ҚАЙ ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ БАСШЫСЫ АУЫЛЫНА МЕШІТ САЛЫП БЕРДІ?
Пайғамбарымыз мұхаммед (с.ғ.с.): «алла тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері», – дейді. Мешіт – мұсылманның жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келер орны, хакім абай айтқандай, «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үйі. Ал мешіттің қабырғасынан діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін – тәрбие ордасы. Осы бір күллі мұсылманды төрт қабырғаға сыйдырған алла үйі ақжарма жерінен бой көтерді. Мұсылмандардың ұлық мерекесі қасиетті құрбан айттың қарсаңында пайдалануға берілген нысанда бір уақытта 350 адам бірдей намаз оқып, құлшылық ете алады.
Имандылық үйінің лентасын қию рәсімінде ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы аруақтарға бағыштап құран оқыды. Шара шымылдығын ауылдың тумасы, жас ақын Ерасыл Бәйментай арнау жырымен ашты.
«Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықтық істердің қарқын алып отырғанын тілге тиек етті. Аймақта соңғы үш айда үш мешіт ашылған. Қазір облыста 171 мешіт болса, бұған енді Басапа ишан имандылық үйі қосылып отыр. Сонымен бірге ол имандылыққа ұйыған ауылдың ұйтқысы болып отырған кәсіпкер Қайрат Нұрсейітовке алғысын білдірді.
Бұл мешіттің бой көтеруіне «Ақжарма и К» шаруа қожалығының төрағасы, кәсіпкер Қ.Нұрсейітов мұрындық болған. «Қызыл Жарты Ай» қорынан көмек алуға қол жеткізіп, елдің қолдауына сүйенген кәсіпкер сауапты істің негізгі салмағын өз арқасына салыпты.
Мұнан соң осы шараға арнайы келген Біріккен Араб Әмірлігі «Қызыл Жарты Ай» қоғамының Алматыдағы өкілі Асим Фадль Мохаммед сөз алды. Ол қазақ елінің дін ісінде өте игілікті жұмыстар атқарып келе жатқанына ризалық білдірді. Бұл мешіттің де рухани ағарту орны болатынына сенім артты.
Сонымен бірге Басапа ишан ұрпақтары – еңбек ардагері Ширек Ысқақов, Мұрат Сейітасқаров, Алматбек Әбілқасымұлы секілді кісілер де ыстық лебіздерін білдіріп, Басапа ишанның өмір жолынан деректер келтірді. Мешіттің бой көтеруіне атсалысып, көмек берген бірқатар азаматқа «Ақжарма и К» шаруашылық басшылығы шапан жауып, құрмет көрсетті.
Ақжармалықтар халықты ізгілікке бастайтын тағы бір орынның салынғанына дән риза.
Өзі дүниеден өткен соң да соңына мейірім шапағат қалдырып, ұрпақтарына атын ұмыттырмаған бұл кісі кім?
Басапа 1922 жылы Бұхарадағы «Мирараб» медресесін тәмамдап, елге оралып, Ақжарма елді мекенінде мешіт салдырып, елді имандылық жолына үндеген, жас балаларды дін ісіне үйреткен. Меккеде бірнеше жыл дәріс берген мұсылман қауымына белгілі, ірі ілімдар Ақишанның шәкірті болған. 1937 жылы сталиндік репрессия қуғынымен Сібір түрмесіне айдалып, 1946 жылы сол жақта дүние салған.
Мына бір оқиғаны еске түсіру Басапа ишанның өте қасиетті кісі екенін айғақтай түседі. 1952 жылы осы өңірге түйеге жеккен арбасы бар, сақалдары беліне түскен екі орыс келеді. Жөн сұрағандарға «Басапа имамдық еткен мешіттің орнына бір аунап қайтайық деп едік» дейді. Діні бөлек адамның мешіттің орнына «аунайын» деп келгені дүйім жұртты таңдандырады. Бұлар Сібір лагерінде Басапамен бірге болып, оның әулиелігіне тәнті болған оралдық орыстар екен. Басапа ишанның екі ұлы Сәпиулла, Сайфулла Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Екі қыз, Әсия мен Зүбайдадан тараған ұрпағы бар.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында, мүмін-мұсылман мешітке келсе, Алла Тағала: «Пендем Мені зиярат ете келіпті, оның сый-сияпаты Менің құзырымда, мешітке келген адамға жәннаттан басқа сыйлыққа еш риза емеспін», – деп айтады. Осы орайда, қазақ даласында салынған имандылық үйі шын мәнінде имандылық ордасына айналсын дегіміз келеді.
Майя ҚОЖАБАЙ