Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бойында қырық мақсұмның ілімі болған

Бойында қырық мақсұмның ілімі болған

Кезінде қазақ даласына ислам дінін таратып, бойына әулиелік дарыған кісілерге молда, мақсұм, ахун, ишан деп дәреже берген. Оны тарқатар болсақ, қырық молданың қасиеті бір мақсұмда бар. Ал қырық мақсұмның ілімі бір ахунның бойынан табылған. Қырық ахунның білімі, қасиеті бір ишанда болыпты. Одан асса руға, жүзге, үш жүзге пір болған. «қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәли» деген содан қалса керек-ті.

Аудан төңірегінде халыққа діни білім берген тұлғалар жетерлік. Құлболды ишан, Мүлкілән әулие, Асанас, Қожжан қожа, Тапал ахун, Қалжан ахун және тағы да басқа қасиетті кісілерді тізбектей беруге болады. Бұлардың елге жасаған қызметі мен үйреткен ілімі, өздеріне тән әулиелігі ел аузында аңыз болып айтылып жүр. Оның ішінде Қалжан ахун туралы әфсаналар жетерлік.


АҒАРТУШЫ ҚАЙРАТКЕР

Қалжан ахунның арғы тегі Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жердегі табын руынан шыққан. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп, сол жерде үйленіп қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болған. Хиуа халқының Бөлекбай батырдың ел басқарудағы шеберлігі мен хан алдында аса беделді болғанының бір ғана көрінісі Қалжан ахун діни сауатты, өз заманының көзі ашық, заңғар тұлғасы бола білген Бөлекбай атамыздың 77 жасқа келгенде көрген баласы екен. Дүние есігін ашқан сәбиге «Қалмұхаммед» деп ат қойған. Атаанасы кейін оны еркелетіп «Қалжан» атап кетеді. Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын ашады.

Қалжан ахунның шариғат қағидасы бойынша кәмелетке қараған он үш жасында әкесі Бөлекбай дүниеден өтеді. Баласының зеректігі мен алғырлығына қанық Бөлекбай батыр дүниеден өтерде артында қалғандарға Қалжанға ары қарай білімін жалғастыруға көмектесулерін өсиет еткен. Ерінің бұл өсиетін құп алған анасы Қалжанға жетімдік көрсетпей, оның оқуын жалғастыруға аналық бар қамқорлығын жасайды.

Қалжан Хиуа, Бұқарадағы діни медреселерде тағы төрт жыл білімін шыңдап, он жеті жасында айтулы «Көкілташ» медресесіне оқуға қабылданады. Онда он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін білім алған Қалжан ахун негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмәмдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Дін ілімін жете меңгерген жанға Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде білім алуына Ораз ахунның көп көмегі тиіпті.

Медресені бітіріп, ахун атанғаннан кейін діни қайраткер Ораз ахун ұсынысымен Сыр бойына келген. Елдің діни сауатын ашып, ілім үйреткен. Қалжан ахунды Ораз ахун елден жібергісі келмей, қызы Зейнепті қоспақшы болады. Бірақ Зейнеп атақты Қалдан батырдың Есболат есімді ағасының ұлымен атастырылған. Сол тұста Ораз ахун мәслихат жасап, кешірім сұраушыларды Қалдан батырға жібереді. Ал батыр Қалжан ахунның діндар, өте білімді екенін біледі, оны құрметтейді. Мән жайды білген соң өз келісімін берген.

Қалдан батыр Қалжан мен Зейнептің шаңырақ көтеруіне септігін тигізеді. Сондай-ақ ахунды Бұқарбай батырға әкеліп тапсырады. Ал Бұқарбай батыр Қайқы батырға жіберген. Сөйтіп Қалжан ахун қазіргі мешітмедресе тұрған «Қайқы ағашқа» келеді. Әуеліде Қайқы батыр шәкірт оқытуға қам кесектен мешіт-медресе салып берсе, кейіннен Қалжан ахун «Көкілташ» медресесінің сұлбасы бойынша қыштан мешіт-медресе тұрғызады.

