Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Билік пен халық құптаған Есет би

Билік пен халық құптаған Есет би

Есет есімін естігенде біраз жұрт елеңдеп қалады. Біздің бабамыз болар деп сұрастырып жатады. Өйткені, Ақтөбе, Арал, Шалқар, Ақмешіт өңірлерінде Есет атты батырлар мен билер өмір сүрген. Олардың басында Тама Есет, Шекті Есет Көтібаров және Алаша Есет Төлеповтер болатын. Бүгін соның кішісі Есет Төлепұлының өмір жолын, өскен ортасын, атқарған қызметін, жақсы істерін оқырмандарға таныстырып өтпекпін.

Есет Төлепұлы Қызылорда облысындағы «Аламесек», «Шаған» ауылы төңірегінде туып өскен. Оның арғы бабалары Оралдағы Шаған өзені бойынан 1710-1713 жылдарда түрлі себептермен осы Сыр бойына келіп қоныстанған. Олардың келіп тұрақтаған жері сол кезден бастап Шаған, бүгінде «Шаған» деп аталады. Өздерімен бірге Шаған есімін алып келіпті, өздері тұрған жері Шаған атандырып, бүгінде бұл ауылда 5000-ға жуық халық тұрады. Негізінен, Байұлына жататын Алаша, Есентемір, Ысық, Таздар, Шеркеш атты рулардың ұрпақтары өсіп-өніп жатыр.


Алашадан тараған Қодар, Түлкібай батырлармен қатар Есет сияқты білікті кісілер шығып, елдің ұйытқысы бола білген. Есет Төлепұлы (Төлепов) 1820 жылы туған. Оны ататек шежіре желісімен, архивтегі жазбалардан оқи аламыз. Ол 1882 жылы Шаған ауылында өмірден өткен. Би ұрпақтары қабірдің басына үй-там салып, ескерткіш ретінде көктас қойған. Бабаның бүгінгі ұрпақтары бұрынғы Тереңөзек ауданының Шаған ауылында, Қызылорда қаласы мен басқа да жерлерде тұруда.


Есет Төлепов билікке шамамен ХІХ ға­сырдың 40-50 жылдарында келсе керек. Ол 1849-1850 жылдардан бастап өзіне қарасты шаңырақтардан түтін пұл жинауда басшылық еткен. Ресей әскерлерінің Ақмешіт бекінісін алуға күш көлікпен, яғни 50 түйемен көмектесті, кей тұста оларға жол да көрсетіпті. Осы жасаған қызметтері үшін Ресей генералдары тарапынан «Қасиетті Анна» лентасы және күміс медалімен (1858 жыл) наградталған. Осы тұста орыс генералдарының жоғары басшыларына жазған мәлімдемесінде: «Управляющий Алашинского рода Есет Толепов самого взятия Кокандской крепости Ак-мечеть исправляет эту обязанность с особенным усердием, полным безкорыстием, добросовестностью и честностью, необыкновенный между киргизами. Он пользуется большим уважением среди киргиз» делінген.

1862 жылы Е.Төлепов хорунжий шенімен, Станислав лентасы және алтын медальмен марапатталған.

Есет Төлеповтың жұртшылық алдындағы беделін ескере отырып, 1868 жылы Шаған болыстығына болыс биі болып сайланады. Генералдар, басқа да қазақтар сияқты Есет биді өзіне жақын тартып, шен-шекпен беріп отырған. Соның бір нақты дәлелі оны 1860 жылы батыс қазақтарының депутация­­сы құрамына қосып, Санкт-Петербургке патша қабылдауына жібереді. Ол ақшалай қаражат та беріпті. Бұл депутацияға Сыр бойы­­нан қазалылық Сердалы Бекшорин, Алдаш би және тағы басқаларымен сапарлас болады. Сапар соңында Патша ағзамның бұйрығымен Есет Төлепов хорунжий шенімен, Станислав лентасымен марапатталады. Ертіп жүргеннің бірі Сұлтан Әлмұқан Сейдалин және прис­тав Лев Плотников. 1860 жылы «Русский вестник» журналында жазған мақаласында: «... Сырдарияның билері Есет Төлепов пен Сердалы Бекшориннің екеуі де аса қабілетті адамдар. Алдашпен құрдас, нағыз қырғыздар (қазақтар)» деп жазып қалдырыпты. Бірнеше күн бірге жолсапарда болған орыс офицерінің бұл бағасы оларды танып білу арқылы ба­ғамдағаны белгілі жай. Есет би билікте болған 1868-1874 жылдары Шаған болысында 40 үй Шеркес, 110 үй Есентемір, 240 үй Алаша болғандығы кітапқа түскен.

Олардан басқа Е.Төлеповтың өзінің қара­мағындағы Алаша руындағы 600 түтінінен ақша жинау үшін берілген түбіртек (квитанция) бол­ғанын, оның қаншасын жинағанын мәлім­деп отырған. Ол Алашаның Аманқұл бө­лімінен тарайды.

Ел аузында Шаған ауылының қазағы Өсер­байұлы Қыстаудың үйіне жолбарыс келіп, онымен Қыстаудың арпалысы мен айқай-шудан ауылдастары келіп, жабылып, жолбарысты өлтіріп, Қыстауды құтқарғаны айтылып қалады. Сондай-ақ оны Есеттің тездетіп Перовс­кийге ат шаптырып, ояз көмекшісі Өткелбай Исаұлы арқылы емдеткені ел аузында айтылады. Ал баспасөзде жарияланған мақалада бұл оқиғаның орын алғаны және жолбарысты өлтіргені үшін сыйлық берілгендігі жазылған. Демек, Е.Төлеповтің ел ішіндегі оқи­ғаларға мән бере қарағаны байқалады.

Есет Төлепов Орск-Қазалы ат-пошта бе­кеттерінің ашылуына байланысты ат-пош­та бекетінің (1863 жылы) бір бекетін де басқарған. 1874 жылдың 6 хамалында (бұл қазіргі ай санауда Наурыз айы) Сырдария облысы губернаторының бұйрығымен Шаған болысының басқарушысы болып Мойнақ Жаппас Құрманай, болыс кандидаттылығына хорунжий Есет Төлепов тағайындалады (сайланады). Бұл туралы қысқа хабар «Түркістан уәлаты» газетінде басылған. Сонымен қатар 1864-1865 жылдарда Әмудария бойына көшіп кеткен Алашалар руының 104 шаңырағын жаппас Өткелбай Исаұлымен (Иса Т.Д.) бірге Сырға қайтарғаны және ауылдасы Қазы Мү­сіреповтың (1856 жылы) жазықсыз түрмеге қамалғанын, оны босатуды сұрап Сырдария желісінің бастығы, коллегияның кеңесшісі Осмаловскийге арнайы хат жолдап, мөрін басып, ақыры түрмеден шығарғаны жазылған.


Архивтік деректерде ол Сарман, Түлкібай батырлармен Сасықбалық, Тілекин, Сопы қо­жа, Өткелбай Исин, Мекебай Сұлтанбаев, Тайпы, оның ұлы Құрман Жаңбыршидер және тағы да бас­қа елге сыйлы адамдармен ара­лас-құралас болған. Жұртшылықтың бере­ке-бірлекте, тірлікте өмір сүруіне белсеніп атса­лысқан аз ғана тұлғалардың бірі саналады. Халық солай бағалаған. Жер-су іздеп алыс­тап кеткен ағайындарын елге қайтарып, олар­ға жағдай жасау оңайға соқпағаны да белгілі.


Есет Төлеповтің ағайыны болып келе­тін бел­гілі жазушы, көрнекті аудармашы Әбіл­мәжін Жұмабаевтың бабасы жайлы айтқан­дарынан бірер сөз: «Пірім, атам Есет баба өте ірі кісі еді, атамыздың дамбалының бір бала­ғына бір бала ішіне сиып кететінін айтқанды». Ағамыздың тағы бір әңгімесінде Сүлеймен атты ағасының 1944 жылы соғыста әскери панада (окопта) жатып түс көріпті... Түсінде «Тұр балам, қамшы әкеліп бер» деп, қамшыны әкеле бергенімде ол жыланға айналып, оң жақ қолтығымнан шығып кетті. Сол сәтте оянып кеттім. Ертеңіне алапат соғыс болып, зеңбіректен қатты жараланып елге оралдым. Мені сақтап қалған Есет бабамыз екен ғой» – деп айтқанын бізге жеткізді.


