Тоғызқұмалақ – спорт, өнер, ғылым

Ұлттық ойынды оқушылар арасында кеңінен насихаттау, дамыту мақсатында Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінде 2-4 сынып оқушыларының арасында тоғызқұмалақтан жекелей аудандық турнир өтті. Турнирдің алғашқы сөзі мектеп-лицей директоры Айнұр Әлиева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Сұлтан Жеңісбекұлына берілді. Мектеп-лицей директоры Айнұр Әлиева турнирдің ашылуымен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Денешынықтыру пәнінің мұғалімі, тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Жасұлан Бахторазовтың ұйымдастыруымен өткен турнирде қыздар мен ұлдар швейцар жүйесінде жекелей рапид түрінен бақ сынады.
– Тоғызқұмалақ ойынының мәні – адамға үйлесімді тәрбие беру, кез келген жанның ақыл-ойын шыңдау, ми қызметін дамыту және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру. Бұл ойын жетілген спорт түрлерінің бірі ретінде адамзатты жаңа шыңдарға жетелейтін ойы кең, рухы биік, саналы тұлғаларды тәрбиелеудің қуатты құралы бола алады. Осындай турнирді ұйымдастырудағы басты мақсат – оқушылардың спорттық шеберлігі мен зияткерлік қабілетін қалыптастыру, жарыс жолында шыңдалуға, бір-бірімен тәжірибе алмасуға атсалысу, – дейді тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Жасұлан Бахторазов.
Тартысты додаға ұлттық дәрежедегі төреші Мұхтар Ақылбекұлы төрешілік жасады. Турнир қорытындысы бойынша бағы мен бабы оза шапқан жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудандық білім бөлімінің дипломымен, медалімен және демеушілердің арнайы дайындаған сыйлығымен марапатталды.
Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