Ұстаздық етіп, ислам дінін насихаттайды. Осы өңірдегі балалардың сауатын ашып, ағартушылық қызмет атқарған. Ахуннан Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Сүлеймен ишан секілді елге белгілі тұлғалар білім алған. Оқу-ағарту саласында еңбегі сіңген Қалжан ахун Бөлекбайұлынан Егдербай, Уамық, Мұһаммар, Ақбар, Таутай, Асан тарайды. Олардың ішінде Уамық (Омық) пен Мұһаммар (Мағұмар) діни білім алып, өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, білімді адамдары болған. Мақсұм атанып, елге қызмет көрсеткен.

ЖИЫРМА ЖЫЛДА САЛЫНҒАН МЕШІТМЕДРЕСЕ

Діни қайраткер Қалжан ахун елдің балаларын оқыту үшін мешітмедресе салдырады. Оның құрылысы 1902 жылдан басталған. «Көкілташ» медресесімен сұлбалас ғимаратты салуға сол тұста теміржол құрылысына жетекшілік еткен швед инженерлері мен жұмысшылар көмектесіпті. Ал кірпішін Наурызбай, Таңатар есімді жергілікті шеберлер өріп шыққан. Медресе құрылысы ахунның қайтыс болғанына 6 жыл өткенде, яғни 1922 жылы толық аяқталады.

Мешіт-медресенің іргетасы ерекше назар аудартады. Табанына күйдірілген кірпіштен конус пішінінде қаланған кірпіштер әлі сол күйінде жатыр. Тоқсаныншы жылдары медресені жөндеуге жиылған жұрт іргетастың құрылыс аумағынан тыс 8 метрге созылып жатқанын анықтаған. Бұл ғимарат жобасының қазіргі қалпынан әлдеқайда ауқымды болғанын аңғартады.

Мешіт-медреседе бала оқытуға арналған бөлмелер көп. Оның ауласына кіреберісте намазхана орналасқан. Қалған бөлменің бәрі бала оқытуға арналып, сыныптық жүйеде салынған. Әр бөлменің кіреберіс маңдайшасындағы ойықтар бар. Онда пән аты жазылған болуы тиіс.

Тарихи ескерткіш маңайында ахун тұрған үйдің ізі әлі бар. Кең етіп салынған аулаға бау-бақша егіп, оны дариядан тартылған арық арқылы суарған. Үй ауласынан шығыстық үл­гіде хауыз салдырған. Өзі тұрған баспанадағы терезе астынан ойық жасап, оны кітап қоятын сөре ретінде пайдаланған.

Медресенің тура түбінде ахун салдырған шағын мешіт тұр. 1916 жылдың жазында Жалағашта ораза кезінде жан берген ахунды халық 20 шақырым қашықтықтағы осы мешіт ауласына әкеліп жерлеген.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салтдәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтті. Сондай-ақ Тұңғыш Президент бағдарламалық мақалада туған жерге деген сүйіспеншілік оның рухани құндылықтарын сақтауда көрініс табатынын жеткізді. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Солардың қатарындағы Қалжан ахун өңірде ағартушылық қызметті атқарып, елге қызмет еткен. Сол арқылы мұқым жұртқа есімі мәшһүр болды. Ол қазақтың тұрмыс салтына көп өзгеріс әкелген діни қайраткер екені сөзсіз.

ЕР ТІЛЕГІ БОЛСА ҚАЛСЫН...

