Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұқаралық спорттың бүгіні мен ертеңі

Бұқаралық спорттың бүгіні мен ертеңі

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, елдер арасындағы қарым-қатынас пен байланысты, мемлекет аралық достықты нығайтатын сала. Сөзімізге дәлелді Ежелгі Грекиядан бастау алған Олимпиада ойындарының тұрақты түрде өткізілуімен келтірсек болады. Тіпті өткен заманда Олимпиада кезінде соғыстар тоқтатылып, қасиетті тыныштық орнайтын, адамдардың назары тек спортқа ауатын дәстүр болған.

Спорт тек дене шынықтыру емес, сонымен қоса нағыз тәрбие құралы. Ата-ана баласын жас­тайынан түрлі спортқа бейімдеп өсірсе, баланың денсаулығы да зор болмақ әрі бос уақыты тиімді іспен шұғылдануға арна­латын болады. Спортпен шұғылданған адамның бойы да, ойы да сергек әрі икемді болатыны және бар. Ал ата-ана балаға спортпен шұғылдануды тек айтып қана қоймай, өз дағдысымен үлгі болуы ләзім. Себебі, көп жағдайда бала айтқанды емес, көргенді қайталайды. Спорт денсаулық кепілі ғана емес, ұзақ өмір сүрудің бірден-бір жолы болып табылады.Осы ретте аудан жасөспірімдерін саламатты өмірге үйретіп, насихаттап жүрген спорт саласының жетістіктері мен атқарылған жұмыстары туралы сөз етпекпіз.

– Аудан бойынша оқушылар және тұрғындарды қоса есептегенде 14702 спортшы бар. Яғни халық­тың 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысуда. Бұл дегеніміз 2022 жылмен салыстырғанда спортпен шұғылданушылар 4 пайызға көбейіп, 1576 адамға артқан дегенді білдіреді. Жастарымыз спортпен шұғылдануы үшін ең бірінші кезекте спорт нысандары да халыққа қолжетімді деңгейде болуы тиісті. Мәселен, қазіргі таңда ауданымызда  2 стадион, 5 спорт кешен, 30 спорт зал, 22 жапсарлас спорт зал, 1 тир, 74 жазықтық құрылғы жұмыс жасауда. Жалпы 134 дене шынықтыру және спорт нысаны халыққа, оның ішінде спортпен айналысамын деген жасөспірімдерге қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Аталған спорт нысандары тегін негізде қызмет көрсетеді. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында «Мансұр» спорт клубында балалар мен жасөспірімдерге арналған ақысыз түрде спорт секциялары жұмыс жасап келеді. Онда 5-15 жас аралығында балалар жаттығуда және былтырдан бастап каратэ, таеквондо, үстел теннисі спорт түрлерінен секциялар ашылды. Жастар жанына спортты серік ету арқылы дені сау ұрпақ қалыптастырып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға мүмкіндік мол, – дейді аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Әйгерім Мешітбаева.

Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Осы ретте аудан намысын ас­қақтатып, облыстық, республикалық, халық­аралық спорт са­йыстарында бәсі биік түсіп, асығы алшысынан келіп жүр­ген спортшыларымызбен мақ­танамыз. Аудан спортшылары ҚР чемпионатынан 21  медаль, Азия чемпионатынан 2 медаль, Әлем чемпионатынан 1 медальды қоржынға салған. Жыл басынан бері аудан тұрғындары мен жастарды саламатты өмір салтына насихаттау мақсатында барлығы 94 спорттық іс-шара өткізілген. Оған он екі мыңнан астам адам қатысқан. Соның ішінде, аудандық және аудандық ашық деңгейде 84 жарыс, облыстық және облыстық ашық деңгейде 7 жарыс, республикалық деңгейде 3 жарыс өткізілген. Бұл аудандағы спорт саласындағы тың сер­пілістер деп айтуға негіз бар.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, жас спорт­шылардың бағы мен бабын қатар келістіріп жүрген ұстаздар мен жаттықтырушылардың да еңбегі ерен. Аудандағы спорт саласын жандандырып, аудан намысын берік ету жолында қазіргі таңда нұсқаушылар мен жаттықтырушылар, пән мұғалімдері жұмыс жасауда. Одан бөлек, сала мамандарының еңбегі зор. Аудан бойынша 252 дене шынықтыру мұғалімі және оқытушы-жаттықтырушы бар. Жалпы білім беретін мек­тептерде 136 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі еңбек етуде. Спорт бойынша жаттықтырушы-оқы­тушылар саны 65 болса, оның екеуі облыстық аға жаттықтырушы, екеуі Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, екеуі спорт шебері және екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері бар. Аудан жасөспірімдері спорттың ауыр атлетика, баскетбол, бокс, волейбол, гандбол, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика, көгалдағы хоккей, таеквондо, үстел теннисі, футбол, белбеу күресі, гір спорты, дойбы, қол күрес, кіші футбол, шахмат, асық ату, бес асық, көкпар, қазақ күресі, тоғыз құмалақ, грэпплинг, панкратион сияқты түрлерімен машықтана алады.

Көпшілікке белгілі, тамыз айының үшінші жексен­бісі – Спорт күні. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларды қолдауға басымдық беру керектігін айтып келеді. Әр облыста, ірі облыс орталықтарында спорт секцияларын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқа­ра­лық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл мереке өмірін спортпен байланыстырған спортшылар, жаттықтырушылар, балалар мен жасөспірімдер үшін ерекше. Осы орайда  сала мамандары мен спортшыларды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден
19 тамыз 2023 ж. 462 0