Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа нысан – жақсы нышан

Жаңа нысан – жақсы нышан

Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында «Анаға тағзым» орталығы мен «Неке сарайы» ел игілігіне табысталды. Облыс әкімі Н.Нәлібаев қызылордалықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мереке күндері қаламызға сән берген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар тарту етілгенін атап өтті.

Бұрын отбасылық өмірдегі ал­ғаш­қы құжа­­тын мейрамханалар мен таби­ғат аясында рәсімдеген жұбай­лар енді бұл маңызды іс-ша­раны сәні мен салтана­ты жарасқан Неке сарайында өткізеді. Аймақтың 85 жылдық мерейтойы мен Қала күні аясында есігін айқара ашқан жа­ңа ғимарат жас жұбайлардың ма­­­­­­ң­ызды қадам жасайтын орны болмақ.

– Бұл орталықты іс­ке қосудың әлеу­меттік маңызы өте зор. Сыр өңірінде мерейлі отбасылар саны артып келеді. Биыл «Отбасы күні» қар­саңын­да Астана төрінде өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында жерлесіміз, ғасыр жасаған қазалы­лық майдангер, қа­зы­налы қарт Қабақ Смағұловтың әу­леті лау­реат атанды. Отбасы құн­ды­лық­тарын берік ұстаған өнегелі әу­леттер – біздің мақтанышымыз. Не­ке са­райы ғимаратын аша отырып, бұл дәс­­түр­ді дәріптейтін боламыз. Ор­талықта қалыптасқан қағидаға сәй­­кес «қазақы қарашаңырақ» идеологиясы дәріптеліп, рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жа­са­лады, – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы Неке сарайы ғимаратын сапалы салып, мер­зімінде тапсырған «Авангард» ЖШС басшысы Расул Искаковқа Қызыл­орда облысының Құрмет грамотасын, ком­пания қызметкерлеріне алғыс табыстады. Мұнан бөлек Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы аллеяны салған «Техоснастка» мекемесі мен облыс көлемінде ауқымды жол құ­рылыстарымен айналысып келе жат­қан «УАД» компаниясының басшылары мен қызметкерлері де марапат төрінен көрінді.

Отбасылық өмірге жаңа қадам басқан жас жұбайлар лебізін білдіріп, еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов жерлестерін құттықтады. Ал «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты, ғасыр жасаған абыз ақсақал Қабақ Смағұлов ақ батасын берді.

Айта кетейік, жаңа нысанда неке қию рәсімделіп қана қоймай, жастардың жұбайлық өмірге бейім­делуіне, денсаулығын сақтауына, жұ­мыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрді сіңіруіне жәрдем көрсетіледі. Мұнда «Жас­тар денсаулығы», «Анаға тағ­зым», «Отбасы» бан­кі, «Бақытты отбасы» жұ­мыспен қам­ту орталығы келушілерге қыз­мет көрсетеді.

Қызылорда облысының 85 жылды­ғы аясында «Анаға тағзым» орталығы да ел игілігіне табысталды. Рәсімде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлесте­­рін құттықтады.

– Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты қағидасы бүгінде мәнін жоғалтқан жоқ. Кезінде Социалистік Еңбек Ері атанған 12 ақ жаулықты ана шыққан біздің киелі өңірде қажыр­лы еңбегімен ел ықыласына бөле­ніп жүрген олардың ізбасарлары да жетерлік. Алдағы уақытта осы ғимарат­та өткенге құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталады, – деді аймақ басшысы.

Аналарымыздың құрметіне бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы аймақ жұртшылығына атымтай жомарт­тығымен танымал, бел­гілі кәсіпкер Дүйсенбаев Марат Базар­байұлының 1,7 млрд теңге демеу­шілігімен салынды. Өңір басшысы меце­натқа Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтып, Қызылорда облысының Құр­мет грамотасын табыс­тады. Ғимарат құрылысын жүр­гізген компания қызметкерлері де ал­ғысқа бөленді.

Еңбек ардагерлері Дайрабай Ысқақов, Алма Бақтиярова, Әзия Қыстаубаева жерлестерін жаңа орталық­тың ашылуымен құттықтап, Т.Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат бата берді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағда­ры» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы өркендету­ге және халық­ты жұмыспен қамтуға ық­пал ететін тағы бір бағыт – креативті индустрияны жан-жақты дамытуды жүк­теді. Президент тапсырмасына сәйкес «Анаға тағзым» орталығы ғима­ра­тынан «Әйелдердің креативті индус­­­трия орталығы» жұмысын бастай­­ды. Қолынан іс келетін, жа­ңа­­ша ұлттық бренд­терді ойлап тауып, экспорт дамуы­­на үлес қоса­тын жерлестерімізді бір жерге шоғырландырып, жаңа жұмыс орындары­ның ашылуына да жағ­дай жасал­мақ. Мұнан бөлек ғимарат­та «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыз­дар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы құрылды.

«Тт» ақпарат
03 қазан 2023 ж. 269 0