Магаданда он жыл азап көрген Ыдырыс Балабаевтың тауқыметті тағдыры
Қазақ халқының бастан өткерген тарихына зер салсаң күйінесің, кейін сүйінесің. Күйінетін себебіміз ата-бабамыздың көрмеген қорлығы жоқ. Ал сүйінетініміз қанша қиындық көрсе де шүкірі мен тәубесінен жаңылмаған. Осы орайда, осыдан он бес жыл бұрын айтылған әңгіме еске түседі. Оны ақын Асқар Кіребаевтың өз аузынан естігенмін.
Оқиға туралы баяндамас бұрын, оқырман қауымға әуелі тақырыпқа тұздық ретінде бірқатар мысал ұсынайын. Сіз жазықсыз ауыр сөз естіп көрдіңіз бе? Сол кезде қандай күйде болдыңыз? Бәлкім, негізсіз айтылған сын-ескертпеге шыдай алмаған боларсыз. Мүмкін сол күні шешім қабылдап, ақталуға тырысқан шығарсыз. Ал енді сізге ақталмақ түгілі жауап айтуға мүмкіндік берілмесе, қандай күйге түсер едіңіз? Қақаған аязда итжеккенге айдап, он саусағыңыз үсіп кеткенше жұмыс істеуге мәжбүрлесе, бір сөзбен айтқанда, жазықсыз жапа шексеңіз, не істер едіңіз? Міне, біз баяндайтын әңгіме төркіні осындай қиын да күрделі сұрақтар жөнінде өрбімек.
Көзкөрген қариялар білуі керек, Асқар Кіребаев ағамыздың Ыдырыс Балабаев есімді туған нағашысы болған. Өмірінің соңына дейін алып экскаватор тізгіндеп, адал еңбекпен абыройға бөленген ол кісі Тереңөзекте тұрған екен. Бірде Асқар ақын бізге нағашысы туралы айтып берді. Біз ол кезде ойын баласы едік. Бірақ сол әңгіме құлағымызда қалып қойыпты, енді міне ашаршылық жылдарының айтылмаған ақиқаты айтылып, жазылмаған шындығы жазылып жатқанда сол әңгіме еске түседі.
Елге ес білгенде оралған Ыдырыс Балабаев Магаданда он жыл қорлық көріпті. Көрген бейнеті мен шеккен азабында шек жоқ кісі бастан өткерген қиын күндері туралы айта бастағанда тыңдаушылардың сай сүйегі сырқырап, жүрегі шымырлайды екен. Өмірінің қиын кезеңдері туралы сыр шерткен Ы.Балабаев бірде: «Магаданда он жыл қорлық көрдік, қақаған аязда құмнан алтын түстес майда заттарды ажырату үшін он саусағымыз үсігенше жұмыс істедік. Міне, мынау он саусақ содан үсіген» дегенде әңгімені тыңдап отырған Асқар Кіребаев: «Ағау, сонда өкіметке не қастандық жасадыңыз?» депті шыдай алмай. Сөйтсе түк те қастандық жасамаған, жазықсыз жала жабылып, алысқа айдалып кете берген.
Тауқыметті тағдыр иесінің өмірдерегіне шолу жасап көрдік. Асқар Кіребаев ағамыздың ұлы Шыңғысқа хабарласқанымызда жазықсыз жапа шеккен Ыдырыс Балабаев туралы әкесінің көп зерттегенін, бірнеше рет әскери тұтқындар туралы мақала жазғанын атап өтті. Бірақ ол мақалалардың сақталмағанын, мұрағаттан табу да қиынға соғатынын жасырмады. Бізге ұрпақтарының байланыс нөмірін беріп, толық-қанды ақпараттар алуымызға жол ашты. Осы ретте, Ыдырыс Балабаевтың немересі Жандос Әділбекұлымен телефон арқылы пікірлестік.
