Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа ғасырдағы алтын медаль

Жаңа ғасырдағы алтын медаль

Соңғы аптада Айдос Сұлтанғали есімді Сырдың баласы әлем халқының назарына ілікті. Ол – Хорватия астанасы Загреб қаласында грек-рим күресінен өткен ересектер арасындағы Әлем чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде боз кілемде тартысты белдесу өткізіп, жеңімпаз атанды. Алтыннан алқа тағынған жерлесіміз ел тарихында грек-рим күресінен 26 жылдан кейін мемлекет мерейін асқақтатты.

Даңқы көкке өрлеген спортшыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жеңісін тарихи жетістікке балады.
«Айдос Сұлтанғалиды Әлем чемпио­натындағы жарқын жеңісімен құт­тық­таймын! Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуан­дары­мыздың жеңісті жолды жалғас­тыра беруі­не тілектеспін!» деп жазды Президент «Instag­ram» парақшасында.

Ұлттық құрама сапына енген жерлесіміздің жарыс жолындағы табандылығы ерекше. Ең алдымен, спортшы алғашқы белдесуде америкалық балуанды ойсырата ұтса, екінші кездесуде кореялық қарсыласын айқын ба­сымдықпен тізе бүктірді. Жартылай финал бәсекесі толқынысқа толы болды. Грузиялық балуанмен күш сынасқан Айдос Сұлтанғали жеңісті қарсыласынан жұлып алды. Ал финалда өзбек балуаны Алишер Ганиевтен 9:0 есебімен басым түсті.

Жалпы күрес түрлерінен әлемдік бәсе­кеде бақ сынайтын спортшыларға тағы­лар мін көп. Көбіне ел спортшылары жүлдеге қолсозым жерден аяқтайды. Әрине, күреспен айналысатын әлем спортшылары жыл сайын қарқынына қарқын қосып келеді. Бұған дейін Айдос Сұлтанғали екі мәрте әлем чемпионатының қоласын жеңді. Бұл жолы – алтын! Бірнеше жылғы еңбектің нәтижесі көрініп, алтынның сыңғыры естілді.

Б.ОРДАБЕКОВ


23 қыркүйек 2025 ж. 86 0