Күтумен өткен ғұмыр
Қазақтың қара кемпірінің жарқын бейнесі жүзін әжім торлаған мейірбан әже, сүйегі асыл жан. Бүгінде өзі де жетпісті бағындырған Бақыт апа сүйікті әжесі Фатиманы еске алғанда көзіне еріксіз жас үйіріледі. Нағашы әжесінің ауыр тағдыры кейде түсіне кіріп, көңілі босап оянады.
Сөз басында Фатима әжені қазақтың қара кемпірінің жарқын бейнесіне теңедік. Өйткені біздің кейіпкеріміз кейуананың да жан дегенде жалғыз ұлы соғысқа аттанып, майданнан оралмады. Ғазиз ана бауыр еті баласын келеді деп күтумен болды. Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнінің кейіпкері тәрізді Фатима әже де өзі өсірген төрт түлікті баласына бәсіре етіп жүреді екен.
Кейуананың ұлы Кәрбоз Үдіреев 1941 жылы 19 жасында Шаған ауылынан Тереңөзек аудандық әскери комиссариат арқылы майданға аттанады. Жауынгерден бір жылға дейін үшбұрышты майдан хаттары келіп тұрады да, содан соң сап тыйылады. «Ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз да келмейді. Күндер өтіп жатады. Көптен күткен Жеңіс күні де келіп жетеді. Бірақ Кәрбоз ағамыз майданнан оралмады. «Кебенек киіп кетіп еді, балам келіп қалар» деп Фатима әже үмітін үзбейді. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Болмағасын кіші қызы Жалғастан туған жиен немересі Бақытты бауырына басады.
– Балдәурен балалық шағым Шағанда Жәдігер мен «Тоқал өзек» арнасының бойында өтті. Әжемнің бауырында өстім. Ол кездің адамдары керемет мейірбан жандар еді. Біз алдында әжем екеуміз кішкентай шағын үйде тұрдық. Кейін әжемнің қайынінісі Қардаш көкем бізді өз отбасына көшіріп алды. Көкемнің жұбайы Дүйсен жеңешем бауырмал, адамгершілігі мол, ақкөңіл жан еді. Өзінің төрт қыз, үш ұлы болса, мен сегізінші баласы болдым. Құрт-майын бірінші менің аузыма тосатын. Сол асыл жеңешем атымды атамайтын. «Аппақ енемнің қара қызы» дейтін. Құлаққа жағымды естілетін осы сөз күні бүгінге дейін жадымда жаңғырып тұрады. Кейін мен мектепке баратын болған соң «Қызылдиқанға» әке-шешемнің қолына келдім. Әжем де менімен бірге келіп, бізбен тұрды. Ақ Шағанын, баласының жүрген жерін аңсағанда барып келетін. Қызылдиқанға да үйренді. Шағанмен де қарым-қатынас жасап тұрды.Әсіресе, әкем Әбдірәш күйеу баласы болса да, әжеме туған анасындай қарады. Мен балалы-шағалы болған кездің өзінде Қардаш көкем екі-үш ай сайын Тереңөзекке келіп, жағдайымды біліп кететін. Сондай бауырмал жандар еді. Балаларына да жақсы тәрбие берді. Қызы Күләш Әсімова күріштен тау тұрғызып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қазір қарашаңырақта ұлы Мұхтар тұрады, – деп Бақыт апай балалық шағын еске алып, жан сырын ақтарды.
Балдәурен балалығы сол кездің өзінде көрікті елді мекен Шағанда өткен Бақыт апа кезінде бірге ойнаған ұл-қыздарды да қимастықпен еске алды. «Тоқал өзектің» бойында Әсем, Күләш, Ұлдаш, Күләйхан, Күлшира, Балдырған, тағы басқа да құрбыларымен бірге ойнап, бірге өскен. Әжесінің қатарлары Айтжанкүл, Ажаркүл, Қарамейіз, Күлән әжелер және Жамал әке кеуделері алтын сандық қарттар екен. Тереңөзектік Бегайдардың әкесі Хұсейін (негізі шағандық) ақсақал Бақыт апаны көрген сайын «Жиенжан, бет-әлпетің Кәрбоз нағашыңа келеді. Ол жігіттің төресі еді. Қарулы болатын. Жігіттер бір кетпен тастағанда Кәрбоз екі-үш кетпен тастайтын» деп еске алады екен.
