Испания – әлем чемпионы
Бір айға созылған ұйқысыз түндер артта қалды. Себебі футболдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жалпы алғанда, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тарихтың жаңа парағын ашты. АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп қабылдаған дүбірлі додада Испания құрамасы өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Финалда ФИФА рейтингінің көшбасшысы Аргентинамен кездескен испандар қосымша уақытта соғылған жалғыз голдың арқасында жеңіске қол жеткізді. «Қызыл фурия» қайтадан 16 жылдан кейін әлемдік таққа көтерілді.Бұл жолғы әлем чемпионаты бірнеше ерекшелігімен есте қалды. Алғаш рет үш мемлекет бірлесіп ұйымдастырған турнирге әлемнің 48 үздік құрамасы қатысты. Бір айға жуық уақытқа созылған бәсекеде барлығы 104 матч өтіп, миллиондаған жанкүйер футбол мерекесінің куәсі болды. Қазақстандық көрермендер де чемпионаттың барлық маңызды ойынын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарнасы арқылы тікелей эфирде тамашалады.
Финалдық кездесу жанкүйерлер күткендей тартысты өтті. Матчтың негізгі уақытында қос команда да сақ ойын өрнегін көрсетіп, қарсыласына мүмкіндік бермеуге тырысты. Қос команданың барлық қақпашысы мен қорғаушысы сенімді әрекет еткендіктен, алғашқы 90 минут голсыз аяқталды. Кездесудің тағдырына әсер еткен сәттің бірі – қосымша уақыттың алдында Аргентина жартылай қорғаушысы Энцо Фернандестің қызыл қағаз алып, командасын он ойыншымен қалдыруы болды.
Сан басымдығын тиімді пайдаланған Испания шабуылдарын үдете түсті. Қосымша уақыттың 106-минутында Нико Уильямстың әдемі пасын Ферран Торрес дәл соққымен түйіндеп, матчтағы жалғыз голдың авторы атанды. Қалған минутта аргентиналықтар таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, Испания қорғанысын бұза алмады.
Осылайша Луис де ла Фуэнте шәкірттері 2010 жылғы жетістігін қайталап, ел тарихындағы екінші әлем чемпиондығы атағын иеленді. Бұл жеңіс Испания футболындағы жаңа буынның қалыптасқанын және командалық ойынның жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетті.
Чемпиондар табысының басты кілті – ұйымшыл ойын мен мінсіз қорғаныс болды. Турнир барысында Испания сегіз матч өткізіп, өз қақпасына небәрі бір ғана гол жіберді. Жеті кездесуде қарсыластарына гол соғуға мүмкіндік бермеген Унай Симон турнирдің ең сенімді қақпашысы атанып, «Алтын қолғап» жүлдесін иеленді.
Испания құрамасының тағы бір ерекшелігі – жас футболшылардың жарқын ойыны. Небәрі 19 жастағы қорғаушы Пау Кубарси барлық матчта негізгі құрамда алаңға шығып, сенімді өнерімен турнирдің үздік жас ойыншысы атағына лайық деп танылды. Ал тәжірибелі жартылай қорғаушы Родри ойын өрнегімен көзге түсіп, әлем чемпионатының ең үздік футболшысы ретінде «Алтын допты» жеңіп алды.
Турнирдің басты сұрмергені атағы Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппеге бұйырды. Ол сегіз матчта он гол соғып, қарсылас қақпашылары үшін ең қауіпті ойыншы екенін тағы дәлелдеді. Бұдан бөлек, Килиан Мбаппе дүниежүзі доп додасы тарихындағы үздік сүрмерген атанды. Оның еншісінде 22 гол бар.
2026 жылғы әлем чемпионаты тек Испанияның жеңісімен ғана қатар, ұйымдастырылу ауқымымен де тарихта қалды. Үш мемлекетте өткен алғашқы мундиаль, 48 құраманың қатысуы және жоғары деңгейдегі ойындар футбол жанкүйерлеріне ұмытылмас әсер сыйлады. Ал Испания құрамасы бұл чемпионатта тәртіпті ойын, мықты қорғаныс және жеңіске деген жігердің арқасында әлем футболындағы көшбасшының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ,
Фото: Ашық дереккөзден











