Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оза шапқан бәйге алар

Оза шапқан бәйге алар

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Мемлекет тарапынан спорт пен спорт саңлақтарына ерекше көңіл қойылып келеді. Соның нәтижесінде спортшыларымыз әлемдік ареналарда еліміздің Көк Туын желбіретіп, Әнұранымызды әлем елдерінде асқақтай шырқап келеді.

Нағыз споршылар аудан мен шағын ауылдардан көптеп шығуда. Мәселе – баланың қабілеті мен бапкердің ептілігінде. Осы ретте біздің ауданымызда да спорт саласының дамуына тиісті жағдайлар жасалып келеді. Балалардың түрлі спорт саласында емін-еркін жаттығуына, олардың түрлі көлемдегі байқауларға қатысуына қолдау да жасалып отыр. Есесіне, спортшыларымыз да үміт пен сенімді ақтап, бәйгеде оза шауып, алдыңғы шептен көрініп жүр.
Тамыз айының алғашқы ширегінде Қостанай қаласында грэпплинг күресінен балалар және жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты болып өтті. Чемпионатқа аудан спортшылары белсенді қатысып, тәлімгерлер мен Сыр елінің үмітін ақтап қайтты. Атап айтар болсақ, аталған республикалық бәйгеде Абумансұр Шахмар 2-орынды жеңіп алса, Нұркелді Нұрғазы, Асылжан Абетов, Елжан Ғалымжанұлы, Нұржан Ертілеуов өз салмақ дәрежелерінде 3-орынды жеңіп алды.

– Балалардың спортқа деген қызығушылығы ерекше. Олар күнделікті жаттығуды жібермей, чемпионатқа асқан ынтамен дайындалған болатын. Нәтижесінде спортшылардың қанжығалары майланып, ауданға үлкен жеңіспен оралдық. Қолдау көрсеткен, тілеулес болған баршаға алғыс білдіргіміз келеді, – дейді аудандағы жекпе-жек, панкратионнан аға жаттықтырушы Иса Әкімжанов.

Сонымен қоса, күні кеше Қызылорда қаласында балалар және жасөспірімдер арасындағы панкратионнан өткен облыстық біріншілікте И.Әкімжанов пен Д.Жүсіпбаевтың жетекшілігімен бірнеше спортшы жеңіс төрінен көрінді. Атап айтар болсақ, Ерасыл Мұратов 54 келі салмақта 1-орынға табан тіреген. Мадияр Болатов осы салмақ дәрежесінде 2-орынға жайғасқан. Ал Аян Іскендіров 30 келі салмақта 1-орынды жеңіп алса, Нұркелді Нұрғазы 42 келі салмақта 1-орынды иеленген. Мадияр Нұрғазы 56 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды, Елжан Ғалымжанұлы 38 келі салмақ дәрежесінде 3-орынды, Нұрбек Сағатбай 34 келі дәрежесінде 3-орынды, Нұрдәулет Сәбитов 34 келі салмақта 3-орынды, Нұрдәулет Ерғабылов 50 келі салмақ дәрежесінде 2-орынды жеңіп алған.

Бұл спортшыларымыздың ғана емес, ауданымыздың жеңісі десек болады. Спорттың адам өміріндегі алар орны ерекше екені сөзсіз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, жігерлі болады. Ал ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы әрі болашақ кепілі.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
23 тамыз 2022 ж. 496 0