Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадыраев пен Назым Қызайбайға 3 бөлмелі пәтер берілді
Алматы облысының әкімі Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы облысында Париж Олимпиадасынан оралған спортшыларға құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жеке құттықтап, облыс кәсіпкерлері атынан бағалы сыйлықтар табыс етті.
"ELIT STROY Group" құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Бекзат Сармонов пен "Каз Строй Монолит" компаниясының коммерциялық директоры Әлімжан Сәрсенбаев, "КаzSМU" компаниясы демеушілік етті.
Олимпиадаға қатысушыларға жалпы 24 миллион теңге мен 4 пәтер берілді.
Облыс басшысы Алматы облысының кәсіпкерлері атынан Олимпиаданың күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа 10 миллион теңгенің сертификаты мен 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Қола жүлдегер Назым Қызайбайға да 3 бөлмелі пәтердің кілті мен 2 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.
Спортшылардың жаттықтырушылары Жұмақан Тұрғанбеков пен Боранбек Қоңыратов өңірлік кәсіпкерлерден 2 миллион теңгенің сертификаты мен екі бөлмелі пәтердің кілтін алды.
Сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Париждегі Олимпиада ойындарына қатысушыларға кәсіпкерлер атынан 2 миллион теңгенің сертификаттарын табыс етті:
Эдуард Ещенко (стенд ату), Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері, Азия ойындары мен әлем кубогының жеңімпазы;
Әсем Орынбай (стенд ату), Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері, Азия ойындары мен әлем кубогының жеңімпазы;
Мария Дмитриенко (стенд ату), Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері, Қазақстан Республикасының және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы, әлемнің, Азия кубогының және Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері;
Никита Чирюкин (ату), Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері, Қазақстан Республикасының және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы, әлем және Азия чемпионы, Әлем кубогы мен Азия ойындарының қола жүлдегері.