Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Киелі шаһардан жүлделі оралды

Киелі шаһардан жүлделі оралды

Кеше Түркістан облысында «Балалар жылы» аясында таеквондодан ашық біріншілік өткізілген болатын. Аталған жарысқа сырдариялық спортшылар бақ сынады. Киелі шаһарға барған арнайы Нағи Ілиясов ауылының балғындары кіл мықтылармен шеберлік байқасты.

Негізінен, «Таеквондо» спорт үйірмесіне тұрақты түрде қатысып келе жатқан спортшыларға артылар үміт зор. Жақында Қызылорда қаласында топ жарған спортшылар жеңісті жолды жалғастырды. Анығын айтқанда облыстық ашық біріншілікте өз салмақ дәрежесі бойынша І орынды Әділет Марат пен Рашид Марат иеленді. Сонымен бірге ІІ орынды Нұрсұлтан Наршаев, ІІІ орынды Ерсұлтан Наршаев иемденді. Спортшылардың жаттықтырушысы – Рүстем Мұхамбетқали. Бұл ретте, білікті бапкердің еңбегі зор. Қашанда спортшыларына қатаң тәртіп пен жоғары талап қоятын кәсіби маман шын мықтыға тұсау жоқтығын айқындай түсті.

– Спортшылар үнемі дайындық үстінде жүреді. Таеквондоның қыр-сырына қаныққан шәкірттеріме сенемін. Жарыс жолына шыққанда қарсыластың әлеуетін бағамдай білген дұрыс. Қазіргі уақытта тек шыныққан, еңбек еткен спортшы жетістікке жетеді. Біз әрбір жарыстан кейін спортшылардың жіберген қателегімен жұмыс жасаймыз. Сонда ғана келесі жарыста қарсыластан мықтылық танытуға болады, – деді Рүстем Мұхамбетқали.

Өз кезегінде облыстық біріншілікте жүлделі орын алған спортшыларға арнайы «Диплом», медаль, бағалы сыйлық тапсырылды.
07 желтоқсан 2022 ж. 462 0