіктің он төртінші айында, 1992 жылы азат топырағына табаны тиген. Осы жылы Қазақстанның Мемлекеттік Туы ресми түрде қабылданып, салтанатты жиын барлық арналардан көрсетіліп жатты. Елбасы Н.Назарбаевтың көк түсті байрағымызды ерекше тебіреніспен тізерлеп тұрып сүйген бейнежазбасы бейнеқорда сақталып тұр. Сол жылдары көгілдір экраннан көк Туды қабылдау салтанатын көрген ақын ерекше сезімге бөленіп, бұл туралы:

– Сол кезде Елбасының кеңсірігі бүлкілдеп, тынысы жиілеп ерекше күй кешіп тұрғанын көрдік. Экранның ар жағында тұрған біз егіл-тегіл көз жас-қа ерік бердік, – деп еске алады бір сұхбатында. Себебі, көк байрағымыз аңсап жеткен азаттық пен еңселі егемендігіміздің символы еді. Қазақтың Елтаңбасы, Әнұраны, Көк байрағы – мемлекетіміздің айбары. Онда халықтың сан ғасырлық таным-түйсігі, арман-мұраты, дәстүр-салты көрініс тапқан. Ашық аспан, алтын күн, қалықтаған қыран құс бедерленген Туымыздың көзге ыстық көрініп, жүректі шымырлататыны да содан.

«Көк тудың желбірегені» әні Рәміз-дерімізбен тетелес, яғни 1995 жылы қазақ-қытай шекарасында туған екен. Алмас ақынның ол кезде қаламы төселіп, қалыптасып қалған кезі. Жат жұрттағы отбасын біржолата Қазақстанға көшіріп алмақ ниетте шекара асып, елге қайтып келе жатқан беті. Отбасы мен өзі Отанға оралғанымен, қаншама қандасы жат жұртта қалып, көңілі құлазыған ол шекарадағы Туға қарап ерекше әсерге бөленеді. Ол кезде қазіргідей кеден жоқ, қарсы алдында жұпыны кеңсе, төбесінде көк Ту құшағын ашып, елге шақырып тұрғандай болады.

– Қатты желмен тасырлай соққан Ту талай ғасырдан сыр шертіп тұрғандай. Желдің әсерімен желбіреген жалау өзгеше бір әуен шығарып, маған бір нәрсе айтатын сияқты. Ту дауыстап «сөйлеп» тұрды, – деп тебірене еске түсіреді ақын сол кездерді.

Осындай көрініс шабыты сергек ақынға әсер етпеуі мүмкін емес. Сол жерде сезімге ерік берген таланттың көңіліне Тудың не айтқысы келгені жыр болып құйыла береді. Өзінен өзі ойына оралған өлең жолдарын жылдам қағазға түсіріп алады.

Көк тудың желбірегені –
Елдіктің асқақ өлеңі.
Әр жаққа тартпай, қазағым
Бір сөзге жинал дегені...
Қиырда қалған қазақтың
Ата жұртына жете алмай
Көзінің мөлдірегені, – деген жолдар шекарада туған екен. Шабыты шалқыған ақын зор тебіреніспен, Тәуелсіздіктің тәтті сыйы болған Туға қарап тұрып осы өлеңнің сөзін дүниеге әкелген.

1996 жылы бұл өлең алғаш рет баспа бетін көріп, газетке басылған. Жігерлі, «тілге жеңіл, жүрекке жылы», «теп-тегіс, жұмыр» өлеңді жұрт қолдан-қолға тигізбей оқып, ақын мерейі арта түскен.

Оқырманға ой салған жырға ән жазып, әуенге айналдырғысы келгендер де көп болған. Бірақ, сөзіне әні сай келмей, талай ән жарыққа шықпай қалды. Бұндай батыл қадам талантты композитор, сазгер Ермұрат Зейіпханның ғана қолынан келіп, ол әннің әуенін жазып шыққан. Жырға ән қосылып, керемет әуенге айналмағанда, сөздің өзі бүгінгі күнге жеткенімен, қаншама қазаққа рух сыйлар ма еді, әлде шаң басқан архивтерде ұмыт қалар ма еді, кім білсін?! Айтпағымыз – «Көк тудың желбірегені» әнінің танымал болуында сөзбен бірге әнін жазған композитордың еңбегінің ерен екендігі.

Алғашқыда сазгер әнді екі нұсқада ұсынған. Оны ақын екеуі өңдеп, сұрыптай келе, біреуін таңдаған. Шығармашылық пен шабыт деген қиын дүние екенін ескерсек, ән мен сөзді бір-біріне артық ауызсыз үйлестіру тек шын таланттың ғана қолынан келері сөзсіз. Сол сияқты бұл туынды да өз ақыны мен сазгерін, халыққа жеткізуші әншісін адаспай тапқан. Ән мен сөз үйлесім тапқанына баладай шын қуанған Алмас ақын сазгер Ермұрат ба-уырына үйіндегі фортопианосын «әніңнің байғазысы» деп сыйға тартқан екен.

