Бокс жігерліні шыңдайды
Сырдария аудандық спорт клубында 2024 жылдан бері бокс үйірмесі тұрақты жұмыс жасайды. Жас спортшының шеберлігін шыңдап, жарыстарға дайындап жүрген жаттықтырушы – Бексұлтан Зарлықов. Қазіргі таңда оның жетекшілігімен 50-ге жуық шәкірт жаттығады.Жас боксшылар аптасына 5 күн жаттығу залында жаттығып, дене дайындығын жетілдіріп, бокс техникасы мен тактикасын меңгеруде. Жаттығу кезінде спортшының жылдамдығы, төзімділігі, ептілігі мен күшін арттыруға басымдық беріледі. Бапкер әр шәкіртінің қабілетін ескеріп, спорттық шеберлігін жетілдіруге бағыт-бағдар беруде. Қысқа уақыттың ішінде үйірме шәкірттері облыстық деңгейдегі жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, чемпион атанып жүр. Жас спортшылардың тынымсыз еңбегі мен бапкердің кәсіби ізденісінің нәтижесінде алдағы уақытта аудан мерейі асқақтай түседі.
Бексұлтан Зарлықов спорт саласының ардагері, білікті бапкер Бек Сәдуақасұлының ізін жалғап, шәкірт тәрбиелеу дәстүрін жалғастыруда. Оның тәрбиесін көрген бірқатар шәкірті бүгінде бірқатар өзге қалада спорттық мансабын жалғастыруда. Аудандық спорт клубында қалыптасып келе жатқан бокс мектебінің нәтижелі жұмысын айғақтайтын оның әрбір шәкірті жетістік жолында шыңдалуда.
Сырдария аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжанов бокс үйірмесіне қатысты өз ойын ортаға салды.
– Спорт клубта бокс үйірмесінің жұмысы жолға қойылып, балалардың спортқа деген қызығушылығы артуда. Бексұлтан Зарлықовтың 50-ге жуық шәкірті аптасына 5 күн тұрақты жаттығып, жарыстарға дайындалады. Еңбектің нәтижесі де көрініп отыр – шәкірттері облыстық жарыста олжа салып жүр. Бокс – баладан тәртіпті, төзімділікті және табандылықты талап ететін спорт. Сондықтан үйірменің маңызы тек спорттық жетістікпен шектелмейді. Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын қалыптастыруына да үлкен ықпал етеді. Алдағы уақытта жас боксшыларға қажетті қолдау көрсетіп, олардың биік белестерді бағындыруына жағдай жасауға күш саламыз, – дейді Диас Әлжанов.
Бүгінде Сырдариядағы бокс үйірмесі жасөспірімдердің сүйікті спорттық ортасына айналған. Рингтегі әр жаттығу – тәртіп пен төзімділіктің мектебі. Ал бүгінгі жас боксшылардың жеңісі ертең аудан спортының жаңа биіктерін бағындыруға жол ашары сөзсіз.
– Бокспен айналысатын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда 50-ге жуық шәкіртім бар. Балалар әр жаттығуда өздерінің физикалық дайындығын, төзімділігі мен бокс техникасын жетілдіреді. Мен үшін ең маңыздысы – баланың спортқа қызығушылығын оятып, оны тәртіпке және еңбекке баулу, ата-анасының қолдауы және күнделікті жаттығуы тұр. Мен спорт саласының ардагері, өзіме ұстаз болған Бек Сәдуақасұлының жолын жалғастырып келемін. Ұстаздан көрген тәлімді шәкірттеріме жеткізуге тырысамын. Бүгінде тәрбиелеген шәкірттерімнің басқа қалада спорттық мансабын жалғастырып жүргені – үлкен мақтаныш. Бүгін қолғап киіп, жаттығу залына келген әр балаға үлкен мүмкіндік бар деп қараймын. Егер бала талмай еңбек етіп, мақсатына берік болса, биік белестерді бағындыра алады, – дейді жаттықтырушы Бексұлтан Зарлықов.
Бетті дайындаған Балтабай ОРДАБЕКОВ










