Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздіктер суырылып алға шығатын сәт

Үздіктер суырылып алға шығатын сәт

Жарыстың ашылу рәсімінде Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов құттықтау сөз сөйлеп, чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Қайсар» ойын түрлері бойынша спорт клубы директорының орынбасары Айдос Өмірбеков пен Батыс Қазақстан облысының ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Елена Бережная жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, спортшыларға тартысты әрі әділ бәсеке тіледі.

– Сырдария ауданында Қазақстан Респуб­ликасының чемпионатын өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жарыс тек жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, жастарды спортқа баулуға, саламатты өмір салтын насихаттауға және көгалдағы хоккейдің дамуына серпін береді. Ауданымызға келген барлық командаға сәттілік тілеймін! Әр спортшыда жарақатсыз ойын, әділ бәсеке және жоғары нәтиже болғанын қалаймын. Осындай республикалық жарыс алдағы уақытта да ауданымызда тұрақты ұйымдастырылады деп сенемін, – деді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов.

Биылғы чемпионатқа ерлер және әйелдер арасында алты команда қатысып отыр. Жалпы саны екі жүзден астам спортшы бірнеше күн бойы ел чемпионатының жүлдесі үшін бақ сынайды. Жарыстың бас төрешісі міндетін ерлер арасындағы чемпионатта халықаралық дәре­жедегі төреші Елена Бережная, ал әйелдер арасындағы кездесулерде Ғалымжан Әлиев атқаруда. Қазақстан көгалдағы хоккей федерациясы бекіткен тәжірибелі төрешілер жарыстың әділ әрі халықаралық талапқа сай өтуіне қызмет етуде.

Чемпионат барысында күн сайын әйелдер арасында үш, ерлер арасында үш кездесу өткізіліп, жанкүйерлер тартысқа толы ойынның куәсі болуда. Әрбір матчта команданың жоғары дайындық деңгейі, тактикалық шеберлігі мен жеңіске деген жігері анық байқалады.

Сырдария ауданында осындай республикалық деңгейдегі жарыстың өтуі өңірдегі спорт инфра­құрылымының мүмкіндігін айқындап қана қой­май, жас спортшылардың кәсіби деңгейде шыңдалуына зор мүмкіндік береді. Чемпионат тәжіри­бе алмасуға, достық қарым-қатынасты нығай­туға және көгалдағы хоккейдің кеңінен насихатталуына жол ашатын маңызды алаң саналады.

– Қазақстан чемпионаты – еліміздің үздік коман­далары бас қосатын жауапты дода. Сондықтан төрешілер алқасының негізгі міндеті – әрбір ойынды халықаралық ережелерге сәйкес, әділ әрі ашық өткізу. Қатысушы командалардың дайындық деңгейі жоғары. Бұл жанкүйерлерге қызықты кездесулер сыйлайды деп ойлаймын. Чемпионат жоғары ұйымдастыру деңгейімен есте қалады деген сенімдемін, – деді жарыстың бас төрешісі Ғалымжан Әлиев.

Тартысты бәсеке 1 тамызға дейін жалғасады. Елдің әр өңірінен келген барлық команда чем­пиондық атақ үшін өзара мықтыны анықтайтын болады. Ал спортсүйер қауым жоғары деңгейдегі ойындардың куәсі болып, көгалдағы хоккейдің шынайы тартысын тамашалайды.

Б.ОРДАБЕКОВ
28 шілде 2026 ж. 54 0