Сырдариялықтар – жеңіс тұғырында
Жақында Шымкент қаласында индор хоккейден 2006-2009 жылы туған және кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ашық чемпионат өтті. Чемпионатқа біздің ауданнан үш команда қатысып, үшеуі де жүлделі орындарға ие болды.
Жарыс Шымкент қаласының Бозарық ауылында 4-8 ақпан аралығында өткен. Спорттық сайысқа Тараз, Қаратау, Шымкент, Қызылорда қалаларынан командалар қатысқан. Жасөспірімдердің спортқа деген сүйіспеншілігін арттырып, саламатты өмір салтына баулитын байқау екі айналымнан тұрған.
Сырдария ауданынан сайысқа екі ұлдар командасы мен бір қыздар командасы қатысқан. Ер балалардан құралған топтар екінші және үшінші орындарды қанжығаға байлап, олжалы оралды. Ал қыздар командасы бірінші орынды жеңіп алды. Жасөспірімдерді сайысқа дайындап, шыңдаған жаттықтырушылары Жалғас Хусаинов, Шынар Ақназарова, Нұрсұлтан Бисембаевтар екенін айта кеткеніміз жөн.
Командалық спорттың бұл түрі ойыншылардан шапшаңдықпен қоса ептілікті де талап етеді. Индор хоккей – хоккей ойынының бір түрі. Мұндағы ерекшелік ойын жабық спорт алаңында өтеді.
– Ашық чемпионатта қыздар командасы Қаратау қаласының командасымен финалдық бәсекеге шығып, жүлделі бірінші орынға ие болды. 2020 жылдан бастап жасөспірімдерді спортқа баулып келемін. Қазіргі таңда үш тобым, онда елу оқушым бар. Аталған ашық чемпионатқа арнайы іріктеу өткізіп, елудің ішінен он бес оқушыны таңдап алдық. Спортшылар үмітті ақтады. Ендігі мақсат – наурыз айында өтетін ҚР чемпионатында жеңіске жету, – дейді қыздар тобының жаттықтырушысы Ш.Ақназарова.
Сайыс көркін қыздырып, аудан намысын асқақтатқан споршыларымызды жеңісімен құттықтап, сәттілік тілейміз.
«ТТ» ақпарат