Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялықтардың серпіні бөлек

Сырдариялықтардың серпіні бөлек

Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрі. Сондықтан да осы спорт түрімен айналысушылардың қатары қалың. Жыл сайын аймақта футболдан облыс біріншілігін өткізу үрдіске айналған. Соған орай, ауданда облыс чемпионатының II айналымы өтіп, командалар өзара кездесу өткізді.

Біріншіліктің ІІ айналымының ашылу сал­­­та­­на­тында аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев құттықтау сөз сөйлеп, аяқ­допшыларға сәттілік тіледі.

– Спорт – елдің мерейін асырып, абыро­йын тасытатын сала. Саламатты өмір салтын қалыптастыруда, денсаулықты нығайтуда спорт­тың алатын орны ерекше. Соның ішінде футбол – кең таралған, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген спорт түрі. Ала доп­тың сиқыры соншалықты, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін құмар. Футбол – әсіресе жас жеткіншектерді бұқаралық сипатта спортқа баулудың бірден-бір құралы. Сырдария ауда­нының футболда жетістіктері де жыл санап артып, қарқынды дамып келеді. Ауданымыздың аяқдоп шеберлері облыстық, республикалық деңгейлерде өнер көрсетіп, абырой биігінен көрінуде. Барлық командаға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде әуесқой футбол лигасының директоры Еркен Жантуғанов облыста кәсіпқой аяқдопшылар қатары көбейіп келе жатқанын тілге тиек етіп, ойыншыларға жеңіс тіледі.

Жарысқа Қызылорда қаласы және 7 ау­данның құрамалары қатысып, өзара кездесулерде тартысты ойын өрнегін көрсетті. Екінші айналымда барлық команда 3 кездесу өткізді. Оның ішінде, сырдариялық аяқдопшылардың серпіні бөлек болды. Атап айтқанда, бірінші кездесуде аралдықтардан 2:1 есебімен басым түсті. Шиелі ауданының құрамасымен кездесуде де 2:1 есебі тіркеліп, аудан аяқдопшылары жеңісті жолды жалғады. Ал үшінші күні қар­мақшылықтарға қарсы ойнап, қарсылас қақ­пасына 4 гол тоғытты. Ойын нәтижесі 4:1 болып, сырдариялық футболшылар турнирдегі орнын біршама жақсартып алды. Үш күндегі үш жеңіс жанкүйерлерді де бір серпілтіп тастады. Енді алда тағы да келесі айналымдардың ойындары өтеді. Сол кезеңдерде де аудан аяқ­допшылары жеңіске жететініне сенімдіміз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
10 қыркүйек 2022 ж. 339 0