Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Спорт» сөзі қайдан шыққан?

«Спорт» сөзі қайдан шыққан?

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, елдер арасындағы қарым-қатынас пен байланыстың көрсеткіші, түрлі мемлекеттер достығын нығайтушы құрал. Сөзімізге дәлелді Ежелгі Грекиядан бастау алған Олимпиада ойындарының тұрақты түрде өткізілуімен келтірсек болады. Тіпті өткен заманда Олимпиада кезінде соғыстар тоқтатылып, қасиетті тыныштық орнайтын дәстүр болған.

Ал сіз «спорт» сөзінің қайдан шыққанын, түпкі мағынасының қан­дай екенін білесіз бе? Бұл сөздің арғы төркіні көне француз тілінен бастау алады. Қазақшалағанда «көңіл ашу» деген мағынаға саяды. Ағылшын тіліне «спорт» сөзі 1300 жылдары енсе, кейін басқа тілдерге таралып, ХІХ ғасырдың соңына қарай қазақ тілінде қолданыла бастаған екен. Басқа мағынада «ұтысу», «аулау», «шынығу» деген мағыналарды бере­тін «спорт» сөзі бүгінде өмірдің бір бөлшегіне айналған деуге негіз бар.

Қазақтарға спорт ҮІІ ғасырларда келе бастаған деген болжам бар. Сөзімізге дәлелді Араб халифатының Орта Азия елдеріне ислам дінін уағыздаумен қатар, шахматты таратуынан аңғара аламыз. Көне заманнан садақ тартып, атқа мініп, бәйге мен күресте алдына жан салмаған халқымызда спорт кешеуілдеп дамыды деуге негіз жоқ. Ата-бабамыз әрдайым спорт түрлерін жетілдіріп, оны кейінгі ұрпаққа насихаттап отырған.

Спортпен айналысу адамның физикалық тұрғыда шымыр болуына ғана емес, ой-өрісінің дамуына да ықпал етеді. Бұл сөздің сонымен қатар «бекершілік» мағынасын үстейтін аудармасы да француз тілінде кездеседі. Ғалымдардың дәлелінше, спортпен айналысқан адамның көңілі көтеріңкі, өзін жеңіл сезінеді. Олимпиадалық қозғалыстың белсенді қайраткері Пьер де Кубертен «Спорт – түгел ғалам» деуі бекер емес.

«Тт» ақпарат
Фото: ашық дереккөзден
02 желтоқсан 2023 ж. 205 0