Әлем чемпионаты: Кабо-Верде Уругвай құрамасымен тең түсті
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Кабо-Верде мен Уругвай құрамалары тең түсті. Майамидегі «Хард Рок» стадионында өткен H тобының кездесуі 2:2 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ойынның 21-минутында Кабо-Верденің жартылай қорғаушысы Ленини есеп ашты. Алайда бірінші таймның соңына қарай уругвайлықтар алға шықты. Алдымен Максимилиано Араухо гол соқса, қосымша уақытта Агустин Каноббио мергендігімен көзге түсті.
Испания құрамасы Сауд Арабиясының қақпасына жауапсыз төрт гол соқты
Екінші таймда Кабо-Верде футболшылары мінез көрсетіп, 61-минутта Элио Вареланың голының арқасында есепті теңестірді. Осылайша аралдық мемлекет құрамасы маңызды бір ұпай еншіледі.
Айта кетейік, Кабо-Верде әлем чемпионатындағы екінші матчында қатарынан тең ойын көрсетті. Бұған дейін команда Испаниямен 0:0 есебімен тең түсіп, сенсация жасаған еді. Енді олар екі дүркін әлем чемпионы Уругвайдан да ұпай алып отыр.
Топтық кезеңнің соңғы турында Кабо-Верде Сауд Арабиясымен, ал Уругвай Испаниямен кездеседі. Матчтар 27 маусымда өтеді.