Әннің ең алғашқы орындаушысы – әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы. 2001 жылы Атамекендегі алғашқы концертін берген әнші шығармашылық кешін Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған әнмен бастап, «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқтаған.

Опералық сазбен айтылған ән сол кезде көрермен көңіліне ерек сезім ұялатқанымен ән мен әнші ұзақ жасаса алмай, әнді орындау бақыты жұбай әншілер Құрманбек Әлімғазыұлы мен Риза Қайырбайқызына бұйырады.

Кейін бұл әнді ақын-жазушы, сазгер әрі опера әншісі, мәдениет қайраткері, осы туындының әнін жазған Ермұрат Зейіпхан нақышына келтіріп орындап жүрді. Өзі автор болғандықтан да болар, ән әншісін тапқандай көрерменге басқаша қырынан әсер қалдырып, естір құлақтың құрышын қандырды. Бірақ Е.Зейіпхан 2011 жылы қапияда көз жұмған. Үрімшіге сапарлап барған сазгердің өкпесінде ақау бар деп табылып, сол жақта ота үстеліне түседі. Дәрігердің қателігінен қазаға ұшыраған сазгерді жерлеу рәсімінде Қ.Жұмаділовтің «Айналайын, қарағым-ай, Үрімшіге барып пышаққа түсіп қалғаның-ай» – деп налуы «Көк Туды» әр қазақтың қолына ән қып ұстатқан азаматтың соңғы демін өз жерінде ала алмағанына қапалануынан болса керек.

«Көк тудың желбірегені» әнінің бүгінгі орындаушысы, әнді үлкен танымалдыққа жеткізген – әнші Ибрагим Ескендір. Бүгінде көпшілік бұл әннің орындаушысы ретінде жас әншіні біледі. Ерекше қоңыр дауыс иесі әнді әуелетіп, әуезге ерекше саздылық беріп, нақышына келтіре орындағанда шымырламаған жүрек қалмайды. Алғашқыда «Шалқар» радио-сынан патриоттық туындыны естіп қалған жас әнші бұл әнді орындауға ерекше ықыласы артып, әннің авторымен тікелей байланысқа шыққан. Бірақ Алмас ақын:

– Бұл ән көзімнің ақ пен қарасындай, телефонмен бұлай сұрағанға сый қылып бере алмаймын, – деп шорт кесіпті.

Әнге деген махаббат әншіге тағат таптырмай, жігіт ат басын Алматыға бұрады. Ақынмен кездесіп, өзінің жақында шыққан «Аманат» деген авторлық ән жинағын ұсынады. Бастапқыда жас әнші деп мән бере қоймаған Алмас Ахметбекұлы ән жинақты тыңдап отырып, Ибрагим Ескендірдің мүмкіндігі зор, диапазоны кең әнші екеніне көзі жетеді.

Кейін әнді өңдеп, жарыққа шығарған әнші «Көк тудың желбірегенін» жоғары дәрежеде орындап, көрермен көзайымына айналды. 2012 жылғы Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындары кезінде бұл ән спортшылар мен халыққа рух беріп, теледидардан күніне сан мәрте беріліп жатты. Осылайша, ақыны мен сазгерін, әншісін адаспай тапқан ән танымалдыққа ие болып, бүгінде ресми отырыстар мен парадтарда әуелеп, халық рухын асқақтатар әуенге айналды.

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастығын, Тәуелсіздігін білдіретін басты рәміздерінің бірі. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы ресми түрде 1992 жылы қабылданған. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Туы әлемдегі ең әдемі тулар қатарында. Оның көк болуы шексіз аспан түсін берсе, жарық күн бейбітшілік пен мәңгіліктің нышаны. Қыран құс еркіндік, тәуелсіздік ұғымдарымен астасса, оюдың бейнеленуі халқымыздың бай дәстүрі мен руханиятынан хабар беріп, өзіндік сыр шертеді.

Бүгінде еліміздің мектеп­терінде, мемлекеттік мекемелерде, ең биік мінберлерде, байрақты бәсекелерде көк тудың желбірегені – азаттығымыздың айғағы. Әлемнің әр бұрышында, дипло-матиялық корпустарда, 192 ел мүше Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ғимараты алдында көк тудың желбірегені – беделіміздің белгісі. Сондықтан көк Туды көрген сайын жүрегіміз ерекше сезімге бөленіп, көзге жас, көңілге қуаныш ұялайды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 маусым 2021 ж. 615 0