Головкиннің келесі жекпе-жегі қайда өтеді?
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) келесі жекпе-жегін маусым айында өткізеді.
Қазіргі таңда боксшының командасы қайда өткізу жайын қарастыруда.
Гена DAZN стримингтік сервисімен үшжылдық келісімшартқа қол қойған болатын.
Маусымда осы келісім бойынша алғашқы жекпе-жегіне шығады. Осы апта соңына дейін қарсыласы мен қайда өтетіні анықталмақ.
Отандасымызға қарсылас атануы мүмкін боксшылар ретінде поляк Камил Шеремета (19-0, 4 KO) мен америкалық Брэндон Адамс (21-2, 13 КО) есімі аталуда.
ExpressNews.com ақпараты бойынша GGG командасы жекпе-жекті өткізетін 4 нұсқаны қарауда екен. Олар - Сан-Антонио, Нью-Йорк, Лос-Анджелес және Лас-Вегас.
Промоутер Лестер Бедфорд Том Леффлермен келіссөз кезінде бірге болған.
Ол қазақстандық боксшының келесі кездесуі Alamodome (Сан-Антонио) аренасында өтеді деп болжауда. Головкин осыған дейін Лас-Вегас, Нью-Йорк пен Лос-Анджелесте жекпе-жек өткізді.
- Головкиннің жекпе-жегін өткізуге біздің зор мүмкіндігіміз бар. Ақпарат апта соңында нақтыланатын болады, - дейді Лестер Бедфорд.
Маусымдағы жекпе-жектен кейін Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек ұйымдастырылуы да мүмкін.
Ол үшін мексикалық боксқы 4 мамыр күні Лас-Вегаста америкалық боксшы Дэниель Джейкобсты жеңуі тиіс.
massaget.kz