– Атамыздың өмір жолы қиындыққа толы болғанын білеміз. Әкеміз ол туралы бізге айтып отыратын. Жастық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келіп, көп қуғынға ұшырайды. Кейін соғысқа аттанып, кескілескен шайқастар-дың бірінде әскери тұтқынға түсіп қалады. Содан «Отанына опасыздық жасады» деп Магадан деген қалаға айдалып, алтын жуатын жерде он жылдай жұмыс істепті. Бұл қала сонау ашаршылық жылдарындағы қолдан жасалған аянышты тағдырлар мен зорлау, қинау, азаптаумен аты шыққан аты әйгілі қала ғой. Осы қалада он жыл тағдыр тауқыметін тартқан атамыздың өмірі туралы кино түсіруге де болады. Науқастанып жатқан атам мен өмірге келгеннен кейін бір аптадан соң қайтыс болыпты. Атам менің есімімді «Шүкірбек» деп қойыңдар деген екен. Ол осы күнді көрдім, сол үшін шүкір дегені шығар, бірақ менің есімімді «Жандос» деп қойыпты. Айымкүл апамыз кейін менің ұлымның есімін «Шүкіржан» деп қойды. Бұл біздің атамызға деген құрметіміз, – деп бастады Жандос Әділбекұлы бізбен әңгімесін. Мұнан соң біз Ыдырыс Балабаевтың қарашаңырағының түтінін түтетіп отырған Ұлыбектің әйелі Дина Төлтаевамен сөйлестік. Әулеттің келіні бізге қосымша ақпараттар берді.
– Әулетке жас келін болып түскен жылдары атамның қарындасы Ақжәми Балабаева бізге ағасы Ыдырыс Балабаев туралы көп айтатын. Ол кісінің қиындыққа толы өмірінен ата-бабаларымыздың тағдыры оңай болмағанын аңғаратынбыз. Бүгінде мұның бәрін толық әрі нақты білетін адам аз қалды. Десе де үлкен енемізден естігенімді шамалап жеткізер болсам, атамыз Ыдырыс Балабаев 1916 жылы өмірге келген екен. Ашаршылық жылдарында ол кісі он бес жаста болған. Жасы жетіп соғысқа аттанып, жау әскеріне қарсы кескілескен шайқастарға қатысқан. Ол кісі атақты генерал А.Власов қолбасшылық еткен майданда соғысып, әскери тұтқынға түсіпті. Сол тұтқын-да болғанының кесірінен соғыс аяқталған соң «Отанына опасыздық жасады» деген желеумен сотталған. Сөйтіп, он жыл бойы қиындықты бастан өткеріп,, Магаданда жүріп аштықтан адам етін жегендерді де көзімен көрген. Атамыз бейбіт күнде жақсы еңбек етіп, көп марапаттарға ұсынылған. Бірақ ол кісінің ашаршылық жылдары қудаланғаны, кейін Магаданға жіберіліп, жазықсыз жапа шеккені марапатталуына кедергі болған. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі сұрқия саяси жүйенің құрбаны болған, қорлығын көп көрген, – дейді Дина Төлтаева.
Әулеттің жиен келіні, ауданға белгілі азамат Ғафур Үдербаевтың жары Нәзтай апамен де пікірлестік. Ол кісі енесі Ақжәми Балабаеваның ағасы Ыдырыс Балабаевтың ағасы мен інісі де майданға аттанып, қайта оралмағанын айтты.
– Бір үйден Оспан, Ыдырыс, Исабек есімді үш ағайынды майданға аттанып, тек Ыдырыс қана елге аман-есен оралыпты. Үш ұлы майданда болғанда үлкен әжеміз Ақбалдақ (көпшілік арасында есімі Үндемес аталып кеткен) менің қайны атам Зұлхар мен енем Ақжәмидің қолында болған. Кейін Ыдырыс 1955 жылдары елге оралғаннан кейін барып өзінің анасын қолына алған. Ол кісі жастық шағында саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың ауыртпашлығын көп көрген, кейін жасықсыз жала жабылып, Магаданда болған. Енемнің одан бөлек Тоқсұлу, Қадиша, Әлима деген бауырлары болды. Сұрқия замандағы сұрапыл жылдардың мұндай қорқынышты да аянышты оқиғалары көп айтуға болады ғой. Бабаларымыз не көрмеді, оларды қудалады, айдады, жаламен атты, асты. 1930 жылдардан бастап «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сұрқия саясат өз үстемдігін жүргізді. Оны ұмытуға болмайды, – дейді әулеттің жиен келіні Нәзтай апа.