Құнанбай атамыз қажылығын өтемекке Меккеге баратын болды дейді. Бұл сапарға дала кемеңгері үш жыл дайындалыпты. Алыс-жақындағы туған-туыстарға барып, аманатын жүктеп, артық-кемі болса кешірім сұрап, дайындалып жүргенде Құнанбай атамыздың қасында Аппаз бен Мырқы деген екі кісі жүріпті. Олар сол кездегі Қытайдан шыққан тауарларды Қырым мен Еуропаға, Еуропадан келген тауарларды Қытайға кіргізіп отырған қазақтың байлары болған. Қалжан ахун Бөлекбайұлы туралы жыр жазған Жорықбай жыршы Аппаз бен Мырқыны өлеңіне қосқан.
Жорықбай деген жыршымын,
Кедейліктің құлқымын,
Қаумалап халқым келгенде,
Базары едім күлкінің.
Қадірің қайда қызыл тіл,
Нанға зарсың бір тілім.
Тілемес едім Алладан,
Байлығын Аппаз, Мырқының.
Үстімде қосым бүтін боп
, Тіземнің жаппас жыртығын.
Жөкеңнің жаны жүз жамау,
Бүтіні құрсын сыртымның.
Тереңнен маржан теретін,
Туады әлі бір күнім.
Құнанбай қажылыққа дайындалып жүрген шақта Аппаз бен Мырқы:
– Ау, Құнеке, үлкен сапарға барайын деп жатырсыз. Мына жақта ғұламалардың шаңырағы – Түркістан бар. Арғы шеті Сырдың бойында Ақмешіт өңірі. Сол жақтағы ағайынтуысқа барып, ғұламалардың батасын алайық, – дейді.
Үлкен жолға аттанар алдын Құнанбай атамыз Ақмешіт өңіріне келіпті. Бұл жерде көрнекті қайраткер діни сауатты Әбдіраман қожадан шариғат бойынша білім алады. Содан кейін Әбдіраман қожа:

– Ау, Құнеке, үлкен сапарға жол жүрмекшісіз. Мына жақта Сырдың бойында Қалжан ахун деген жас жігітіміз бар. Өте білімді. Енді ғана медресені бітіріп келген, өзі мешітмедресе салған. Егер шариғаттан көкейіңізде жүрген сұрақтарыңыз бол­са, сол жігіттен сұраңыз, – деп жол нұсқайды. Осыдан соң дала кемеңгері Қалжан ахун ауылына ат басын бұрады. Құнанбайды жігіттерімен бірге Қалжан ахун ағасы Бозжан екеуі күтіп алған. Үлкен ас беріледі. Астан соң аға сұлтанның қасындағы жігіттер шариғаттан, қажылық рәсімдері жөнінде сұрақтар қояды. Қалжан ахун еш мүдірместен жауап беріп отырады. Бағанадан бері байқап отырған Құнанбай кеш батқан кезде:

– Ау, шырағым Қалжан, баратын жеріміз алыс. Сен бізге шариғаттан үлкен өнеге айттың, Алла разы болсын! Біз тұралық, бата беріңдер! Батаны Қалжан шырағым, сен бересің және батаны берген кезде «менің сүйегім Меккеде қалсын» деп бересің. Иләһи әмин? – дейді.

Таңнан кешке дейін Құнанбайдың бүкіл сұрағына мүдірместен жауап беріп отырған Қалжан ахун ұмтылып барып, іркіледі. Батада «өл» деген жүрмейді. Ал Құнанбай «сүйегім Меккеде қалсын» деп бата бер дейді. Бұған Қалжан ахун іркіліп қалған кезде қасындағы Бозжан ағасы:

– Ау, шырақтарым, бұған кідіріп болмас. Бұл батаны біз берейік. Ер тілегі болса, қалсын, ел тілегі болса, келсін, – деген екен. Бұған Құнанбай өте қатты риза болып, батасын беріп, үйден шығады. Құрметті меймандарды шығарып салып тұрған шақта Қалжан ахун Бозжанның қолын ұстап қыса беріпті. Содан Қалжан ахун:

– Ау, ағажан! Өзіміз сияқты от-оттап, су ішіп жүргеннен кейін қадіріңді білмеппін ғой. Бес уақыт намазымда саған Алладан рақмет тілесем болады екен. Тұншығып бара жатқан жерде дем бердіңіз ғой, ағажан, – деген екен.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
19 қыркүйек 2020 ж. 855 0