Азия ойындарында ел намысын қорғайтын таеквондошылар белгілі болды
18 тамыз-2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында өтетін Жазғы Азия ойындарына қатысатын спортшылар тізімі анықталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық Олимпиада комитетінен хабарлағандай, бұл күндері Қазақстан таеквондо құрамасы Оңтүстік Кореяның Тэджун қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Жаттығу кезеңі 14 тамызға дейін созылады.
"Оқу-жаттығу жиынына Қытайлық Тайпей спортшылары қатысуда. Одан бөлек, жергілікті университет пен Тэджон қаласының Pro Team деп аталатын командасы да бар. Әрине, Азия ойындарында біздің қарсыластарымыз өте мықты. Таеквондо сары құрлықта пайда болған спорт, сол себепті, Азияның спортшылары өте жоғары деңгейде. Мен Корея, Иран, Қытай спортшыларын басты қарсыластарымыз деп айта аламын", - дейді ұлттық құраманың аға бапкері Батырбек Есдәулетов.Бапкердің айтуынша, Қазақстан құрамасы екі медальдан үмітті. Атап айтар болсақ, 80 келіден жоғары салмақта Руслан Жапаров, 67 келіден жоғғары салмақтағы Дениз Женсельдің жүлдеге таласы бар. Сондай-ақ, 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрлан Мырзабаев та сенімді ақтауы мүмкін.
Ұлттық құрама үздігі Руслан Жапаров Азия ойындарына қарқынды түрде дайындалып жатқанын айтады.
"Спорттық мансабымда Азия ойындарына алғаш рет қатысайын деп жатырмын. Дайындығым жоғары деңгейде. Жүлде алу үшін бар күшімді саламын. Қарсыластар, әрине, осал емес. Корея, Иран, Қытай, Өзбекстан спортшыларының қарымы жақсы. Тағы да қайталап айтамын, Азия ойындарында медаль алу үшін аянып қалмаймын", - дейді ол.Азия ойындарына қатысатын таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы:
Керюги:
1. Елдос Ысқақ
2. Қазыбек Бақтиярұлы
3. Ерасыл Қайырбек
4. Нұрлан Мырзабаев
5. Руслан Жапаров
6. Айнұр Есбергенова
7. Фариза Алдоңғарова
8. Маржан Төлепбергенова
9. Ақсәуле Ерқасымова
10. Дениз Джансель
Пумседен:
1. Руслан Манасбаев
2. Нұрқанов Ерлан
3. Шелков Артем
4. Чен Вячеслав