Күрделі жөндеуден өтеді
Жыл басынан бері биыл ауданда атқарылатын жұмыстарды ақпараттандырып келеміз. Бұған дейін аудан орталығындағы және ауылдардағы орташа жөндеуден өтетін бірқатар көшелерді атап өттік. Енді күрделі жөндеу жүргізілетін нысандарға тоқталсақ. Оның қатарында аудандық мәдениет және спорт бөліміне қарасты «Сырдария аудандық спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бар.
Спорттық ғимараттың салынғанына жарты ғасыр болған. Нақтысын айтқанда, 1976 жылы асар әдісімен салынған. Сол уақыттан бері ішінара жөндеу көрсе де қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген.
Алғашқыда аталған нысан білім ордасы болды. №36 орта мектеп базасы осында болып, мұнда қаншама шәкірт білім алды. Тереңөзек кентіне кіреберістен жаңа мектеп салынғаннан кейін аудандық білім бөлімінің теңгеріміндегі ғимараттың бір бөлігі спорт клубына берілді. Яғни, 2011 жылдан бері осында жасөспірімдер түрлі спорттық үйірмелерге қатысып, шынығып келеді.
Нысан қазір күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұған қатысты спорт клубы қызметкерлері тарапынан жыл сайын жөндеу жүргізу керектігі айтылып та жүр.
– Аудандық спорт клубында 13 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олар аудан бойынша 800-ден аса жасөспірімді спортқа баулуда. Бізде ауыр атлетика, жеңіл атлетика, ережесіз жекпе-жек, қол күрес, гір көтеру, тоғызқұмалақ, волейбол секілді спорт түрлерінен жасөспірімдер жаттығып, түрлі жарыстарға қатысуда. Тиісінше, жеңіске жетіп жүрген тәрбиеленушілеріміз жетерлік. Міне, осындай жасөспірімдердің спортпен емін-еркін айналысуына ескірген ғимаратты жаңғырту керек-ақ, – дейді аудандық спорт клубының директоры Бауыржан Ахметов.
Үш қабатты ғимаратта спорт және тренажер залдары бар. Мамандар отыратын бөлмелер де қарастырылған. Десе де кабинеттер жетіспеушілігі бар екенін айта кеткен жөн. Міне, осыған байланысты спорттық нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуі тиіс. Бұл биыл іске асырылмақ.
Аудандық спорт клубын күрделі жөндеу биылғы жоспарға енген. Тіпті жоба-сметасы дайындалып, сараптамадан өткізіліп, тиісті қаражат бөлініп қойған. Енді конкурс негізінде мердігер компания анықталса, құрылыс қарқын алмақ. Күрделі жөндеу жұмыстары сапалы жүргізіліп, спорттық нысан жаңарса, оның ішінде спортпен шұғылданушыларға ерекше серпін болмақ. Тиісінше, спорттық құрал-жабдықтар да жаңартылатын болса, аудан намысын, ел мерейін үстем ететін спортшылар шығатыны анық.
Е.БЕРКІНБАЕВ