«Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды
Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта Черногорияның «Сутьеска» клубын 2:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz.Кездесу Черногорияның Никшич қаласындағы «Градски» стадионында өтті. Ойынның алғашқы минуттарында «Қайрат» футболшылары бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды.
Екінші таймда «Сутьеска» қысым көрсеткенімен, алматылықтар қорғаныста сенімді ойнап, қарсыластың қақпашысы жіберген қателікті тиімді пайдаланды. 68-минутта «Қайрат» ойыншысы Исмаил Бекболат есеп ашса, 80-минутта Жоржиньо пенальтиден дәл соққы жасап, командасының басымдығын еселей түсті. Ал 79-минуттан бастап алаң иелері он ойыншымен ойнауға мәжбүр болды. Черногориялықтар сапынан Андрия Ражнатович екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
Осылайша, екі матч қорытындысы бойынша «Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне өтті. Келесі кезеңде алматылық клуб Кипрдің «Омония» командасымен кездеседі.
Еске сала кетейік, Сутьеска командасына қарсы алғашқы ойын 8 шілдеде өткен болатын. Кездесудің 76-минутында «Қайрат» қорғаушысы Лукас Африкон есеп ашты. Алайда 90-минутта қонақтар сапынан Марко Мрвалевич таразы басын теңестірді. Қосымша уақытта алматылық клубтың шабуылшысы Марк Гуаль екінші голды соғып, есепті 2:1-ге жеткізді.
Фото: «Қайрат» футбол клубы










