Еуро-2020. Қазақстан құрамасы Ресейден ірі есеп айырмасымен ұтылды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы екінші ойында Ресей құрамасынан ойсырай ұтылды. "Астана Аренада" қонақтар 4:0 есебімен басым түсті.
Ресейлік футболшылар ойындағы алғашқы голын 19 минутта соқты. Испанияның "Валенсия" клубында ойнайтын Денис Черышев өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Екінші гол бірінші тайм аяқталар тұста соғылды. Денис Черышев ойындағы екінші голды да өз еншісіне жазып, дубль жасады. Станислав Черчесов жаттықтыратын Ресей құрамасы екінші таймда тағы екі гол соқты. 52 минутта Денис Черычев асырған пасты команда капитаны Артем Дзюба оңтайлы пайдаланды. Ал араға 10 минут сала Абзал Бейсебеков допты сәтсіз қайтарып, автогол соғып алды. Қонақтардың төрт гол басымдығы сақталып, 3 ұпайға ие болды. Қазақстан мен Ресей құрамалары арасындағы ойынды Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп тамашалады. Айта кетейік, І тобындағы алғашқы ойында Қазақстан құрамасы Шотландияны 3:0 есебімен ұтқан болатын.
Дереккөз: massaget.kz