Балалық шағы ашаршылық және саяси-қуғын сүргін жылдарымен тұспа-тұс келген, әскери тұтқында болғанының салдарынан он жылға Магаданға айдалып кете барған Ыдырыс Балабаев 1954 жылдары ақталып, елге оралып, қармақшылық Балқаш Қосназарқызымен ұрпақ өрбіткен. Бейнеткеш, тілге шешен, белсенді кісі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұлдары Әмірбек, Әділбек, тәрбиесін көрген Бердібек өмірден өтсе, Айымкүл, Дәркүл, Шырынкүл Алматыда, Ұлыбек Тереңөзекте тұрады. Әулет ұрпақтары Сыр өңірінде, Алматы облысы мен Шымкент қаласында оқып, жұмыс істеп, еңбек етуде. Кейіпкеріміз Ыдырыс Балабаев 1988 жылы 8 қаңтарда 72 жасқа қараған шағында қайтыс болған. Өмірден өткенше еңбектен қол үзбеген бейнеткеш жан шежірелі қарт болыпты. Сөйлеген сөзін жүйелеп жеткізетін, тілге шешен, іске мығым болған ол уақытысында той-томалақта жас келіндердің бетін де ашқан екен. Ұлдары мен немерелері аталарының көпшіл болғанын «жас күнінде көрген қиыншылығын ойламайын, оны ұмытайын, жақсылыққа ұмтылайын деген қасиетінен» деп пайымдайды. Осы орайда, Ыдырыс Балабаевтың қолына келін болып түскен Алтынай Ембергеновамен де сөйлестік.
– Мен 1986 жылы әулетке келін болып түстім. Атамның көзін көрдім. Жолдасым Бердібектің көпшіл, қауымшыл, бейнеткеш қасиеті қайны атама ұқсайтын. Атамыз бала күнінен Бердібекті жанынан тастамайтын, шежірелі әңгімелерді айтып, үйрететін болыпты. Оны бертін келе жолдасым айтып отыратын. Сол арқылы мен де атамның өміржолына қанықтым. Атамыз туралы қысқаша айтар болсам, ол кісінің жастық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келеді. Отбасымен бірге қудаланады. Кейін соғыс басталып, шамамен 1943 жылы әскери тұтқынға түседі. Тұтқыннан 1945 жылы босатылғанда Сталиннің тапсырмасымен тұтқындардың бәрі «Отанына опасыздық жасады» деп танылып, Сібірге және басқа да аймақтарға аяусыз айдалады. Оларға жасықсыз жала жауып, ауыр жұмысқа жегеді. 1953 жылы Сталин қайтыс болғанда өкімет әскери тұтқындарды босатады. Ол кісі елге бір жылдан астам уақыт ел жағалап, Тереңөзекке жетемін дегенше орыстардың бақшасын егіп, отын-суын реттеп, ақша тауып, зорға жетеді. Елге келген соң ауыр күндері еске түсіп іштегі зарын шығару үшін қиналып, күйзеліп, кейде өзімен-өзі қалып мұңаяды екен. Оны түсінуге болады. Концлагерлердегі қиындық пен қорлық туралы бертін келе біле бастағанымызда ол жерде он жыл емес бір күнде тұру мүмкін емес екенін түсіндік. Атамыз секілді тұтқындардың денесіне немістер ыстық басып, қорлап нанның орнына кірсабын бергенінің өзінен көрген азабы мен қорлығын аңғаруға болады. Атамыз туралы менің әкем Сейтмұрат Ембергенов ізденіп арнайы тарихи естелік жазуды бастаған болатын. Бірақ аяқтауға мұршасы болмады, өмірден өтіп кетті, – дейді Алтынай Ембергенова.
