Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Волейболдан бақ сынасты

Волейболдан бақ сынасты

№210 О.Әбілпаттаев атындағы мектепте аудандық жарыс өтті. 1-аймақ мектептерінің 5-6 сынып оқушылары волейболдан бақ сынап, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуді мақсат еткен сайысты мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Р.Палмахов пен Е.Мақсұтұлы ұйымдастырды. Сайысты мектеп директоры С.Сақтапова ашып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

– Дені саудың – жаны сау. Бүгін біз тартысты ойынның куәсі боламыз деп ойлаймыз. Аудан орталығына жақын орналасқан ауылдық округтер мен аудан орталығындағы мектептерден бес команда жасақталып, келіп отыр. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Света Мұхтарқызы.

– «Волейбол» сөзі «қалқып ұру» деген мағынаны білдіреді. Ойын қозғалысы аса пайдалы табиғи қозғалыс пен дене мүшелерінің қимылынан тұрады. Балалардың қызығушылығына орай спорттың осы түрінен аудандық көлемде байқау ұйымдастырдық. Қатысушылар жоғары дайындықпен келіп, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Жарысты ұйымдастыру барысында қауіпсіздік шаралары басты назарға алынды. Сайыс болған соң бір топ алға шықса, екінші топ кейінгі орынға табан тіреді, – дейді балғындарды спортқа шыңдап жүрген ұстаз Р.Палмахов.

Ойын нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды №36 мектеп-лицей командасы жеңіп алды. Екінші орын №210 мектеп намысын қорғаған жас спортшыларға бұйырды. Ал үшінші орынды А.Тоқмағамбетов ауылдық округінің №135 мектебі оқушыларынан жасақталған команда жеңіп алды. Сайыс жеңімпаздары арнайы жүлделермен марапатталды. Сонымен қатар, «Үздік ойыншы» номинациямен және жетекшілер «Алғыс хатпен» марапатталды. Оның ішінде №36 мектеп-лицей оқушысы Мадияр Бағдат «Үздік шабуылшы», №210 мектеп оқушысы Аяулым Құрманғазина «Үздік либеро», №35 мектеп-лицей оқушысы Айымжан Ерлан «Үздік байланыстырушы» аталымына ие болды.

«ТТ» ақпарат
11 қараша 2023 ж. 245 0