Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайрат» пенальти сериясында «Омонияны» жеңіп, Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өтті

«Қайрат» пенальти сериясында «Омонияны» жеңіп, Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өтті

Алматылық клуб Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде болгариялық «Левски» мен румыниялық «Университатя» (Крайова) жұбының жеңімпазымен кездеседі, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматының «Қайрат» командасы УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта ойында кипрлік «Омонияны» пенальти сериясында жеңді. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 1:0 есебімен аяқталып, пенальти сериясында есеп 6:5 болды.

Командалар арасындағы алғашқы кездесу Никосияда өтіп, «Омонияның» 1:0 есебімен жеңісімен аяқталған еді. Ол ойында кипрлік клуб 34-минуттан бастап он ойыншымен қалғанына қарамастан, басымдықты сақтап қалды. Сондықтан «Қайратқа» қосымша уақытсыз келесі кезеңге өту үшін кемінде екі доп айырмасымен жеңу қажет болды.


Алматыдағы кездесуде де 26-минуттан бастап «Омония» бір ойыншыға кем ойнады. Кипрлік команданың футболшысы  Андроникос Какулли алаңнан қуылды.

Осыдан кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин шабуыл шебін күшейтуге шешім қабылдады. Ол қорғаушылар Лев Кургин мен Дамир Қасабулатты алаңнан шығарып, олардың орнына шабуылшылар Испаил Бекболат пен Эдмилсонды шығарды.


Бұл ауысым бірден нәтиже берді. 37-минутта Эдмилсон есеп ашып, екі матч қорытындысы бойынша тепе-теңдік орнатты.

Үзіліске дейін де, негізгі уақыттың соңына дейін де есеп өзгермеді. Осылайша ойын қосымша уақытқа жалғасты.


Қосымша таймдардың аяқталуына он минут қалғанда кипрлік клуб екінші қызыл қағазын алып, алаңда тоғыз ойыншымен қалды. «Қайрат» сан жағынан басымдыққа ие болғанымен, оны пайдалана алмады. Кездесу жеңімпазды анықтау үшін пенальти сериясына ұласты.

Пенальти сериясының алғашқы кезеңінде де жеңімпаз анықталған жоқ. Есеп 4:4. Екінші кезеңде командалар бір-біріне гол соқты. Барлығы жетінші соққыға дейін созылды. «Қайрат» ойыншысы Мансұр Берқұрманов өз мүмкіндігін мүлт жібермеді, ал алматылық клубтың қақпашысы Темірлан Анарбеков Панайотудың соққысын қайтарып, матчтың басты қаһарманы атанды.

Осы жеңістен кейін «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде болгариялық «Левски» мен румыниялық «Университатя» (Крайова) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
30 шілде 2026 ж. 52 0