19 қазан – құтқарушылар күні
Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сондықтан біздің жас құтқарушыларымыздың денсаулығы мықты, шымыр болуы маңызды. Спорттық ойындар денсаулықты шыңдайды.
Осы орайда 19 қазан – Құтқарушылар күні мерекесіне орай №126 мектепте 7-9 сынып оқушылары арасында баскетбол сайысы өткізілді.
Төтенше жағдайлар саласының кәсіби мерекесіне арналған спорттық жарыстың ашылу салтанатына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Салтанат Джалмухамбетова қатысты. Мектеп директоры Бақытжан Бақбергенова Құтқарушылар күні мерекесімен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Баскетбол ойынына Қазақстан Республикасы Президенттік көпсайыстың бірнеше мәрте чемпионы Мұрат Бөдеев төрелік жасады.
Қорытынды бойынша І орынды 8-сынып оқушыларынан құралған команда жеңіп алды. ІІ орынды 9-сынып, ІІІ орынды 7-сынып оқушылары жеңіп алды. Сондай-ақ 9-сынып оқушысы Темірлан Сейтасанов «Үздік ұйымдастырушы», 7-сынып оқушысы Нұрсұлтан Амандықұлы «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталды. Тәрбиелік мәні зор іс-шара «Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау» мақсатындағы Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық білім бөлімінің бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес өткізілді.
Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімі