Жеңіске жеткен жасөспірімдер

Тоғызқұмалақтан 9-11 жас спортшылар арасында жүзеге асқан № 20 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігіне балғын ұлттық шеберлерін №11 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі жаттықтырушысы Мұхтар Әбжапбаров бастап барды. Облыстық бәсекеде спортшылар тоғызқұмалақтың классика және блиц түрінен бақ сынады.
– Кез келген ата-ана баласы үшін тақым қысатыны жасырын емес. Менің ұлым Қайсар Әлібек осы жарыста жеңіс тұғырынан көрінді. Аз ғана уақыттың ішінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпазы Бексұлтан Бостандықов жаттықтырып, жеңіс жолында жігерлендіріп келеді. Шын мәнінде, зияткерлік ойынның балаларға берері мол. Әркез ата-ана ретінде перзентімізге қолдау көрсетеміз. Оның алғырлыққа жетелейтін спорт түрінен орасан зор жетістікке қол жеткізетініне сенеміз, – деді Мейіржан Әлібекұлы.
Ашық біріншіліктің нәтижесінде, Қайсар Әлібек классикадан ІІІ орын, блицтен І орын, Сабира Ермағанбет екі санат бойынша ІІІ орын, Әлинұр Нұрханұлы блицтен ІІІ орын, Ержігіт Ұзақбаев классикадан ІІІ орын, блицтен ІІ орын, Жанболат Серікбаев блицтен ІІІ орын, Альфия Бабабек классикадан І орын, блицтен ІІ орын, Саида Бақтиярова классикадан ІІІ орын иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі мен №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің оқушылары екенін айта кетейік.
Балтабай ОРДАБЕКОВ