Әулет келіні Алтынай Ембергенованың сөзін Ыдырыс Балабаевтың қызы Айымкүл апа қуаттай түсті.
– 1932 жылғы аштық, 1937-1938 жылғы репрессия, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы және майдандағы әскери тұтқындаулар жер-жаһан жойқын алапаттар мен алып түрмеге айналған кездер еді. Әкеміз осының бәрін басынан өткерді. Қиындығы туралы сұрай қалсақ: «Отанға ешқашан опасыздық жасамадық. Тек соғыс жылдары қиын күндердің бірінде әскери тұтқынға түстік. Ол жерде тергелдік, бізді қинады, ұрды-соқты, бірақ сатқындық жасамадық. Кейін немістің концлагерінде болдық. Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құрмағанда біз елге аман оралмас едік. Бір күні Совет армиясының өкілі келіп: «Соғыс тұтқынсыз болмайды, елге қайтамын дегендерге жол ашық, ал шет елге өтемін дегендердің жолы анау» деп екі бағытты таңдауымызға тастады. Ел алдында кінәміз жоқ он мыңдаған әскери тұтқындар елге бағыт түзедік. Мыңдаған машинадан тұратын әскери сап түзеген адамдар бізді қабаған иттерін арсылдатып, кешегі өз солдаттарымыз мұздай қарумен қарсы алды. Бұл соғыс бізге не көрсетпеді» деп еске алған болатын. Әкемізден қиындыққа толы өмірі туралы сұрамауға тырысатынбыз, – дейді Айымкүл Балабаева.
Мақала газетке ұсынылар тұста бізге Бек Үдербаев хабарласты. Ол Ыдырыс Балабаевтың қарындасы Ақжәми апаның ұлы Ғафурдың баласы екен. Бек бізге атасының ақындық қарым-қабілеті жөнінде мәлімет берді.
– Ыдырыс атамыз белгілі шайыр Тұрмағанбет Ізтілеуұлының өлеңдерін жатқа айтатын. Біз атамыздың қасында ұзақ уақыт болуға тырысатынбыз. Ол кісінің әңгімелерін, шешендік сөздерін тыңдауға асығатынбыз. Атамыз арнайы оқу оқып, білім алмаса да ой-өрісі кең, өмірден түйгені мол, шежіре мен тарихты жақсы білетін азамат еді. Ол кісінің қиын әрі күрделі өмірінен кейінгі ұрпақ сабақ алуы қажет, – дейді Бек Ғафурұлы.
Бүгінде ашаршылық жылдарының айтылмаған ақиқаты айтылып, тарих бүкпесіз жазылып жатыр. Жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбек көпшілікке таныстырылды. Үш томдық кітапта зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен тарихи құжаттар жинақталған. Олар ашаршылықтың алғышарттары және трагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды. Барлық құжат еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынған екен. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де жинаққа енгізілген. Соның нәтижесінде бұрын қолға түсіру қиын болып келген және бұған дейін жарияланбаған бірқатар мәліметтер көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Жаңа туынды университеттерге, ғылыми зерттеу институттарына және орталық, өңірлік кітапханаларға таратылатынын ескерсек, оқырман қауым айтылмаған, жазылмаған ақиқатты Тәуелсіздіктің арқасында тереңірек тани түспек. Біз жастық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген, кейін сұрқия саясаттың құрбаны болып Магаданға айдалған тереңөзектік Ыдырыс Балабаевтың есімі оны ұлықтайтын ұрпақтары бар кезде ұмытылмайтынына сенеміз. Олар аталарының қиын да тауқыметті өмір жолын кейінгі ұрпақ көрмесе деп тілейді. Ол үшін Тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін сан салада еңбек етіп жүр. Лайым, сол еңбек жемісті болып, тарихи зұлмат енді ешқашан қайталанбасын, жасықсыз жапа шеккен әруақтардың рухы жәннатта болсын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