Ауыл мұғалімінің айтулы жетістігі

Бұл жолы ауданымыздың белгілі ұстазы, №126 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Гүлмайра Құлтайқызы республика бойынша «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі – 2023» аталымын жеңіп алыпты. Осыған орай аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков ұстазды қабылдап, құрмет көрсетті. Қабылдауға №126 орта мектебінің директоры Б.Бақбергенова да арнайы қатысты.
– Гүлмайра Құлтайқызы – 22 жыл педагогикалық өтілі бар ұлағатты ұстаз. Педагог-зерттеуші өз мамандығының нағыз шебері. Өз біліктілігін арттыруда ізденімпаз, тынбайтын еңбекқор жан. Атап айтар болсақ, Ақтау қаласында өткен Президенттік көпсайыстан І орын алып, ҚР-ның кубогын жеңіп алды. 2023 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында өткен жеңіл атлетика және суда жүзу спорт түрлері бойынша қалалық ашық біріншілікте І орын иеленді. «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі – 2023» аталымымен марапатталуы еңбегінің жемісі. Марапатыңыз құтты болсын, – деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде Г.Құлтайқызы құрмет көрсеткен бөлім басшысына шынайы ризашылығын білдірді.
«Тт» ақпарат