Әбекеңнің айтуынша, Есет баба өте ірі кісі болғанға ұқсайды. Оның құранды еріне екі адам сыйып кететін болған. Ахмет Кәрібаевтың, Есет баласы Аппаздың сол ерге мініп, атқа отырысына қарап, оларды бір батырлардай көретін едік. Сол ер ұмытпасам Ахметтің ұлы Амандықтың үйінде болуы керек. Ал Аппаз болса, домалақ бет, сақалы тікірейген, қалың қасты, қара кісі еді. Ауыл адамдары Есет бабаға ұқсамаған, нағашыларына тартып кеткен (1939 жыл) деп отырушы еді. Бұл Әбілмәжін Жұмабаев ағамыздың Есет бабасы жайлы айтқан әңгімелерінің үзіктері.

Ауызша жеткен әңгімелерден Есеттің көріп­кел болғаны, тура сөзді адам екені, бар істі сабырмен тыңдап, салқынқандылықпен шешетіні де айтылады. Оның Есентемір Бәймен қалпе, Софы қожамен жер дауына бара жатқан жолда кездесіп, әдеп сақтаған жас әйелге «балалы бол» деп батасын беріп, ол келіншектің ұлды болғаны аңыз болып айтылып жүр. Сонымен бірге Перовскідегі ояз бастығымен кездесуі де елдің аузында. Онда генерал қасына еріп жүрген офицерлерді бірдей киіндіріп Есетке «Қайсысы ояз, соны тап?» депті. Сонда Есет би «Есік жақта тұрған офицер – менің генералым» деп дәл ояздың өзін нұсқапты.

Есет бабаның соңына көп ерген Адай ат­ты жігіт біраз уақыт перзент көруге зар болып, әулие-әмбиелерді шарлап келіп, Есет қабірінің басына түнепті. Түсінде бір жолбарыс келіп, екі иығынан басып «Ойға бардың, қырға бардың, әкелген балаң кәне?» дегенде «Көке, көке, кешіре гөр» деп жалыныпты деседі. Біраз уақыттан соң болса керек, Есет өз кейпіне келіп, бір уыс асықты шашып жібереді. 4 асық бірыңғай, бір асық бөлекше түсіпті. Ауылға келіп жорытқанда қариялар «Адай бес балалы болады екенсің, бір балаңнан атың шығады екен» деп батасын беріпті деседі. Расында, бір ұлы Қалыбай – Адайдың атын шығарып жүрген азамат.

Базарбай атты диқан адам болыпты.Ал­ғашқы әңгелегін Есетке әкеліп, батасын алыпты. Сондағы Есет батасы: «Құрт-құмырсқа, шегіртке бәлелерден аман болсын. Әумин!» деген батасы Алладан қабыл болып, сол жылы Базарбайдың қауыны, тарысы шегірткеден аман қалыпты. Бұған халық таң қалыпты деседі.

Есет бабаның ұрпақтарының айтуынша, жоғарыда жазғанымдай Орал аймағынан кел­гені, орыспен соғыс болып, Алашаның Алтыбас, Бөрші, Құлтай, Дербіс, Жомарт бөлімдері негізінен Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Шаған, Махамбетов ауылдарында тұратынын білеміз.

1872 жылғы архив дерек көздерінде Ша­ған болысында 2078 түтін екендігі және қыс қыстауы Сырдың сол жағалауы, жаз жайлауы Торғай облысының Николаевский уезі болғандығы жазылған. Есет Төлепұлының өмірден өтке­ніне 1 ғасырдан артық уақыт өтсе де ұр­пақ­тары және сырбойылылықтар оның есімін ұмытқан жоқ. Кесене салып, белгі орнатты. Оның патша қабылдауында болған кездерінде билермен бірге түскен және жеке суреттері сақталған
.
Ел барда, бабаларын ұлықтайтын азаматтар барда Есет Төлепов сияқты қайраткер баба­ларымыздың өмір жолы ұмытылмақ емес. Алайда Е.Төлеповтың қадамын шалыс басқан, ояздардың тапсырмаларын орындаған тұстарының болғандығын да айтуға тиіспіз.

Тынышбек Дайрабай,
зерттеуші, жазушы,
«Құрмет орденінің иегері»
12 қаңтар 2021 ж. 545 0