Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құрама – турнир жеңімпазы

Ұлттық құрама – турнир жеңімпазы

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы Астанада өткен FIFA Series 2026 турнирінде чемпион атанды. Талғат Байсуфинов бас­­тайтын бас команда елорда төрінде Намибия мен Комор аралдары құрамаларын жеңді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үш құрама арасында өткен турнирде біздің жігіттер екінші матчты Комор аралдарына қарсы өткізіп, 1.0 есебімен басым түсті. 4-минутта Рамазан Оразов еншісіне гол жазып, құрамаға жеңіс әкелді.

– Бізге тағы да гол соғатын мүмкіндік туды, бірақ оны мүлт жібердік. Қарсыластарды осал деу­­­ге әсте келмейді, бізбен деңгейлес құрамалар.  Жаңа маусым алдында тәжірибемізді шыңдауға орайлы турнир болды, – дейді ұлттық құрама ойыншысы Р.Оразов.

Ұлттық құрама ойыншылары алғашқы матчта Намибия ұлттық құрамасын 2:0 есебімен жеңген болатын. Тартысты ойында Ян Вороговский 12-минутта есеп ашып, Әлібек Қасым 79-минутта еншісіне гол жазды.

Бас бапкер Талғат Маруаұлы маусымашар турнирге құрама мүшелі төрт көзі түгел жиналғанын, оқу-жаттығу жиыны жоспарға сай өткенін айтты. Африка құрлығынан келген қос құрамаға қарсы тартысқа түсу артық-кем тұсты бағамдауға таптырмас мүмкіндік екенін жеткізді.

– Бұл екі құраманың кей ойыншылары біздің ішкі біріншілікте ойнайды, жігіттердің шама-шарқын біледі. Футболшылар өздеріне жүктелген сенімді ақтай білді. Біздің басты межеміз – Ұлттар лигасында жеңіске жету. Ел чемпио­­на­ты енді басталды, әр турдағы ойынды саралап, құрама қатарын толықтырамыз. Маусым айына жоспарланған жолдастық матч қарсаңында ұлттық команданың құрамы тағы бір сараланады. Қыркүйекте төрт бірдей ресми матчтың жауапкершілігі зор, – деді бас бапкер.

Білікті маман ұлттық құрамада буын алмасу кезеңі жүретіндіктен тәжірибелі ойыншылар мен жастарды тоқайластырып, қатар шыңдап, ойынның үйлесім табуына күш салынатынын да атап өтті.
03 сәуір 2026 ж. 44 0