Фатима әжеде емшілік қасиет болыпты. Балаларды емдейді екен. Қасқырдың өтін, аяғын, қоянның қиын, сондай-ақ жантақ, жебілген тағы басқа шөптерді жинап, емдік тұнбалар жасапты. Кейуана соғыстан оралмаған жалғыз ұлы Кәрбозды келеді деп отыз жыл күтіпті. Кейде өзімен өзі күбірлеп: «Жағыпар, Тотан, Кәмет келді, жалғызым-ау неге келмейсің?» деп көз жасын сығып жүреді екен. Шағанда Фатима әжені Бақыт қатарлы балалар ақ әже десе, келіндері аппақ ене деп атаған. Соғыстан қайтпаған Кәрбозын күтумен ғазиз ана 1971 жылы 86 жасында дүниеден озыпты. Кейуанаға анасындай қараған Бақыттың әкесі Әбдірәш пен анасы Жалғас арулап қойыпты.
Шағандық Кәрбоз Үдіреев 1941 жылдың қараша айында Далакөл ауылдық кеңесі арқылы майданға шақырту алған. Бір жылдай хат-хабар келіп тұрған. Фатима әже қайтыс болғаннан кейін Құран кітабының арасынан жалғыз ұлының бірнеше сарғайған хаттары мен әскери киім киіп түскен суреті шыққан.
Бақыт апа Байжүнісова анасының жалғыз ағасы жауынгер Кәрбоз Үдіреевті әжесінің аманатымен күні бүгінге дейін іздестіріп келеді. Бұл көп жылғы ізденісі нәтижесіз де емес. Бақыт апа үлкен немересіне әжесінің құрметіне Фатима деген есім берді. Бұрын Тереңөзектегі «Мәңгілік алау» жанындағы ескерткіш тақтада Кәрбоз Үдіреевтың есімі бар болатын. Кейін жаңартқан кезде ұмыт қалған болуы керек, тізімде жоқ болып шықты. Бақыт апа Ұлы Жеңістің 70 жылдығында жауынгер К.Үдіреевтің есімін ескерткіш тақтаға қайта жаздыртты. Майданда хабарсыз кеткен қаһарман солдаттың аты туған ауылы Шағандағы тізімде жазулы тұр. Сондай-ақ есімі «Боздақтар» кітабына енгізілген. Осыдан екі ай бұрын Б.Байжүнісованың кіші ұлы Серікбол ғаламтор арқылы туған нағашысының қабірін тапты. Сөйтіп Бақыт апа Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында үлкен қуанышқа кенелді.
– Ақыры бір дерегін таптым-ау, асыл нағашымның. Әжемнің аңсаған арманы орындалды деген осы. Денсаулығымды түзетіп алған соң, туған жердің топырағын алып, нағашымның мәңгілік мекеніне айналған орынға барып қайтуды ойлап отырмын, – дейді Бақыт апа.
Ерлікпен қаза тапқан жауынгер Кәрбоз Үдіреев Ресейдің Саратов облысы Киров ауданының «Воскресенская» аталатын бауырластар зиратына жерленген. Ер жүрек жауынгер 1942 жылдың 7 қарашасында ауыр жарақат салдарынан қайтыс болған. Мәңгілік мекені бауырластар зиратының солтүстік шығысында орналасқан.
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды». Он тоғыз жасында ел қорғауға аттанған есіл ерге топырақ жат жерден бұйырды. Артында аңырап анасы қалды. Соғыстың салған сойқаны осындай. Оның жүрекке салған жарасының жазылуы қиын. Дегенмен әжесінің аманатына адал болған Бақыт апаның 80 жылға жуық уақыттан кейін нағашысының дерегін тынбай іздестіре жүріп табуы, ел есінде қаларлықтай оқиға. Ел үшін опат болған боздақтың әруағы риза болсын дейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі